Павлодарда көркемсөз оқу шеберлерi бақ сынасты

Павлодарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Бұл туралы шараны ұйымдастырушы Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мәлім етті.

— Көркем әдебиеттi насихаттауды жандандыру, қазақтың ұлы жазушыларының және ақындарының шығармаларын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген жастардың құштарлығын арттыру мақсатында өткізілген шараға 17-29 жас аралығындағы қалалық және аудандық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Өңірлік деңгейде көркемсөз оқу шебері атанған қатысушылар байқауда екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезең Қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кез келген прозалық шығармаларынан үзінді оқу болса, екінші кезең – қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кез келген поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу. Бастысы, үміткерлер қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік кез келген тұлғаның шығармашылығынан үзінді оқуы тиіс. 

Байқауға қатысып отырған үмiткерлердiң өнерiн сарапқа салып, бағасын беретiн қазылар алқасының құрамына: абайтанушы, тіл жанашыры, облысымыздың зиялы қауым өкілі Даниял Әсенов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының мүшесі Ғалымбек Жұматов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының басқарма және алқа мүшесі, Ақсу қаласының Құрметті азаматы Светлана Қондыкерова шақырылды.

Байқау қорытындысы бойынша І орынға Павлодар қаласының үміткері Еркежан Төлеубек лайықты деп танылса, Ақсу қаласының үміткері Кәкім Бәкіжан ІІ орынды және Шарбақты ауданының үміткері Ақзира Жанайдарова ІІІ орынды иеленді. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға басқарма тарапынан дипломдар, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, облыстық байқаудың жеңiмпазы Еркежан Төлеубек Петропавл қаласында өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы