Екібастұздағы жаңа электр станциясы жеті бірдей зауытты электр энергиясымен қамтамасыз етеді

 

Екібастұз қаласында елімізді индустриалды-инновациялық дамыту аясындағы мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған жаңа электр станциясының ашылу салтанаты өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек атап өткендей, Павлодар өңірі – жоғары технологиялық өндірістердің арқасында еліміздегі жалпы ішкі өнімнің артуына үлкен үлес қосып жатқан Қазақстан экономикасындағы көшбасшылардың бірі.

— Аймағымызда жылдам қарқынмен дамып келе жатқан Екібастұз темір жол кластері үздіксіз әрі сапалы берілетін, сонымен қатар заманауи және инновациялық технологиялармен жабдықталған электр энергиясын қажет етеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Екібастұз кластері барлық инфрақұрылымдық қажеттіліктерді өтейтін жоғары технологиялық әрі заманауи құрылғылармен жабдықталды. Елбасымызды

ң бұл шешімінен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік бағдарламасы аясында үкіметтің ұлттық өндірушілерге деген қамқорлығын көруге болады, — деді Ұлан Жазылбек.

Жаңа станцияның жұмыс қуаты 80 мегавольт-амперге дейін жетеді. Бұл станция кластерлерді үздіксіз энергиямен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ТМД аумағындағы теміржол дөңгелектерін, арбалар мен бағыттамалық пойыздарды жасап шығаратын «Проммашкомплект» зауытын, вагондар мен электровоздарға арналған темір жол осьтері мен дөңгелек жұптарды дайындайтын «R.W.S. Wheelset» зауытын, темір жолға арналған брустерді шығаратын «R.W.S. Concrete» зауытын, темір жолдардың жоғары құрылымдарын ретке келтіретін түрлі құрылғылар дайындайтын «R.W.S. BINDING» зауытын электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

— Мемлекет басшысының қолдауымен аз уақыттың ішінде теміржол кластері салынды, — деді «Railways Systems KZ» ЖШС бас директоры Артур Хачатурян. – Бұл кластер Қазақстандағы және өзге де елдердегі темір жол транспортына арналған өнімдердің ірі спектрін шығарады. Ассортименттер көп, соған орай шығарып жатқан өнімдердің көлемі жылдам өсуде. Аймақта осы бағыт бойынша 1500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, «Railways Systems KZ» мамандарды даярлайтын оқу орталығы ашылды. Сонымен қатар, біздің шығарып жатқан сапалы өнімдерімізді мақтан тұтатын көптеген жоғары білімді мамандар бізбен бірге жұмыс жасағысы келетіні қуантады.

«Екібастұз аумағындағы «ФерроТрансТрейд» ЖШС-нің ПС 220/35/10 кВ құрылысының жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрады. Құрылыстың салынуы лизингтік түрде қаржыландырылды. Яғни «БРК-Лизинг» АҚ 1,84 млрд. теңге көлемінде қаржыландырса, қаржының қалған бөлігін жеке өнеркәсіп орындары берді.

Жаңа технологиялар мен құрылғыларды пайдаланып, Павлодар аймағының суық климатын негізге ала отырып, жаңа станция жобасын «Siemens» компания жасап берді. Станцияның есептік қуаты 41,36 мегавольт-амперді құрайды, ал резерв қуаты 80  мегавольт-амперге дейін. Бұл теміржол кластеріні екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы