САРЫАРҚАДАҒЫ ЕЛДІК ПЕН ЕРЛІКТІҢ ТОЙЫ

Атақты жырау, ақын, қайраткер болған Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық тойы Қарағанды облысында дүркіреп өтті

Алыс-жақын жерлерден келген қонақтарда есеп жоқ. Барлығы да Бұқар бабаның толғауларынан сусындаған ұлтжанды, рухты, намысты ерлер. Қалың елдің ішінде ақсақалдар мен әжелер, алдыңғы буынның өкілдері басым болды. Шапандарын, камзолдарын киіп, ұлттық ою-өрнектермен әдіптелген киімдерін киініп, сән-салтанаттары жарасып, жандарына немерелерін ертіп жүргендері жанымызды жадыратты. Руханиятқа сусаған, рухани жаңғыруға талпынған халықты көрдік бұл тойдан. Көңілдеріне ой түюге тырысқан, жігерлі жастардың қарасы да көп болды.

 

Алыстан көз тартқан алып ескерткіш

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде орналасқан баба ескерткішінен басталған іс-шаралар көпшіліктің көңілінен шыққаны рас. 2014 жылдың 19 қыркүйегінде орнатылған Бұқар жырау ескерткіші алыстан көз тартады. Оң қолында тәспісі бар жыраудың алысқа ойлы көзбен қарап тұрған алып мүсінінің авторы Бейбіт Мұстафиннің көп оқып, ізденістер жасағаны байқалады.

Биік тауға жарасар

Ығынан тиген панасы,

Терең сайға жарасар,

Тобылғылы саласы,

Ер жігітке жарасар,

Қолына алған найзасы,

Би жігітке жарасар

Халқына тиген пайдасы,

Ақсақалға жарасар

Тілеуқорлы айласы,

Бәйбішеге жарасар

Еміздіктеген сабасы,

Келіншекке жарасар

Емшектегі баласы,

Қыз он беске келгенде

Шашынан көп жаласы.

Бұл жалғанда бір жаман,

Ағайынның аласы, — деп толғаған Бұқар жыраудың ескерткішіне гүл қою рәсімінен соң аруағына бағышталып құран оқылды. Одан кейінгі шаралар Керней ауылының маңындағы ашық, кең жерде —жасыл майсалы жайлауда жалғасты.

Жүзден аса киіз үй тігілген, той қалашығына айналған жерде әсем ән мен күмбірлі күй шалқып тұр. Салтанатты шараны «Күміс көмей әулие» атты театрландырылған көрініс бастады. Жоңғарларға қарсы жорықтарда жауға соққы беруде Абылай ханның кеңесшісі, сенімді серігі болған Бұқар жыраудың азаматтық бейнесі көрініс тапқан қойылым жиырма минутқа созылды. Атақты жыраумен қоса бұл көріністе Абылай ханның, Қабанбай мен Бөгенбай батырлардың да образдары сомдалған. Қазақ әскерінің жеңісімен аяқталған театрландырылған көріністен ұлтжандылық рух есіп тұрғандай. Осы қойылымның режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі К.Жұмабековке мың алғыс!

 

Облыс әкімі жыраудың толғауын жатқа оқыды

Көріністен соң сахнаға екі жүргізуші шығып, халықты жыраудың тойымен құттықтап, ортаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованы шақырды. Мемлекеттік хатшы Елбасының құттықтауын оқып, өзінің де ыстық ықыласын білдірді. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Елбасына, оның құттықтауын әкелген Гүлшара Наушақызына алғысын білдірді де, үстіміздегі жылдың қараша айында Бұқар жырауға арналған конференция өтетінін, ақындарға арналған мүшәйра жарияланғанын хабарлады. Облыс әкімі шешен сөйлейді екен. Бұқар Жыраудың бірнеше толғауынан үзінділерді жатқа айтып, мақал-мәтелдетіп сөйлегені халыққа ұнағаны сондай, жігерлене ұзақ қол шапалақтады.

Парламент депутаты Қуаныш Сұлтанов: «Бұқар жырау — теңіздей терең сөз өнеріндегі данагөй. Рухани жаңғырумен астасқан бүгінгі жиын ұрпаққа үлгі боларлық шара. Жыраудың әр сөзі елдікке, ерлікке шақырады», —деп жиналғандарға сөзін арнады. Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім өз сөзінде Бұқар жыраудың халықтың санасында жатталып қалған сөздері мен толғауларының өміршең екендігіне тоқталды. Бұл тойдың бір ерекшелігі —Маңғыстау облысынан келген көптеген қонақтардың болуы. Арнайы өкіл сахнаға көтеріліп, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың құттықтауын оқыды. Парламент депутаты Бекболат Тілеухан: «Бұқар жыраудың сөздері бүгінде бізге ауадай қажет. Баба сөздері қашанда жадымызда болуы керек»,-деп, өнерпаздардың бірінің домбырасын алып Бұқар жыраудың толғауын орындап берді. Бұл толғаудан кейін ел тіпті рухтанып кетті. Бұқар бабаның тікелей ұрпағы Ғалымтай Бақтияров өз сөзінде осынау дүбірлі тойды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. «Бұқар жырау өмірден қайтарында «менің сүйегімді Түркістанға апармай-ақ қойыңдар, мен Сарыарқаның құты, киесі болып жатайын» деген. Бүгінде сол Сарыарқа қаншама халыққа ырыс пен құт болып тұр»,-деді.

