«Ақынның нұрлы әлемі»
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, елімізге белгілі жазушы, драматург Ақын Алақанұлы мерейлі 75 жасқа толды. Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде жазушының туған күніне арналған «Ақынның нұрлы әлемі» атты оқырмандармен кездесу кеші болды.
Ақын ағаның әңгімелері мен өлеңдерінен төрт түлікті тіршілік нәрі еткен көшпенді қазақ өмірінің самалы еседі. Тарихи Отанынан жырақта туып, атажұртын аңсаған қалың қазақтың сағынышы сезіледі. Бұған «Қарасай мен Қызылсай», «Ауылың көшіп келеді», «Ала айғырдың ақыры» сынды прозалық жинақтарын оқысаңыз көзіңіз анық жетеді. Сонымен қатар, жазушының көп шығармаларынан атамекенге көш басын бұрып, Тәуелсіз Қазақ елінің табалдырығын аттаған қандастарымыздың қуанышы мен шаттығын да байқауға болады. Қаламгердің «Менің анам», «Елім-жерім», «Ана жүрегі», «Сүйіктім менің» атты әңгіме және повестер жинағы мен «Асулар» романы оқырман жүрегінен орын алған туындылар.
— Ақын Алақанұлының шығармалары Моңғолия жерін мекен еткен қандастардың өмір-тіршілігін көзге елестеді. Себебі, жазушының көп әңгімелері мен өлеңдерінде кер заманда шеттегі қазақтардың басынан өткен қилы тағдыры суреттелген. Қаламгер елге келгеннен кейін мемлекеттік қызметке араласып, көп жыл ауыл басқарды. Соның өзінде шығармашылықтан қол үзбей, бірнеше туындысын жарыққа шығарып үлгерді. Бүгінде ағамыздың өзі ғана емес, балалары мен келіндері де өңіріміздің мәдени-рухани дамуына атсалысып келеді, — деді Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, ақын Арман Қани.
Ақын Алақанұлы 1943 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туған. 1967 жылы Монғолияның мемлекеттік техникалық университетінің жылу инженері мамандығын бітірген. Еңбек жолын Баян-Өлгий аймақтық жылу-электр станциясында инженер, цех бастығы болып бастап, одан кейін аймақтық жастар комитетінің бірінші хатшысы, партия комитетінде бөлім меңгерушісі, қазақ музыкалық драма театрының директоры секілді жауапты қызметтер атқарған. 1992 жылы шілде айында Атажұртқа көш басын бұрып, Павлодар облысының Аққулы ауданына қоныстанды. Әр жылдары сол ауданға қарасты Қызылағаш ауылдық округінің әкімі және облыстық статистка басқармасында экономист қызметтерін атқарып жүріп, құрметті еңбек демалысына шықты.
Жазушы оқырмандармен кездесуі барысында өзінің әдебиетке алғаш қалай келгені туралы әңгімелеп, сауалдарға жауап берді.
— Біздің балалық шағымызда радио-телеарна деген түсімізге де кірмейтін. Сондықтан болар, біздің ең басты «серігіміз» газет пен журнал болатын. Қырдың халқы кешке төрт түлік малын қоралағаннан кейін үй-үйге жиналып, жастарға кітап оқытады. «Қыз Жібек пен Төлеген» «Алпамыс», «Қобыланды» дастандарын оқимыз. Сол кезде кейбір ата-әжелеріміз көздерін сығымдап жылап отырады. Міне, менің әдебиетке келуіме осы көрініс себеп болды. Менің ең алғашқы өлеңім төртінші сыныпта жазылды. Ал, прозаға студент кезімде бет бұрдым, — дейді Ақын Алақанұлы.
Шараға Ертіс-Баян өңірінің зиялы қауым өкілдері, өңірімізге белгілі ақын-жазушылар, журналистер қатысып, мерейтой иесін туған күнімен құттықтады. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірман облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың және Лебяжі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Шәкіров аудан әкімі Ернұр Әйткеновтің құттықтау хатын тапсырды.
Тілеуберді САХАБА