Павлодар облысында жергілікті бюджеттен берілген білім гранттары бөлінді
Биыл облыс әкімінің қолдауымен өңірімізде алғаш рет жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орындарына 200 грант бөлінген болатын. Аталған оқу гранттарына арналған конкурс 5-10 тамыз аралығында жүргізіліп, педагогикалық, техникалық және медицина салалары бойынша білім алушы талапкерлерге үлестірілді.
Облыс әкімі гранттарын бөлу кеңесіне аймақ басшысы Болат Бақауов қатысты. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, аталмыш гранттардың 65-і педагогикалық мамандықтарға, 35-і техникалық мамандықтарға және 100 грант медицина саласы бойынша білім алушыларға бағытталды. Талапкерлердің өтініштерін қабылдау рәсімі Павлодардағы жоғары оқу орындарының қабылдау бөлімдерінде жүргізілді.
— Конкурс кезінде білім беру гранттарын бөлудің барлық талаптары сақталды. Конкурсқа қатысу үшін тестілеу нәтижелері: «Жалпы медицина» мамандығы бойынша – кемінде 65 балл, «Білім беру», “Техникалық ғылымдар және технологиялар“ мамандықтарының топтары бойынша – кемінде 50 балл, оның ішінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және оқыту тілі бойынша әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл болу керек деген талап қойылды. Өкінішке қарай, математика-физика, математика-информатика, физика-информатика сынды педагогикалық мамандықтар бойынша және металлургия, жылу мен электроэнергетика, автоматтандыру және басқару сынды техникалық мамандықтар бойынша өтініштер өте аз түсті, — деді басқарма басшысы.
Техникалық мамандықтар бойынша бөлінген 26 грант және педагогикалық мамандықтар бойынша бөлінген 27 грант игерілмей қалыпты. Себебі, педагогикалық мамандықтарды, соның ішінде физика, математика, информатика сынды пәндерді таңдаушылардың саны аз болған. Міне, соның салдарынан өтініштер де аз түсіпті. Ал, техникалық мамандықтарды таңдаған балалардың көбі республикалық білім гранттарын иеленген. Сондықтан, игерілмей қалған 55 грантты өзге мамандықтарға қайта бөлу мәселесі көтерілді. Облыс әкімдігінде болған комиссия отырысына қатысқандар ұсынысты бірауыздан қолдады.
— Жергілікті білім гранттарының конкурсына барлығы 284 өтініш келіп түскен. Оның 211-і мемлекеттік тілде оқыту бөлімінде. Сондай-ақ, екі талапкер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған квотаға жазыпты. Барлық өтініштердің 201-і – Павлодар облысының мектептерінің түлектері. Өзгесі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Ақмола, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан түсті. Әкім грантына үміткерлердің ішінде 245 адам мектепті биыл бітірсе, 39-ы өткен жылғы түлектер, — деп атап өтті Дінислам Болатханұлы.
Тілеуберді САХАБА