Баланы жол апатынан сақтаудың алтын ережелері
Біздің өмірімізге қажетті құбылыстардың тұрақты қатынастарын немесе олардың белгілі бір заңдылықтарын көрсететін қағидалар, бір нәрсенің тәртібін анықтайтын жинақтар – негізінде Ережелер болып саналады. Дұрыс ережелер өзінің нақтылығымен, дәлелділігімен, дәйектілігімен ерекшеленеді.
Біздің елімізде 1998 жылдан бастап, жолда жүрудің жаңа Ережелері қабылданған болатын. Бүгінгі таңда көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол белгілерін білуі мемлекеттік стандарттар негізінде анықталып, жол белгілері 7 топқа: ескерту белгілері, басымдылық белгілері, тыйым салу белгілері, міндеттеу белгілері, ақпараттық-көрсеткіш белгілері, қызмет көрсету белгілері, қосымша тақтайшалар болып бөлінгені бізге мәлім.
Жол ережесі көшеде дұрыс жүріп, абай болуды талап етеді. Жол тәртібін бұзған кез келген адам апатқа ұшырайды. Жолдың қалыпты қозғалысы көбінесе жас балалардың жол бойында қалай болса солай жүріп доп ойнайтыны, мотоцикл, велосипед, роликті коньки, самокаттар тебуі, жүріп бара жатқан машинаға жабысып алып сырғанауы, қалтарыстан жол белгілеріне қарамай жолды қиып өтуі салдарынан бұзылады. Балалардың көбі жол тәртібін білмегендіктен немесе қасақана бұзғандықтан кейбіреулер машина дөңгелегіне ілініп қайтыс болып жатса, кейбіреулері жарақаттанып, ауруханаға түседі. Ал біреулері өмір бойы мүгедек болып қалады.
Алайда жол ережесін сақтап жүрудің бірден-бір әдісі – бағдаршамға бағынып жүру. Бағдаршам өмірімізді жазымнан сақтандыратын көмекші құралымыз тәрізді. Оның сырын біліп, тіліп алу балаға да, шағаға да қажет. Біздің 8 ауданы бар қаламыздың барлық көшелерінде жол қатынас ережесі енгізілген. Бұл ережені балабақша балаларынан бастап, мектеп оқушылары, колледждер мен университеттердің студенттері, тіпті, үлкендер де, яғни кез келген көлік жүргізетін жүргізушілер де бұлжытпай орындауы керек.
Сонда ғана ережені қатаң сақтаған үлкен де, кіші де өз өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады
Қазақстан Республикасы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастырумен бөбекжай балабақшаларында балаларды көлік жарақатынан сақтандыру үшін жол жүру ережелерін, белгілерін білуге машықтандыру мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылды. Ашық оқу қызметі балаларға жол ережелерін сақтау, жол апатына ұшырамау үшін қауіпсіздік шараларына мұқият болуға машықтану мақсатында көрсетілген слайдтар, бейнекөріністер, мутьфильмдер олардың жан-жақты білім алуларына көмек болар деген ойдамыз.
Біз балалардың, ата-аналардың, көпшілік қауымның жол-көлік ережелеріне көбірек көңіл бөлсе екен дейміз, олар жол қозғалысы ережелерін біліп қана қоймай, оны орындау деңгейін көтерсе игі болар еді.
Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы