Қазіргі қазақ қоғамының қаһарманы кім?
Неше күндей әлеуметтік желіде Мұхтар Шахановты Мұқағали туралы айтқан бір сөзі үшін жерден алып,жерге салып,неше түрлі былапыт сөздермен ұрсып сөгумен болды. Мұқағалидың сол ішудің салдарынан бауырын ауыр дертке шалдықтырып, бар болғаны 45 жасында қаза тапқаны ел-жұртқа жақсы белгілі.Қайтыс болғанда Жазушылар Одағы залында құрметті қарауылда тұрып,Кеңсайда жер қойнына тапсырып, жерлеуіне қатысып, қабіріне топырақ салғанбыз.Әбділда Тәжібаев тебірене сөз сөйлеп,Мұқағали өзінің екінші өмірінде кереметтей халық сүйіспеншілігіне бөленетінін әулиедей болжап айтқан еді. Солай болды да.Мұқағалимен мен де бірер рет шарап ішкенімді,оның : «Алматы сайтан қала, сайқал қала,
Жем болған Балтық пенен Байкалға да.
Аядай Алатауға тығылды кеп,
Сандық тау, самала көл байтақ дала.
Бөзің кетті біреудің борбайында,
Сөзің кетті біреудің таңдайында.
Осылай қор боп қазақ өтесің–ау,
Азаттық жазбаған соң маңдайыңа, — деген жыр жолдарын Мағжан Жұмабаевтың өлеңі деп айтып бергенін,ал шынында өз өлеңі екенін дәлелдеп жазғанмын.Ол кезде мұны өз өлеңім деп жазса,оны ұлтшыл деп жазалаған болар еді.Тағы бірде бір топ адамдарға: «Снимите шляпу,перед вами стою Я!» деп, бұйрық бергенін қызғылықты естелік етіп былтыр осы желіге салғанмын.Оны Таразда шығатын «Ақ жол» газетінің редакторы Көсемәлі Сәттібеков менен рұқсат сұрап көшіріп жариялаған болатын.Сонда ешкімнен сөз естіген жоқпын.
Сол заманда ішпеген ақын болмаған шығар.Талай талантты ақындар мен жазушылар сол арақ-ажалдың құрбаны болды.Өкпе,бауыр,асқазандарын араққа күйдіріп,өз өмірлерін өздері қысқартып,мезгілсіз жастай кетіп жатты.Ойласақ өзек өртенеді. Ең өкінішті өлім Әділбек Абайділданов ақынның өлімі болды.Тұманбайдың досы болатын.Өте талантты,өлеңдері аса көркем,өзі де жанған оттай жалынды өткір жігіт еді десетін.Бірде үйіне қатты ішіп келген адуынды ақын әйелімен жанжалдасып қол қатса керек,шыдамаған әйелі пышақпен қорғанып жүріп ауыр жарақат салады.Содан қайран ақын өз жарының қолынан мерт болған. Партия мен комсомолдың орталық комитеті оны жерлеген кезде митинг өткізуге, достарына сөз сөйлеуге рұқсат бермеген.Мұны мен досы Тұманбайдың өз естелігінен оқыдым.Тағы бір талантты ақынымыз қатты ішіп, енді бас жазар кезде,қас қылғандай тым болмаса жүз грамм табылмай қояды,бас сынып,жрек қысып бара жатады.Содан ана жаққа жүріп кеткен ғой.
Сөйтіп,арақ қазақтың ұлттық трагедиясына айналған.Сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы репрессия қаншама арыстарымыздан айрылсақ,арақтан да сонша таланттарымыздан айрылдық.Екеуінде де өзіміз кінәліміз. Мысалы, Сәкен Сейфуллинді сонау Мәскеуден бұйрық болып,ұсаған жоқ,халық жауы деп жала жауып ,көрсеткен өз жазушымыз екен. 1989 жылы-ау деймін, Қазақ тілі қоғамының алғашқы құрылтайы Алматыда М.Әуезов атындағы драма театрында өткізілді.Арқалықтан мен барғанмын.Негізгі баяндамалар аяқталып,жарыс сөз басталды.Бірінші болып Бауыржан Момышұлы сияқты бетке айтатын әйгілі режиссер Асқар Тоқпанов сөз алды. Бірден тура кетті: «Сәкен Сейфуллинді кім атқанын,кім атқызғанын мына призидумда отырған Әбділда Тәжібаев біледі,бірақ бұл айтпайды.Ол айтпаса ,мен айтамын,Сәкенді атқан Иванов, ал атқызған мына отырған Мұханбетжан Қаратаев!» деп,төбеден ұрғандай қойып қалды.Бейне залда бомба жарылғандай болды.Ішімізден тына қалдық.М.Қаратаев қазақтың Белинскийі атанған атақты сыншы,жас сыншылар бәріміз ұстаз тұтатынбыз.Мен де алдынан өтіп,Жазушылар Одағына мүшелікке өтуге рекомендациясын алғанмын.Сөйтіп төбемізге көтеріп жүрген ұлы сыншымыз сондай дегенге сенуіміз қиын болды.Сөйтсе М.Қаратаев Сәкен алашордашыларды «Тар жол,тайғақ кешу» романында жағымды етіп жазған,советке қарсы пиғылмен шығарған басқа да өлеңдері бар деген мағынадағы мақаласын алдымен «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялайды. Ол аз болғандай, келесі күні «Қазахстанская правда» газетіне бастырып шығартады.Сосын жалаң қылыштар жалаңдап келіп ұстап әкетпей қайтеді.Одан әрі не болды дейсіздер ғой,М.Қаратаевтың жүрегі қысылып, қасында отырған жас сыншы Сағат Әшімбаев оны сүйемелдеп машинасына отырғызып үйіне апарып салды.
Міне бұл бір ғана мысал. Осылай ақындар мен жазушыларымыз бір-бірін қаралап, жамандап «халық жауы» деп,көрсетіп, атқанын аттырып, атпағанын айдатып жібере берген ғой.Қазір де оңып тұрғанымыз шамалы. Күні кеше өткен Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті Құрылтайында жазушылар бір-бірін түтіп жеп,жанжалдасып дүйім елге масқара болды емес пе.Бір-бірімен қастасып қайтты. Сөйтіп, күндестік пен ішкіштік қазақтың дерті мен басты жауы болды.Екеуі де талай тарландарымызды орға жығып, қаймақтарамызды сыпырып әкетті.
Ендеше жұрттың бәрі білетін Мұқағалидың ішкенін айтқаны үшін Мұхтар Шахановқа бақан ала жүгіргеніміз қай қиястығымыз? Бұл жерде Құдияр Білалдың Мұхтардың сөзін желпілдетіп желіге салып жібергені үлкен қате болған. «Оу,Мұха,досыңнан дұшпаның көп,өзіңе өзің сөз тілеп алып жүргенің онсыз да жетеді.Мынау әлеуметтік желі деген күйіп тұрған орта.Мұнда ешкім ешкімді аямайды,атақ абыройына қарамайды.Керек десеңіз, арнайы заңмен қорғалатын президенттің өзіне жұрттың айтпайтыны жоқ,бәлеге қаласыз» деп, тоқтатуы керек еді.
Енді болары болды, «айтылған сөз –атқан оқ» дегендей,Мұхаңа талай ауыр сөз-оқ атылды. Мұхаңды қорғаушылардың сөздері де қарсыластарын найзадай түйреп жатты.
Ал екі ақынның ақындығына келсек,біреуін жоғарылатып, екіншісін төмендетуге болмайды.Екеуі де даусыз, талассыз ұлы ақын.Таза лирикада Мұқағали басым түссе, Мұқтардың азаматтық лирикасы жоғары.Мұхтар Шаханов азаматтық позициясы тастай берік күрескер ақын. Оның күрескерлік азаматтық лирикасына тең келетін қазақ ақыны жоқ деуге болады.Сол ұстанымына қарай ол Абайдан Махамбетті биік санайды. Мұқағалидың мінезінде күрескерлік жоқ.Оны өзі де мойындайды.Фәризаға арнаған жырында:
«Сен мені білесің бе, білесің бе?
Жан екем жаралмаған күресуге» -жеген өлең жолдары соған дәлел.Ол басқамен,қоғамдағы кеселдермен күреспек былай тұрсын өзін жеңе алмай жеңіліс тапқан ғой. Мұхтардың оны күрескер болмадың деуі артық,әрине.Осы ойды желіде тауып айтқандар болды.
