Павлодарлық екі әже мектепке баратын 10 балаға көмектесті
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің жамағаты, қажы апалар Бақытжамал Елеукенова мен Рысты Байзелдинова 10 отбасының баласына көмек көрсетті. Бұл туралы ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша баспасөз хатшысы Амантай Тойшыбай мәлім етті.
— Биылғы жаңа оқу жылы басталар алдында мешітіміздің жамағаты, қажы апаларымыз Бақытжамал Елеукенова мен Рысты Байзелдинова өз қаражатымен мұқтаж болған 10 отбасының 10 баласына толық оқу құралдары қамтылған сумка табыс етті, — деді Амантай Тойшыбай. – Ислам дініндегі басты құндылықтардың бірі — қайырымдылық. Сонымен қатар, қайырымдылық біздің ұлтымыздың менталитетіне тән дәстүрлердің бірі.
Аталмыш мешіттің қызметшісі Назым Ғизатқызының айтуынша, бұл апалар әрдайым осындай көмектер жасап келеді. Соңғы 3 жылдан бері қажы апаларымыз талай рет азық-түлік, киім-кешек және ақшалай жәрдем берген.
Алла Тағала берген мал-мүлікті жақсылыққа, қайырымдылыққа жұмсаған адам мол сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқат байлық — мал-мүліктің көп болуы емес, ақиқат байлық — кеңпейілділік, қайырымдылық»,- деген.
— Ақиқатында әрбір адамның парызы иманды болу, әрбір иманды мұсылманның міндеті басқаларға жәрдем жасау. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің»,- деген сөзді барша мұсылмандарға айтқымыз келеді, — дейді қажы апалар.
Әлихан Рахметоллаұлы