КӘСІПКЕРЛІКТІ, ТУРИЗМДІ, АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРЫЛАДЫ
Әли БЕКТАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты
Президент Парламент депутаттары алдында негізгі жеті міндет қойды. Қойылған міндеттердің бәрі еліміздің әлеуметтік-экономикасын дамытуға, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін одан әрі жақсартуға бағытталған. Еліміз экономикасының негізгі бөлігін орта және шағын кәсіпкерлік алады. Қазақстан халқының да тұрмыс-тіршілігі деңгейін артыруда да орта және шығын кәсіпкерліктің алатын рөлі өте зор. Елбасы кәсіпкерлікті дамытуға үнемі баса назар аударып келе жатыр, бүгін де осы саланы ілгерілету жөніндегі заңдарды қабылдау туралы тапсырмалар берілді. Маңызды мәселелердің бірі – туризмді дамыту болып отыр. Қазақстандағы туризм – бұл біздің экономикамыздың маңызды бөлігі және келешегі деп айтуға болады. Елбасы туризмді дамытуға қатысты көптеген шаруалар атқарылатыны туралы атап өтті.
Ауыл шаруашылығы – біздің экономикамыздың негізін құрайтын басты салалардың бірі. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді ынталандыру мен оны сақтандыру, осы саладағы ветеринарияны жетілдіру мәселелері туралы айтылды. Соның ішінде серіктестік несиелері туралы мәселелер де шешімі табуы тиіс салалардың бірі деп есептеймін. Тұрғын үй шаруашылығын дамыту, Қылмыстық кодексті жетілдіруге байланысты мәселелер де аса маңызды екені айқын. Сондай-ақ еліміздегі өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың жұмысын заңдастыру, олардың табысына қатысты мәселелер де шешімін табуы тиіс.
Тағы бір үлкен мәселенің бірі – жаңадан ашылып жатқан Түркістан облысын дамыту және Түркістан қаласын өркендетуге қатысты мәселелер туралы айтқым келеді. Бұл бір аймақты дамыту ғана емес, бүкіл түркі әлемі көз тігіп, күтіп отырған отырған тарихи шешімдердің бірі деп есептеу керек. Түркістанның мәдени және рухани орталық ретінде дамуы – туризмнің дамуына, экономиканың дамуына, сол өңірдің дамуына ықпал етеді, рухани жаңғыру аясындағы ауқымды шаралардың бірегейі болмақ. Ал 1 миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласын үшінші мегаполис ретінде дамыту біздің еліміздің экономикасын, әлеуметін байқататын фактор болып отыр. Сондықтан, бүгінгі айтылған тапсырмалар Парламент депутаттарына үлкен міндеттер жүктеп отыр.