Екібастұзда Шахтер күні тойланды

 

Ертіс өңірінің кеншілері кәсіби мерекелерінің қарсаңында өткен жылғы көрсеткіштен 30,8 миллион тонна артық қара алтын өндірді. Шахтер күніне орай «Өнер» мәдениет орталығында салтанатты кездесу өтті.

Кездесу қонақтары кен орындарында жұмыс жасайтын жүздеген кеншілер болды. Олардың арасында «Шығыс» кенішінде 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Ришат Әміренов те бар.  

— Осы жылдар аралығында отбасымызда кеншілер әулеті қалыптасып үлгерді, — деді Ришат Әміренов. – Менімен бірге екі ұлым, екі қызым мен екі күйеу балам жұмыс жасайды. Әрқайсымыз үшін Шахтер күні жылдағы басты мерекелердің бірі болып саналады.

Кеншілерді кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Болат Бақауов  құттықтады. Облыс басшысы  өңіріміз көмір бойынша еліміздің ішкі экономикадағы қажеттіліктерін толық қамтамасыз етумен қатар, экспорттың да жоғарғы деңгейіне ие екенін атап өтті.

— Сіздердің мамандықтарыңыз өңіріміз үшін қашанда қажетті, әрі маңызды болып келді және солай қала береді, — деді Болат Бақауов. – Шахтерлердің еңбегінің арқасында өндіріс орындары мен тасымал жұмыс жасап, үйімізге жылу келіп тұр. Кеншілер жан аямай еңбек ету арқылы Екібастұздың көмір кәсіпорнының шежіресіне өз есімдерін жазуда. Сіздердің даңқты еңбектеріңіз бар ынтамен берілудің және игіліктің үлгісі болып қалады. Батылдық, күш және жігерлілік – шахтер мамандығын таңдаған адамдардың өзгелерден айырмашылығы.

Мерекеге орай көмір өндірісінде көзге түскен қызметкерлерге алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды. Мерекелік концертте танымал эстрада әншілері Әлішер Кәрімов пен Диана Шарапова, Екібастұз қаласының өнер ұжымдары ән шырқады.

 

Әлихан Рахметоллаұлы