«ЕСІЛДЕГІ ШАЙҚАС» ЕЛДІҢ РУХЫН КӨТЕРДІ
Тамылжыған тамыз айының ең соңғы күнінде, дәлірек айтқанда, кешінде Есілдің сол жағалауында орналасқан «Алау» спорт сарайында аралас жекпе-жекті кәсіп қылған сайыпқырандардың «Fight Night Global-88» турнирі өтті. «Есілдегі шайқас» («Битва на Есиле») аталған спорт кеші талайдың таңдайынан әлі талай жыр болып төгілері сөзсіз.
Тек қана спорт шарасы өткен зал ғана дұрыс таңдалмаған және телекөрермендер «Хабар» арнасынан тікелей эфирде тамашалай алмады демесеңіз, ұйымдастыру алқасына артар еш өкпе жоқ. Делебеңді қоздырар рухты әндер, орынды қойылған жарық, әділ әрі жанашыр төрешілер және ең бастысы намысын бәрінен биік қойған күресшілердің өнері жиналған қалың көпшіліктің көңілінен толықтай шыққаны анық. Әсіресе, төрешілердің жекпе-жек басталар тұста көрермендердің көз алдында жария түрде түсіндірген ережелерін гардеробта да файтерлердің «сынық» құлағына құйып жатқанын көзбен көргенімізді айта кетейік.
Сонымен кезекті «Fight Night Global-88» турнирінде бас-аяғы 10 жекпе-жекке куә болдық. Оның үшеуі ғана соңғы секундқа дейін ұласып, төрешілердің шешімімен жеңімпаз анықталды. Октагонға ең бірінші болып 61,2 келі салмақта ел намысын қорғаған Данияр Қойшыбек пен өзбекстандық Әулие Хамидов көтерілді. Алғашқы раундтың белортасына жеткен сәтте Данияр өзбек күресшісінен айласын асырып, қылғындыру әдісімен жеңіске жетті. Бұдан кейін 65,8 келі салмақта ресейлік Владимир Ишменев пен отандасымыз Фархад Сәрсенбековтің жекпе-жегі соңғы раундқа дейін созылды. Қазақ жігіті үш раунд бойына белсенді көрінгенімен төрешілердің шешімі басқалай болып, В.Ишменев ұпай көрсеткішімен жеңіске жетті.
Фархадтың жеңілісінен кейін көрермендер бірыңғай қазақ файтерлерінің жеңісіне әрі бірыңғай алғашқы раундта-ақ тіркелген нокауттарға куә болды. Аталмыш 4 жекпе-жектің нәтижелері төмендегідей:
70.3 келі — Ильсур Хамзин (Ресей) мен Николай Самусеев (Қазақстан). Самусеевтің жеңісі (ТКО, 4:51 1р.);
65.8 келі (қыздар) — Алена Горчинская (Ресей) мен Зәмзәгүл Файзоллақызы (Қазақстан). Зәмзәгүлдің жеңісі (ТКО, 2:33 1р.)
56.7 келі — Бобурмирзо Юсупбоев (Өзбекстан) және Мұхаммед Мейрамов (Қазақстан). Мейрамовтың жеңісі (ТКО, 2:36 1р.)
65.8 келі — Раджабали Файзидин (Тәжікстан) және Жасұлан Әкімжан (Қазақстан). Жасұланның жеңісі (ТКО, 3:15 1р.)
Осылайша, спорт кешінің де белортасына жете берген сәтте октагонға 61,2 келі салмақ дәрежесінде Ресейден келген Мұхаммед Әминов пен қазақстандық Жұман Жұмабеков көтерілсе, жанкүйерлердің тағатсыздана күтіп отырған жекпе-жектерінің бірі осы екі файтердің кездесуі болатын. Кәсіби спорттағы жеңісті жолы тым жақсы жалғасып келе жатқан Жұманнан жеңіс күткеніміз рас. Дегенмен, ұрымтал сәттің бірінде М.Әминов шынтағымен Жұманның қабағын жарып жіберді. Бірінші раундтың жартысынан енді аса берген уақытта дәрігерлердің шешімімен жекпе-жекке нүкте қойылды, жеңіске ресейлік күресші жетті. Дәл осы салмақта тағы бір ресейлік файтер Фаруджулла Құрбанов қазақстандық Сәбит Жүсіповпен жекпе-жекке шықты. 15 минут бір-бірін таза жеңе алмаған қос мықтының жүздесуін төрешілер Сәбиттің қолын көтеру арқылы түйіндеді.
