Болат Бақауов: Бизнес биліктің қамқорлығын білуі керек
Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында Болат Бақауов бүгінгі таңда шенеуніктер бизнесмендермен жұмысын өзгертіп, оларға көмек көрсетулері керек екенін жеткізді. Өңір басшысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы бизнесмендермен кездесуін орта және кіші бизнесмендерді қандай мәселелер толғандырып жүргенін білу үшін арнайы тағайындаған болатын.
Қатысушылардың көбін бюджет есебінен салынатын ірі объектілерге қосалқы мердігерлердің қатысу сұрағы қызықтырды. Белгілі болғандай, мысалы, су құбыры бойынша тапсырысты орындап жатқан басты мердігер Қазақстанның өзге өңірлерінде немесе шет елдерде өндірілген құбырлар мен темірлерді қолданады. Соңында павлодарлық өндірушілер істен тыс қалады.
— Қазіргі кезде біз орташа есеппен жылына 360 шақырым су құбырын саламыз, — деді әкім. – Бұл сұрақты қаперде ұстап, өңіріміздегі су құбырын салумен айналысатын компаниялармен міндетті түрде талқылау керек.
Алайда, павлодарлық өндірушілерге неге олардың өнімдерін сатып алу керек екенін дәлелдейтін негіз керек. Сонымен қатар, облыстағы азық-түлік шығаратын көшбасшы серіктестіктің бірі «Крендель» ЖШС-ін кадр жөніндегі мәселе алаңдатады. Компания өкілдерінің айтуынша, олардың оқу орындарымен серіктестік орнатуларына қарамастан, түлектер тәжірибе үшін ғана кіріп, қайта кетіп қалуда. Болат Бақауов бұл мәселені жұмыскерлерге қосымша әлеуметтік көмек енгізу арқылы шешуді ұсынды.
— Қазір Қазақстанда «7-20-25» жаңа мемлекеттік бағдарламасы жұмыс жасауда, — деді өңір басшысы. – Өз қызметкерлеріңізге баспана алу үшін алғашқы жарнаны төлеуге көмектесіңіздер. Сол кезде олар сіздерде 20 жыл еңбек ететін болады. Бұл жұмыс күшін тартудың бір жолы ғана. Кездесу соңында облыс әкімі шенеуніктер кәсіпкерлерден шағым түскенін көре отыра жалтарма жауап берумен емес, мәселені шешу жолын іздеумен шындап айналысулары керек екенін атап өтті. Болат Бақауов жетекшілерге дәл сол арада бизнесмендердің шешілмей жүрген мәселелерін түсіну үшін сараптамалық кездесу өткізулерін тапсырды.
Әлихан Рахметоллаұлы