Павлодар мемлекеттік университетінде «Проммашкомплект» ЖШС-ің мамандандырылған аудиториясы ашылды
Үш мыңға жуық жасөспірімдер С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде бірінші курс студенттері ретінде жаңа оқу жылын бастады.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген ПМУ ректоры, философия ғылымдарының кандидаты, Гаухар Ахметова оларды Білім күнімен құттықтап, 58-ші рет қабылданған студенттер толқыны университеттің дамуына тың серпін қосатынына сенім білдірді.
Сонымен бірге, жаңа студенттерді «Railways systems KZ» ЖШС-ің өкілі Артур Хачатурян, «Проммашкомплект» ЖШС-ің бас директоры Станислав Цупа, металлургия, машина жасау және көлік факультетінің құрметті деканы Төлеуғазы Тоқтоғанов және университеттің ардагрелре Кеңесінің төрайымы Раиса Мұстафина құттықтады.
Білім күнінде унвиерситеттің металлургия, машина жасау және көлік факультетінде «Проммашкомплект» ЖШС-ің мамандандырылған аудиториясы ашылды. Бұл шара кәсіпорын мен жоғарғы оқу орнының өзара тиімді әріптестігі бағдарламасындағы тағы бір тармақтың орындалғанын білдіреді.
– Бизнес өкілдерінің оқу үрдісіне белсенді араласуы заман талабына айналып отыр. «Проммашкомплект» ЖШС-і темір жол саласындағы машина жасау саласының көшбасшысы болғандықтан біз мұндай әріптестерге әрқашанда зәруміз, – деді Гаухар Ахметова.
Әріптестік бағдарламасы шеңберінде «Проммашкомплект» ЖШС-і аудиторияны оқыту үрдісін тиімді жүргізуге қажетті құрал-жабдықтар мен ақпараттық-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етті. Айта кету керек, унвиерситет студенттері бұл кәсіпорында алты жыл қатарынан өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан өтіп келеді.
Әлихан Рахметоллаұлы