Медициналық поезд Павлодар облысындағы 14 ауылдың тұрғындарына көмек көрсетеді
Медициналық пойыздар Қазақстанның шалғай станциялардағы тұрғындарына көмек көрсетеді. 2018 жылдың 3 қыркүйегінде Қарағанды және Алматы-2 бекетінен «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары еліміздің әр түкпіріне бағыт алды.
Үш ай бойы пойыздар еліміздің шалғайдағы теміржол бекеттерінде тоқтап, жақын маңдағы ауылдар мен стансалардың тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Павлодар облысына «Саламатты Қазақстан» пойызы қыркүйек айының 21-і күні келіп, қазан айының 10-на дейін 14 елді мекеннің тұрғындарына медицианлық көмек көрсетеді. Пойыздардың медициналық бригада құрамында терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты білікті дәрігерлер бар.
Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған, оның ішінде компьютерлік спирометрлік жүйе, эхоэнцефалограф, диагностикалық жүктеме сынақтарын жүргізуге арналған кардиологиялық мониторинг жүйесі, сондай-ақ рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтардың соңғы үлгілері бар. «Саламатты Қазақстан» пойызы Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарының шалғайдағы 57 станцияларының тұрғындарына көмек көрсетеді.
Естеріңізге сала кетсек, «Медициналық пойыздар» жобасы алғаш рет 2010 жылы іске қосылған болатын. Осы уақыт ішінде консультациялық-диагностикалық пойыздарда еліміздің барлық облыстарынан 1326 станция тұрғындары тексеруден өтті. Мамандар 379 000 қазақстандықты тексерістен өткізді, оның ішінде 83 806 емделушілер — балалар. Дәрігерлік қабылдаулардың жалпы саны шамамен 2,5 млн-ды құрады.
Әлихан Рахметоллаұлы