Өмірдегі,қоғамдағы әділетсіздіктерді әркім әр түрлі қабылдайды.Мұқтар ғұмыр бойы ел үшін, жер үшін , тіл үшін жан аямай күресіп,сол жолда күйіп -пісіп,отқа да, суға да түсіп келеді. «Батыр аңғал,ақын аңқау» деген сөз бар.Мұқаң тура сол.Өткенде үлкен сөз болған Қазақстан Жазушыларының сьезінде сөз алған Мұқтар: « Осы отырған жеті жүз жазушының ішінде ел үшін, жер үшін күреске түсе алатын 7-8 жазушы ғана бар деп, көбісі туфли жалағыш екенін айтып, айыптарын беттеріне баса салды.Енді олар Мұхаңды қалай жақсы көрсін.Алдыңғы жылы жер үшін халық наразылығы митинглерге ұласқанда, үкімет елмен санасуға мәжбүр болып,арнайы комиссия құрылды.Сол Комиссия құрамында Мұхтар Шахановтан басқа қай жазушы болды? Кәне айтыңдаршы!
Қазіргі қазақ қоғамының қаһарманы кім?
Бұл сұраққа Мұхтар Шаханов, деп жауап беріп, оның тарихи үш ерлігін жеке-жеке жыр еткен «Жүректілік», «Тіл майданында», «Шын зиялы», «Ұлттық рух дауылпазы» атты 4 тараудан тұратын поэмамды бөліп-бөліп былтыр ФБда жариялағанмын.
1-ерлігі: Мәскеудің Сьездер сарайында Аралдың тағдыры туралы айтамын, деп КПСС бас хатшысы Горбачевті алдап соғып,мінбеге шығып алған соң,Желтоқсан көтерлісінен кейін халқымызға таңылған «қазақ ұлтшылдығы» атты жалған жаланы алып тастау туралы батыл мәселе көтерді.Бұл Отан соғысында неміс пулеметі амбразурасын кеудесімен жауып ерлікпен қаза тапқан Совет Одағының батырлары А.Матросов пен С.Баймағанбетовтың ерлігімен тең өз кеудесін оққа төсеумен бірдей көзсіз ерлік еді.Нәтижесінде халқымызға таңылған ауыр айыптау алып тасталды.
2-ерлігі: Қазақстан Жоғарғы Кеңесі сьезінде орыс тілі де мемлекеттік тіл болып қабылданып кеткен сәтінде мінбеге атып шығып: «Мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болуы керек!» деп,қос тілділікке үзілді-кесілді қарсылық білдіріп,қайта дауысқа салуды талап етті.Әйтпесе, екінші желтоқсан болады деп қорқытты. Сол талабы орындалып, Президентіміз Н.Назарбаев та қолдау көрсетіп,мемлекеттік тіл қазақ тілі болып,Ата заңымызға енді.Парламентте көпшілік дауыспен қол көтеріліп кеткен заң бабын,қайта өзгерттіруі тарихи ерлік пе? Ерлік!!! Оның бұл ерлігін ешкім ешуақытта Қазақстан тарихынан өшіре алмайды.
3-ерлігі: Бұрнағы жылы жеке куәлігімізге ұлтымыз көрсетілмей,қазақ
емес,жай қазақстандық боп кете жаздағанбыз.Сол жолы да Мұхтар бірінші болып үн көтеріп,соңынан ұлт патриоттарын ертіп,қатты қарсылық көрсетіп қазақтығымызды сақтап қалды.Әйтпегенде қазақ деген ұлт атынан да, бірте-бірте қазақтығымыздан да айрылып қалатын едік қой.
Төртінші ерлігі де бар, 1988 жылы Қазақстанды әлі Колбин билеп тұрған кезде,оның өзіне кіріп, Наурыз мерекесін қазаққа қайтарып,соған Горбачевтен рұқсат алып беруді сұраған.Кеше ғана тойланған Жаңа жыл-төл мерекемізге де Мұхтар бауырымыздың азаматтық ерлігінің арқасында қол жеткен.
Бізде Мұхаңның осы ерліктерін күндеп көре алмайтындар да көп. Не дерсің бұл қазаққа.Сондай ерліктерді өздері жасай алмайды,ал жасап жүрген адамды күндеп оның қадірін түсіріп бағады.Ұлттың бас патриотын қолдап пікір айтсақ,ұлтшылдар қатарына қосып жіберер деген қауіптері де бар болар.Бүгінгі зиялыларымыздың бір трагедиясы осы.
Қай қазақ та мемлекеттік тіл қазақ тілі болғаны үшін,қазақстандық емес, қазақ боп қалғаны үшін Мұхаңа мәңгі борыштар.Оны жастарға патриоттық тербие беруде үлгі ете білуіміз керек.
Жұма-Назар СОМЖҮРЕК.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,әдебиет сыншысы. ФБ парақшасынан