Павлодарлық оқушы Дубайда өткен ментальді арифметика сайысында Бас жүлдеге ие болды
Ақсу қаласы Алғабас ауылдық мектебінің оқушысы Әлиасқар Қуатов ментальді арифметикадан Дубайда өткен сайыстың жеңімпазы атанды. Әлиасқардың анасы Бақыт Қуатованың айтуынша, Union of Mental arithmetic Schools Association ұйымдастырған білім бәсекесіне қатысушылар 30 минутта 210 есепті шығару керек болған.
— Ұлым ментальді арифметикамен екі жылдан бері айналысып келеді, — деді Бақыт Қуатова. – Бұл салада 10 деңгей болады екен. Әлиасқар биыл 10-шы деңгейге жетті.
Әлиасқар ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, үздік атанды. Өзі ғылыми жаратылыстану бағытындағы математика мен физикаға қызығады. Болашағын ІТ технологиямен байланыстырады. Жас білімпаз осыған дейін Мысырда өткен жарыста бас жүлдеге қол жеткізсе, Түркияда бірінші тұғырдан көрінген.
Айта кету керек, Дубайдағы білім додасына жеті елден келген он бес жасқа дейінгі 150-ден астам жас математиктер қатысты.
Әлихан Рахметоллаұлы