Құрбан айт – құтты мереке
Тілеуберді САХАБА
Павлодар жұртшылығы қасиетті Құрбан айт мерекесін биыл да жоғары деңгейде атап өтті. Жамағат мерекенің алғашқы күні таңғы сағат 7.00-де мешіттерге жиналып, айт намазына жығылды. Имамдар Алла үйіне жиналған қауымға Құрбан айт құтпасын оқып, осы діни рәсім жөнінде уағыз айтты.
Қала тұрғындары үшін құрбандық малын шалу рәсімі жылдағы дәстүр бойынша «Құлагер» ипподромы мен «Сағып» шаруа қожалығында жүргізілді. Себебі орталықта, әсіресе көп қабатты үйде тұратын адамдар мал соятын орын таппай жататыны белгілі. Ал жоғарыда атаған екі орында құрбандық малын союға барлық жағдай жасалған. Павлодар «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің және «Мұрагер» қайырымдылық мекемесінің ұстаздары мен шәкірттері сойылатын малдың дұғасын оқып, өткен аруақтар рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар малыңызды сойып, етін бөлшектеп беретін қасапшылар да бар.
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне арналған мерекелік шара биыл қалалық саябақта ұйымдастырылды. Мұнда жиналған жұртшылықты облыстық Мәшһүр Жүсіп мешітінің наиб имамы Қанат Қабаев құттықтады.
— Құрбан айт мерекесі елімізге құт-береке алып келсін. Шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын. Жалпы бұл мейрамның мұсылман жамағаты үшін маңыздылығы өте жоғары. Кезінде Алланың Елшісі, Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге көшіп барғанан кейін дінсіз қауым тойлап жүрген екі мерекені қысқартып, оның орнына екі діни мерекені енгізді. Бұлар — Рамазан және Құрбан айт мерекелері. Бұл күні біз үшін бір мал сойып, оның етін жоқ-жітіктерге таратудың сауабы зор. Құрбан айт мерекесі жылда орталық мешіт ауласында өтетін еді. Биыл сәл өзгеріс жасап, осында жинадық. Осы шараға атсалысқан барлық қала мешіттері имамдары мен жамағаттарына және қала әкімдігінің ұжымына алғыс айтамыз, — деді ол.
Бұл күні саябақ ішіндегі ойын алаңдарының барлығы елу пайыз жеңілдікпен жұмыс істеді. Ал, саябақ сахнасында өңіріміздің дәстүрлі әншілері діни әндер мен иләһи өлеңдер шырқап, жыр-термелер орындады. Сондай-ақ, балаларға арналған діни сұрақ-жауап сайысы мен Құран жарысы ұйымдастырылып, белсенділік танытқан бүлдіршіндерге сыйлықтар берілді.
— Балама Құрбан айт мерекесін көрсету үшін арнайы ертіп келдім. Сұрақ-жауап және Құран жарысына қатысып, сыйлықтар жеңіп алды. Жалпы, біздің балалар Рамазан және Құрбан айт мерекелерін жыл сайын асыға күтіп, аса қуанышпен қарсы алады. Себебі, осы қос діни мерекені тойлау жылдан-жылға көркейіп келеді. Балалар осында өтетін сайыстарға қатысу үшін үйде Құран жаттап, Пайғамбарымыздың өмір баянын оқиды. Бұл енді есейіп келе жатқан жас жеткіншектердің діни сауатын ашып, рухани тәрбие берудің ең тиімді жолы. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, — дейді қала тұрғыны Самат Әбдікәрімов.
Спорттық алаңда 2003, 2004, 2005 жылы туылған балалар арасында қазақ күресі болды. Жарыс төрешілерінің бірі – Асқар Маралбаевтың сөзінше, Құрбан айттың құрметіне ұйымдастырылған бұл турнирге 80-нен астам бала өтініш білдіріп, 8 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Сондай-ақ, балалар мен ересектер арасында нысана көздеу сайысы да болды. Осы күні білекті жігіттер гир тасын көтеру және қол күресуден сынға түсті. Осы екі жарыс бойынша жалпы 100-ден астам адам қатысып, өзара мықтыларын анықтады. Гир тасын көтерушілер арасында 80 келіге дейінгі салмақта Денис Брославский ауырлығы 24 келі болатын тасты 89 рет көтеріп жеңіске жетсе, ауыр салмақта Руфат Дүйсекенов жеңімпаз атанды. Ол 24 келі зіл тасты 95 рет көтерді.
Осы күні саябаққа жиналған жұртқа қала мешіттерінің қызметкерлері әзірлеп әкелген палау тегін таратылды. Мұны имамдар барша мұсылмандарға ортақ Құрбан айт мерекесінің құрметіне дайындалған дәм екенін түсіндірді.
Тілеуберді Сахаба.