Қалада білім бар деп кім айтты?
Өткенде жұмыстан шықсам есік алдында Ырысбек пен Назым тұр. Қастарында кішкентай қыздары бар. Биыл бірінші сыныпқа барады екен. Соны Алматыдағы бір гимназияға берудің қамымен жүр екен. Өздерінің Байсеркеде тұратынын естігем. Мектеп пен үйдің арасы әжептеуір жер. Кемі бір жарым сағат жүреді. Кептеліске тап болса екі сағаттан астам уақыт жоғалады. Ол бір жаққа ғана. Қайтар жолға кеткен уақытты қоса есептесек жарты күннің жартысы жолға кетеді. Обал-ақ.
-Байсеркеде мектеп жоқ па?
-Бар. Үйге тиіп тұр.
-Соған неге бермейсіңдер?
-Ой, ауылда білім жоқ қой…
-Қалада білім бар деп кім айтты?
Жауап бермей қиналып қалды. Ал мен олардың баланы ары-бері тасып, қиналатындарын ойлап тұрмын. Содан баланы қазір қалай, қайда оқыту туралы аз-кем ақыл айттым…
Жалпы жұрт болып қазір біз мынаны мойындауымыз керек. Қазір қаланың болсын, даланың болсын мектебіндегі білім деңгейі сын көтермейді. Осыдан 25-30 жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Көп төмен. Бұрынғы мықты мұғалімдердің дені зейнетке шыққан. Не үйде репетитор боп отыр. Ал олардың орнын басқан мұғалімдердің ішінде өз ісін сүйетіндер мен жақсы білетіндер өте, өте, өте аз. (Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновациялық лицейлері (бұрынғы КТЛ), Республикалық физика-математика мектебі мен кейбір жекеше білім ордаларындағы білім беру деңгейі туралы сөз жоқ. Бірақ, жалпы есеппен алғанда олардағы бала саны теңіз болмаса да, үлкен бір көлге құйылған бір шелек судай ғана).
Білім деңгейінің осыншама құлдырауының себебі көп. Ең бастылары:
-Білімі саласында реформаның жиі жүргізілуі, оларда бірізділіктің болмауы;
-Оқу бағдарламасының қазіргі заманға сай болмауы;
-Ұстаздықтың қоғамда қадірсіз мамандыққа айналуы;
-Мұғалімдердің айлығының ұзақ уақыт бойына төмен болуы;
-Мұғалімдік жұмысқа кім көрінгеннің қабылдануы;
-Мектеп басшылығына адамдардың тамыр-таныстықпен қойылуы.
Мен бұлардың ішіне мұғалімдердің қағазбастылығы, олардың әр түрлі жұмысқа жегілуі сынды т.б. толып жатқан жөнсіз, жүйесіз жұмыстарды қосып отырғам жоқ. Алдыңғы, басты мәселелерді шешейікші, бәрі орнына келеді.
Бұл проблемалар туралы, оларды қалай шешу керектігі жөнінде ұзақ айтуға болады. Бірақ, оның қажеті шамалы. Шешу жолдары мәселелер айтылған сөйлемдердің ішінде тұр. Тек үш нәрсеге ерекше көңіл бөлгім келеді:
1. Ұстаздықты қоғамдағы ең маңызды, ең қалаулы мамандыққа айналдыру (Фильмдер түсіру, атақтар беру, әлемді аралату, баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік жеңілдіктер жасау, жалақыларын ең жоғары етіп тағайындау). Мұғалім болу балалардың арманына айналсын. Оқуға түсерде бір орынға он адам таласатын болсын;
2. Болашақ мұғалімдерді дайындайтын Педогогикалық оқу орындарындағы ұстаздардың мәртебесін, айлығын арттыру. Ол жұмысқа ең үздіктерді таңдап алып, оларға барлық жағдайды жасау. Жастар өте сапалы білім алып шығатын болсын;
3. Мектеп басшылығына жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шыққан мықты мұғалім таңдап алынсын. Оларға арнайы білім жетілдіру курстары ашылып, басқару, ұйымдастыру машықтары үйретілсін.
Ал бұл үшеуін істемей тұрып жасаған реформаның, енгізілген өзгерістің ешқайсысы жемісті болмайды. Атты арбаға жегуге болады, бірақ, арбаны атқа емес. Ал қазір біз атты арбаның артына байлап қойғанбыз. Тұр сол байланған орнында.
P.S. Ырысбек пен Назым ақылымды алды ма, сол жерде қалдырды ма білмедім.😊 Қызымды ойлап отырмын: дәл қазір алғашқы қоңырауы аяқталып, Алматының көлік кептелісінде тұр ма екен? Жоқ, іргедегі мектепке бағана барып келіп, үйде қуыршағымен ойнап отыр ма екен? — деп😴