Айтыскер ақын Аманжол Әлтаев арнау айтып жырдан шашу шашса, Тәттімбет атындағы ұлт аспаптары оркестрі бірнеше күй орындады. Әншілер Арқа дәстүрлі әндерін шырқап, ақын Дидар Қамиев Бұқар жыраудың толғауын айтты. Роза Рымбаева, Алтынай Жорабаева, Жәмилә Баспақова, «Ағайынды Жүнісовтер» тобы, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік, Тәжікстаннан келген «Хайрулло Додобоев» дойрошылар фольклорлық ансамблінің қатысуымен өткен мерекелік концерт те жұртшылық пен қонақтардың көңілдерінен шықты.

 

«Ұлы дала мұралары»

Бұл тойды ұйымдастырушылар руханият жағына көп көңіл бөлген екен. Осы іс-шаралар барысында Астана қаласының көне қару-жарақ музейінің көрмесі, «Ұлы дала мұралары» атты бейнелеу өнері және қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі, «Бұқар жырау дәуірі» атты экспонаттар және кітап көрмесі, Бауырсақ жәрмеңкесі өтті.

Халықты Қырғызстаннан келген арқанмен жүретін әртістердің өнері сүйіндірді. Осы отбасылық топтың жетекшісі Абдуали Шерматов: «Бұл қиындығы көп спорт түрі. Жас кезімде ауыр кір тасымен өнер көрсетіп жатқанымда ол аяғыма түсіп кетіп, бір жыл бойы ақсап жүрдім, дәрігерлердің көмегімен әрең дегенде қалыпқа келдім»,—деп ағынан жарылды. Әсіресе «Жолбарыс», «Лашын» деген лақап аттары бар балалары ортекедей орғып тұр. Дегенмен, ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарға көрермендер өте көп жиналды. Астана қаласынан пәтер, бірнеше шетелдік көліктер тігілген аламан бәйге, топ бәйге, көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, асық ату сияқты сайыстар қызықты өтті. Бәйге, күрес дегенде делебесі қозатын қазақ спортшыларға жанкүйер болып, солармен бірге қуанып, солармен бірге күйіп-пісіп жатты.

Қарағанды облыстық әкімшілігінен келген Ерлан Ибикеновпен сөйлесудің реті келді. Ол өзінің былтырғы жылы Қарқаралыда өткен қаз дауысты Қазыбек бидің тойында да болғанын айтты. Жылда осындай айтулы тұлғалардың тойлары мен астарын өткізіп жатқан облыс жұртшылығы елге қызмет етудің қыр-сырын үйреніп, меңгеріп келе жатқанын тілге тиек етті. Өзі тойдың жақсы өтіп жатқанына қуанышты күй кешуде.

Қай киіз үйге барсаң да қонақтарды құшақ жая қарсы алып, дастарханға жайғастырып, ән мен күйден шашу шашып жатқан қонақжайлықты көрдік. Қарағанды облысындағы тоғыз аудан мен тоғыз қаладан, көрші облыстардан келген өнерпаздар кешке дейін Керней аспанын ән-күйге бөледі.

 

Бұқар жыраудың қоштасуы

Бұқар жырау қартайған шағында: «Асан қайғы болған жердің көбінде мен де болдым. Түркістан, Сығанақ, Сайрам, Жаркент, Ташкент қалаларын көзіммен көріп, Балқаш, Жетісу өлкесін, Сарыарқаны араладым. Сонда мен не көріп, не білдім? Иә, көргенім де, түйгенім де аз емес. Оның ішінде менің ең алдымен көргенім талай қиыншылықты басынан өткізіп, барлық ауыртпалықты мойнымен көтеріп ұлан байтақ жерге ие болып қалған берекелі елім болды. Жер мен ел егіз.

Ата-ананың қадірін

Балалы болсаң білерсің,

Ақ тәніңнің қадірін

Жаралы болсаң білерсің.

Бостандықтың қадірін

Жазалы болсаң білерсің,

Дәулетіңнің қадірін

Мал кеткенде білерсің.

Ажарыңның қадірін

Сән кеткенде білерсің,

Тіршіліктің қадірін

Жан кеткенде білесің.

Аңдып жүрген дұшпанды

Дәл жеткенде білерсің»,—деп халқымен қош айтысқан екен.

Енді міне, қаншама жылдардан соң тәуелсіздік алып, өркен жайған Қазақ елі бабаларымен қайта қауышып, «өшкені жанып, өлгені тіріліп» жатыр. Бұқар жыраудың тойы осы сөзіміздің бір дәлелі. Сарыарқада елдік пен ерліктің тойы осылайша өтті.

 

Саят ҚАМШЫГЕР