Павлодар облысында құрбандық шалу рәсімі қалай жүргізіледі?
Барша мұсылман қауымы үшін ең ұлық діни рәсімдердің бірі Құрбан айт мерекесіне санаулы күндер қалды. Биыл Құрбан айт тамыз айының 21-де басталып, 23-де аяқталады. Осы ретте Павлодарда құрбандық шалу рәсімі қалай жүргізіледі және облыс орталығында қандай іс-шаралар болады? Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Асхат Өтеповтен сұрап білген едік.
— Асхат Қажымұратұлы, бірнеше күннен кейін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Жылына бір келетін діни мерекеде Алланың разылығын алу үшін қалай қарсы алып, неге көп көңіл бөлген жөн?
— Иә, биылғы Құрбан айт мерекесінің басталуы біздің жыл санауымыз бойынша, 21 тамызға және мұсылман күнтізбесі бойынша зулхиджа айының 10-на сәйкес келеді. Ал содан бір күн бұрын, яғни зулхиджаның 9-да Арафа күні болады. Яғни, Меккеге қажылық парыздарын өтеуге барған мұсылмандар Арафа тауына шығып, дұға жасайды. Ал Қажылыққа бара алмаған адамдар дәл сол Арафа күні ораза ұстап, өз үйінде отырып дұға жасауға болады. Бұл туралы Алланың Елшісінің хадисінде: «Кімде кім Арафа күні ораза ұстаса, екі жылғы күнәсі кешіріледі» дейді. Сондықтан, осы күнді бос өткізіп алмай, амал етуіміз керек. Сонымен қатар, осы күндері мүмкіндігінше таза киініп, үстімізге әдемі хош иістер сеуіп жүрген жақсы. Жалпы, бұл татулықтың, береке-бірліктің мерекесі болғандықтан көшеде жолыққан адамдардың барлығын жылы жүзбен қарсы алып, сәлемдесу – сүннет. Бұл күндері құрбандық шалмасаңыз да жақын туыстарды шаңырағыңызға шақырып, немесе олардың үйіне айтшылап барып хал-жағдайларын білудің өзі үлкен сауап.
— Мерекеге орай Павлодар қаласының тұрғындары үшін қандай іс-шаралар жоспарлануда?
— Құрбан айт намазы Павлодар облысы бойынша таңғы сағат 07.00-де оқылады. Намаздан кейін құрбандық шалу рәсімін бастаймыз. Павлодар қаласының тұрғындары үшін облыс орталығындағы «Құлагер» ипподромы құрбандық малын союға дайындалуда. Бұл біздің жылдағы дәстүріміз. Мұнда арнайы қасапшылар жұмыс істейді. Олар шалатын қойыңызды сойып, етін бұзып береді. Сонымен қатар, өңіріміздегі жалғыз діни оқу орын – «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің шәкірттері қызмет көрсетеді. Олар Құран оқып, дұға бағыштау рәсімін жасайды.
— Бұған дейін Рамазан және Құрбан айт мерекелерінде мешіт аулаларына қазақтың ақ шаңқан киіз үйлері құрылып, түрлі жарыстар ұйымдастырылатын еді. Биыл қала тұрғындарын қандай қызықты шаралар күтуде?
— Биылғы Құрбан айт мерекесіне арналған мәдени-спорттық ойын-сауық шарасы қалалық саябақтың ішінде болады. Мерекелік шара Құрбан айттың бірінші күні сағат 14.00-де басталып, 18.00-ге дейін жалғасады. Бұл күні балалар арасында қазақ күресі, қол күрестіру, арқан тартысу секілді спорттық сайыстары ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, олардың діни білімдерін шыңдау мақсатында түрлі сұрақтар қойылып, Құран және хадис жарыстары болады. Жеңімпаз болған балаларға бағалы сыйлықтар таратылады. Бұл – кішкентай бүлдіршіндерді асыл дінімізге тартудың ең тиімді жолы. Себебі, осы тойды көрген бала келесі мерекені асыға күтетін болады. Ал, діни білім сайыстарына қатыса алмаған балалар келесі мерекеге дейін дайындалады, яғни Құранға және хадиске деген қызығушылықтары оянады. Сонымен қатар, Алланың үйі – мешіттерге деген көзқарастары дұрысталады. Жалпы, балаға жастайынан діни білім беріп, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір-тарихын үйретудің маңызы зор. Мұндай балалар кейін қандай бір жат ағымдардың жетегіне еріп кетуге жол бермейді. Өйткені, оның ой-санасы дәстүрлі діни тәрбиемен толыққан. Сондай-ақ, мерекеге жинылған жұртшылық үшін 20 қазандай палау пісіріледі. Ал, қалалық және аудандық мешіттер өз өңірлері бойынша мұқтаж жандарға құрбандықтың етін тарату секілді қайырымдылық шараларын қолға алады.
-Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет. Қолға алған істеріңізге Алла берекет берсін!
Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.