Павлодар облысының ұстаздары дәстүрлі тамыз конференциясын өткізді
Естай атындағы Мәдениет сарайында «Төртінші өнеркәсіптік жағдайындағы адами капитал» атауымен облыс ұстаздарының дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Конференцияның пленарлық бөлімінде ұстаздарды ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев құттықтады.
Өңірлік білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы «Павлодар облысының білім беру жүйесінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыру: жұмыстың нәтижесі және стратегиялық бағдарлар» тақырыбында баяндама жасады.
Конференция жұмысына Кембридж университеті емтихандар департаментінің бас халықаралық менеджері Дэниел Брукер, педагогикалық ғылымдар кандидаты, педагогика саласының ардагері Ырысты Жұмабекова қатысты.
Педагогикалық қызметкерлердің тамыз конференциясында әдетте жаңа оқу жылында жаңашыл педагогикалық идеяларды жүзеге асыру жобалары талқыланып, өткен оқу жылында үздік шыққан білім және тәрбие ошақтары марапатталады.
— Біздің облысымызда республикаға танымал дарынды педагогтар қызмет жасайды, — деді облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев. – Осындай ұстаздардың арқасында біздің өңіріміз Қазақстанның білім ордасы атағына жетіп отыр.
ҚР БҒМ-ің Жауапты хатшысы Арын Өрсариев «ҚР Білім беру саласының Құрметті қызметкері» төс белгісін өңірлік білім беру басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Әлиақпароваға, Бауыржан Момышұлы атындағы №22 ЖОББМ-ің директоры Майра Мамбетоваға, Шарбақты ауданы білім беру бөлімінің басшысы Баян Орлановаға, Бейсен Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің директоры Мираш Шабанбаеваға тапсырды. Облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицей ұжымы халықаралық және респбликалық олимпиадалардағы жоғары жетістіктері үшін ҚР БҒМ-і «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының кубогымен марапатталды.
Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын жоғары кәсіби жетістіктерге қол жеткізген ұстаздар мен ардагерлерге аймақ басшысының орынбасары Мейрам Бегентаев тапсырды. Білім беру мекемелерінің арасындағы облыстық конкурстың нәтижесінде Павлодар қаласының №37 мектебі Бас жүлдеге ие болды. Жеңімпазға 20 млн 741 мың теңге көлемінде грант берілді. Ауыл мектептерінің арасында Тереңкөл ауданына қарасты №2 Песчан орта мектебі үздік деп танылып, жеңімпазға техникалық құралдар жиынтығы табысталды. Аймақ басшысының 50 млн теңге көлеміндегі гранттары №96 бала бақшаға, №2 Ертіс орта мектебіне және Красноармейка аграрлы-техникалық колледжіне берілді.
Әлихан Рахметоллаұлы