Арафа күні ораза ұстау  — сауап

Бірнеше күннен кейін Исалм дініндегі екі ұлық мерекенің бірі – Құрбан айт басталады. Осы күндері мұсылмандар шамасы келгенше бір малын шалып, мұқтаж жандарға және көрші-қолаңдары мен туыс-туғандарына таратады. Бұл – Ислам әлемінде Ибрагим пайғамбардан бері жалғасып келе жатқан ізгі амал. Жақында облыстық дін істері басқармасы мен қалалық мешіт өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінде Құрбан айттың мерекеленуі туралы арнайы брифинг өткізіп, журналистердің сауалына жауап берді. 

            Павлордар қалалық «Ақ мешіт» мешітінің бас имамы Нұрлан Қайырбековтің сөзінше, құрбандық шалудың сауабы – оның уақыты мен ниетінде. Сондықтан, осы жағдайға көп көңіл бөлу керек екенін айтады.

— Кеңес үкіметі кезінен бері келе жатқан бір діни дәстүр бар. Ол – өлі шегі және тірі шегі. Мұны бұрын ата-бабаларымыз Құрбан айттан бір күн бұрын жасаған. Мысалы, мереке биыл 21 тамызда басталса, олар 20 тамыз күні мал сойып, марқұмдардың аруағына дұға бағыштап оқытады да, Құрбан айт күндері бос жүреді. Бұл – дұрыс емес. Құрбан айттан бұрын немесе кейін сойған мал құрбандық болып есептелмейді. Ал, шариғат бойынша Құрбан айттан бір күн бұрын Арафа күні болады. Міне, сол күні ораза ұстап, еліміздің, отбасымыздың амандығы үшін дұға жасауымыз керек, — дейді имам.

Құрбан айт намазы айттың алғашқы күні сағат 7.00-де барлық мешіттерде оқылады. Міне, дәл осы уақытта Алла үйіне жиналу – барша мұсалман қауымы үшін маңызды. Содан кейін жылдағы дстүр бойынша, «Құлагер» ипподромында құрбандық шалу рәсімі жүргізіледі. Мұнда барлық рәсімді шариғат бойынша өткізіп беретін арнайы мамандар қызмет көрсетеді.

— Кім құрбандық шалғысы келсе, сол жерге барып өзінің көңіліне жаққан малын сатып алуына болады. Шалған мал етінің бір бөлігін мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туыс-туғандарға арнасаңыз үшінші бөлігін өзіңізге қалыра аласыз. Яғни, бала-шағаңыз да дәм тату керек. Біз осы діни мерекеге орай жергілікті кәсіпкерлерге де малдың бағасын көтермеу жөнінде ұсыныстар айтамыз. Бірақ, оны қаншалықты орындайды ол адамның өзіне байланысты, — дейді Нұрлан Ефратұлы.

 Мерекеге орай 21 тамыз күні сағат 14.00-де қалалық саябақта мәдени шара ұйымдастырылып, түрлі спорттық және білім сайыстары өткізіледі. Бұған Павлодар қаласындағы мешіттердің барлығы атсалысуда.

Тілеуберді САХАБА