Павлодар облысында «Ұлы дала рухы» ұлттық спорт бәсекесінің өңірлік кезеңі өтті
Ұлттық спорт түрлері бойынша Павлодар облысында өтіп жатқан «Ұлы дала рухы» фестивалінің іріктеу кезеңіне Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облысының командалары қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша елордамыз Астана қаласының 20-жылдығына арналған фестивальге 160 спортшы қатысып, асық ату, қазақ күресі, көкпар және тоғыз құмалақ ойындары бойынша сайысқа түсті.
Асық атудан шығыс қазақстандықтар алдына жан салмады, қарағандылықтар екінші, жерлестеріміз үшінші орыннан көрінді. Қазақ күресінен тағы да Шығыс Қазақстан облысының құрамасы мықты болды, қарағандылықтар екінші орынға, оңтүстік астананың күрескерлері үшінші орынға табан тіреді. Тоғыз құмалақ ойынында Павлодар облысының құрамасы жеңіске жетті, екінші орында — Қарағанды облысы, үшінші орында – Шығыс Қазақстан облысының командасы.
Көкпарда алматылықтар үздік болды. Шығыс Қазақстан облысының командасы – екінші орынға, ал, Павлодар облысының көкпаршылары үшінші орынға ие болды.
— Ұлттық спорт ойындарына деген қызығушылық күн сайын артып келеді. Бұл қуанарлық жағдай, — дейді ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары Нұркен Байбөриев. — Фестивальдің аудандық, қалалық, облыстық іріктеу кезеңдеріне қатысушылардың саны жеті мыңға жуық адамды құрады. Қазір өңірлерде ат спорты бөлімшелері, тоғыз құмалақ және асық ату үйірмелері ашылып жатыр. Жас ұрпақ ұлттық спортымызды дәріптеп, болашақ буын спортшыларымыз көбейеді деп ойлаймын.
Естеріңізге сала кетейік, «Ұлы дала рухы» фестивалі еліміздің төрт өңірінде өтіп жатыр. Фестивальдің ақтық кезеңі күз мезгілінде Астана қаласында өтеді.
Әлихан Рахметоллаұлы