Павлодарда Telegram-бот арқылы мекенжай жөніндегі анықтаманы үш минуттың ішінде алуға болады
Павлодарда мекенжай жөніндегі анықтаманы Telegram-бот арқылы үш минуттың ішінде алуға болады. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша филиалы директордың орынбасары Салтанат Ауыпбаева мәлім етті.
— Биыл еңгізілген жаңашылдықтың бірі ол Telegram-боттың іске қосылуы, — деді Салтанат Ауыпбаева. – Ол арқылы мекенжай жөніндегі анықтама, жеке тұлғаланың өзге заңды тұлғаларда қатысу жөніндегі анықтама, сотталмағаны туралы және жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтамаларды үш минуттың ішінде алуға болады.
Бұған қоса, жылжымайтын мүлікке құқықтардың тіркелуі туралы анықтаманы алу, әлеуметтік мәртебені тексеру, базалық зейнетақының көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігер қабылдауына жазылу және дәрігерді үйге шақыру сынды қызметтерге онлайн түрінде қол жеткізуге болады.
— Бұл азаматтардың уақытын үнемдеу үшін жасалап жатыр. Ол үшін ең алдымен «Мобильді азаматтар базасында» тіркелу қажет. Осылайша, азаматтың номері eGov.kz порталының жеке кабинетінде қалатын болады. Кейін, көрсетілген нұсқаулықтар бойынша жүріп, SMS-код арқылы қызметті алу үшін растайсыз. Керек болса, анықтаманы электронды поштаға да жіберуге болады. Спикердің айтуынша, бір күнде облыс аумағындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, мекенжай жөніндегі анықтаманы 160-ге жуық адам алады. Айта кету керек, енді орталыққа бармай, Telegram-бот арқылы анықтамаларды тұрған жеріңізде тапсырыс бере алу мүмкіндігі туды.
Әлихан Рахметоллаұлы