Баянауыл велотуризмді дамытуда
Баянауылда экологиялық велотуризм өз жұмысын жалғастыруда. Ш.Айманов атындағы мектеп – интернаты былтырғы жылы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Менің елім» атты әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының әлеуметтік жобалар сайысына қатысып, бір миллион теңгенің грантын ұтып алған-ды. Кәсіпкерлер сол қаражатқа он бес велосипед сатып алып, «Баянауылда экологиялық велотуризм» кәсіпкерлік жобасын қолға алды. Жобаның мақсаты экологиялық велотуризмды дамыту, табиғат аясында экология, биология, географиядан теориялық және тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыру, Баянауыл тұрғындары мен қонақтардың бос уақытын қамту, велодесант арқылы қоқыстанған аймақтарды тазарту, мектеп оқушыларына табыс табуға және салауатты өмір салтын сақтануға жағдай жасау болып табылады.
Аталған жоба арқылы әлеуметтік жағдайы төмен зейнеткерлер, жалғыз басты аналар, оқушылар мен жастар жұмысқа тартылып, олардың кәсіпкерлікпен айналасуына жол ашты. Жұмысшылар Жасыбай туристтік аймаққа келген қонақтарға велокөліктерді жалға берумен көптеп айналысты. Әсіресе, жұмыс істеген оқушылар мен студенттерге еңбек ақы төленіп, мектепке қажетті құрал-жабдықтар сатып алуына мүмкіндік берді. Егерде былтырғы жылы кәсіпкерлікпен сегіз оқушы айналасып, оларға еңбек ақы төленіп, мектепке шахмат кабинетіне стенд, гимнастика залына шкаф және аяққиімге арналған полка сатып алынса, биылғы жылы алты оқушы еңбекпен қамтылды, мектептің логопедия кабинетінің ойын аланына көрнекі құрал ретінде балаларға арналған киіз үй алынды. Сонымен қатар экологиялық акциялар барысында Сабындыкөл, Жасыбай көлдерінің орталық жағажайлары, Баянауылдың ормандары, бұлақтары, сакралды орындар қоқыстан тазаланды.
Баянауылдағы велотуризм маусым – қазан айлары аралығында жұмыс жасауды жоспарлауда.
Өз тілшімізден.