Павлодарда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы жеке концертін беруде

Жақында Баянауыл ауданының Майқайың кентінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, «Павлодар қаласы музыкалық колледжінің» 4 курс студенті Алексей Лодочниковтың «Бақыттының бірімін» атты ән кеші өтті. Өткен жылы Алексей елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алдында қара домбырамен халық әні «Балхадишаны» орындап елбасының ризашылығына бөленген болатын.

Кеште Алексей эстрадалық әндерден бөлек қазақтың қара домбырасымен халық әндерін нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар кеште жерлесіміз, көптеген халықаралық байқаулардың жүлдегері атанып жүрген Әмина Рахимжанова  да өз өнерін көрсетті. Аталмыш кеште Алексей Елордасы Астана қаласының 20 жылдығына, Павлодар қаласының 80 жылдығына орай өзінің авторлық әндерін орындады.

Қазақстанның атын әлемге паш еткен, әлемге аты әйгілі ұлдарымыз Батырхан Шукенов пен Денис Тенде  еске алынып, оларға арнайы ән шырқалды. Кеш соңында Баянауыл ауданының құрметті азаматы Жасулгусова Шолпан Аусагитқызы және кент мешітінің бас имамы қажы Солдат Бодаубекұлы сөз алып арнайы сыйлық ұсынып келген өнерпаздарға шығармашылық табыс тілеп, болашақта діні орыс болса да заты қазақ  Алексейге еліміздің атын әлемге шығаратын, мақтан тұтар ел азаматы болуына тілектес екендіктерін білдірді. Жиналған қауым Алексейдің қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп, домырамен ән шырқағанына дән риза болды.

Өз тілшімізден.