Нұржан Әшімбетов Екібастұз қаласының әкімі болып тағайындалды.
Бүгін қалалық әкімдікте Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жаңа шаһар басшысын таныстырды.
— Қайрат Теміршотұлы Нүкеновтың Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалуына байланысты Президент Әкімшілігінің және Екібастұз қалалық мәслихаты депутаттарының келісімімен, менің өкімім бойынша Нұржан Кемерұлы Әшімбетов Екібастұз қаласының әкімі болып тағайындалды. Мемлекеттік қызметте 15 жылдық еңбек өтілі бар Нұржан Кемерұлы өзін білікті басшы ретінде көрсете білді. Жаңа лауазымда сізге табыстар тілеймін. Екібастұз инвестициялық орталыққа айналу керек. Бұл өңір көмірдің мекені болғандықтан, барлық жоспарлы жұмыстар тиянақты әрі сапалы жүзеге асу қажет, — деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Нұржан Кемерұлы артылған сенім үшін алғысын білдіріп, алға қойылған мақсаттарды орындауға бар күшін салатынын жеткізді.
Нұржан Кемерұлы Әшімбетов 1969 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Черное ауылында туған.
Зооинженер мамандығы бойынша Алма-Ата зооветеринарлық институтын, ал бухгалтер-экономист мамандығы бойынша Алматы экономика және статистика институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын Мемлекеттік мүлік жөніндегі Павлодар аумақтық комитетінің маманы болып бастап, кейін халықаралық даму жөніндегі
америкалық агенттігіне қарасты «Карана» корпорациясының кеңесшісі қызметін атқарады.
1997-1999 жылдар аралығында — Лебяжі ауданындағы өндірістік кооператив төрағасы, агрофирма директоры;
1999-2008 жылдар аралығында – Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары, Лебяжі ауданының әкімі, Павлодар облысы ауыл шаруашылық басқармасының бастығы;
2008-2009 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы;
2009-2012 жылдары Петропавл қаласының әкімі қызметін атқарды.
2012-2016 жылдары Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары.
2016 жылғы 13 сәуірден бастап Павлодар қаласының әкімі болып қызмет етті.
Өз тілшімізден.