Павлодарлық велошабандоз Азиада ойындарында қола медальге қол жеткізді
Индонезияның Джакарта мен Палембанг қалаларында өтіп жатқан Азиадаға Павлодар облысының атынан қатысқан Кирилл Казанцев үшінші орын иегері атанды. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.
— Маунтинбайктан (кросс-кантри) Қазақстан командасының үздігі Кирилл Казанцев Азия ойындарының қола жүлдесіне ие болды, — деді баспасөз қызметінде. – Бұл біз күтпеген медаль болатын. Казанцев жанкүйерлерді бір қуантып тастады. Кросс-кантри категориясында сынға түскен спортшымыз бірнеше айналым бойы бірінші орында келе жатқан. Алайда, мәреге жақын қалғанда Казанцев сыр беріп, қытайлық спортшыларды алдына жіберіп алды. Велоспортшымыз жеңімпаздан 2 минут 32 секундқа кеш мәре сызығын кескен.
Кирилл Казанцев Қазақстан үшін тарихи жетістікке қол жеткізді. Еліміздің қоржынында спорттың дәл осы түрінен Азиаданың медалі болмаған. Айта кетейік, Кирилл Казанцев – Азия чемпионатының қола және екі дүркін күміс жүлдегері. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы. 2016, 2017 жылдары маунтинбайк бойынша еліміздің үздік спортшысы атанған. ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Алдыңғы Азиадада төртінші орынға тұрақтаған.
Индонезия астанасы Джакарта мен Суматра аралының ең ірі қаласы Палембангта өтіп жатқан XVIII Жазғы Азия ойындарында қола медаль алған Қазақстан спортшыларына 3000 доллар қаржылай сыйақы беріледі. Ал, алтын алғандарға – 10 мың доллар, күміске – 5000 доллар табысталады.
Әлихан Рахметоллаұлы