Кештің басты жекпе-жегіне дайындалып жатқан ресейлік Тагир Ұланбековтен бұған дейін бір рет жеңілген Асу Алмабаев 56,7 келі салмақта тағы бір ресейлік Сауд Карагишовпен кездесіп, ышқынған қарсыласын 2-раундта сабасына түсірді. Асудың жеңісті жолын Жалғас жалғай ала ма және Тагирге кеткен есесін қайтара ала ма, міне, осы сұрақ «Есілдегі шайқастың» басты жекпе-жегін күтіп отырған көрермендердің көкейінде сайрап, көздерінен айқын көрініп тұрды. Өйткені, атақты Хабиб Нурмогамедовпен бірге жаттығып әрі бапкері Хабибтің әкесі Абдулманап Нурмогамедов саналатын Тагир Ұланбеков өте мықты қарсылас, бұған дейін өткізген 6 жекпе-жектің барлығында жеңіске жеткен тегеурінді файтер еді. «Боец» арнасының телекөрермендерінің және «Алауға» жиналған алты Алаштың баласының назарын аудартқан жекпе-жек басталысымен-ақ Жалғас Жұмағұлов та, Тагир Ұланбеков те қол-аяғын қатар сермеп, шабуылға көшті. Десе де, екі раунд бойына Жалғас қарсыласын соққының астына қанша алса да, Тагир ет пен сүйектен емес, бейне бір темірден жаралғандай мыңқ етпеді. Керісінше, көп күш жұмсаған Жалғас шаршап қалды ма, 3-раунд аяқталуға 20 секундтай қалғанда Тагирдің бір соққысын өткізіп, нокдаун алды. Жерге құлаған қарсы-ласын Тагир аясын ба, оңды-солды қазақ файтерін қапшықша ұрып жатқанда орнынан түрегеп, шуламаған көрермен қалмаған шығар, сірә. Абырой болғанда, гонг дауысы естіліп, Жалғастың демалып алуына мүмкіндік туды. Жарыс алдында «Маған қарсыласым чемпион ба, чемпион емес пе, ол жағы маңызды емес» деп, яғни, кіммен шықса да барын салып күресетінін айтқан Жалғастан жігерлі мінез байқадық. Қалған екі раундта өте ширақ қимылдай алмаса да, қарсыласынан сескенбей, бел кеткенше күресіп бақты. Қанша төпелеп жатса да неліктен Тагирге соққысы қатты тимейді десек, Жалғастың 2-раундта оң қолының саусағы сынып кеткен екен. Сынық саусақпен 3 раунд өткізіп, өліспей беріспейтінін білдірткен Жалғастың соңғы раундтарда қазақша күрес стилінде қарсыласын жамбасқа алып ұрған кезде рухы оянып, иығында күш пайда болған көрерменнің көптігін көрдік.
Сөйтіп, Ж.Жұмағұлов Асудың жеңісті жолын жалғап, Тагирде кеткен есені қайтарды. Төрешілердің шешімімен ақтөбелік файтер Ж.Жұмағұлов жеңіске жетіп, отызында бұзған ордасы — «Fight Night Global-88» турнирінің белбеуінің су жаңа иесі атанса, Тагир де, оның бапкері А.Нурмогамедов те көпшілік алдында төрешілердің шешімімен келіспейтінін ашық жеткізді.
Жоғарыда «Есілдегі шайқас» елдің таңдайынан әлі талай жыр болып төгілері сөзсіз деген едік. Бұған бір себеп — негізгі жекпе-жектің нәтижесіне Тагир және оның бапкерлерінің көңілінің толмауы. Тіпті, әлеуметтік желілерде даңқты Хабиб Нурмогамедовтің сол жекпе-жектің әділ өтпегендігі туралы айтқан пікірі лезде тарап кетті. Қалай дегенмен де, Жалғас жарады, спорт кеші елдің рухын көтерді, қазақ файтерлерінің UFC-ден көптеп төбе көрсетуіне аз уақыт қалғанын тағы бір дәлелдеді.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