Павлодарлық кәсіпкерлер Астаналық әріптестерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды

Павлодарда Елорданың 20 жылдығы аясында Астанамен әріптестікті нығайтуға арналған бизнес-форум өткізілді. «Астана қаласы – Павлодар облысы арасындағы аймақаралық әріптестік» атты форумға мемлекеттік органдар басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

— Біз аймақаралық әріптестікті белсенді түрде дамытудамыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Жайық Шарабасов. – 2015 жылы Қазақстан өңірлеріне жалпы сомасы 465 миллиард теңгеге өнім жөнелтсек, былтырғы жылы бұл көрсеткіш 496 миллиард теңгеге жетті. Астанаға тасымалданатын өнім көлемі 3,6 есеге артты.

Павлодар облысы Астанаға қара және түсті металлургия, тау-кен өндіру, химия өндірісі өнімдері, металл құрастырылымдар және өзге де тауарлар жеткізеді. Ертіс өңірі кәсіпорындары Елордаға тасымалданатын өнім көлемін арттыруға ниетті. Өз кезегінде астаналықтар тәжірибелерімен бөлісті.

Астана қаласының инвестиция және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров бас қаланың 20 жылда жеткен жетістіктерін айтып өтті.

— Өткен уақыт ішінде Астана тұрақты, әрі түгелдей дербес шаһарға айналды. Бір ғана мысал, жиырма жыл ішінде Астананың дамуына мемлекеттік бюджеттен екі триллион теңге бөлінсе, сол уақыт ішінде тек салықтан түскен қаражат көлемі бес триллионға таяды. Өткен жылы бір триллион теңге инвестиция тартылды. Оның 200 миллиарды шетелдіктерге тиесілі. Ең қызығы, басты инвесторлар шағын кәсіпорындар болып келетінінде. Бұл үлкен жетістік. Бүгінде Астана мемлекеттік қызметкерлер қаласынан кәсіпкерлер қаласына айналып келеді, — деп мәлімдеді Әлішер Әбдіқадыров.

Бизнес-форум соңында сауда және туризм, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, экология, құрылыс, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары, спорт және жастар саясаты салаларында екіжақты  меморандумдарға қол қойылды.

 

Әлихан Рахметоллаұлы