Тоқтар Әубәкіров тірі ғаламшар барына сенеді, сіз ше?

1947 жылы шілде айында Розуэлла қаласы маңында болған оқиға (Розуэлльский инцидент) өзге планеталықтарға деген қызығушылықты арттыра түсті. Ғалымдар жан-жақты зерттеулер жүргізгенімен, нақты нәтижеге қол жеткізе алмады. Уақыт өте келе қызығушылық бәсендеді. Сексенінші жылдары қайтадан өзге ғаламшарлықтар бар деген фотошоптар мен бұлтартпас айғақтар пайда болып, зерттеулер қайтадан жандана түсті. Содан бері талай жылдар өтсе де тылсым әлемді игеру бір тоқтар емес. Ғалымдар тылсым әлем қожайындарын күтпей өздері қонаққа аттанудың жолдарын іздестіруде. Сонымен қайтсек, адаспайтын дұрыс жолды табамыз?

Өзге планеталықтарды күн жүйесінен әлі кездестіре қоймадық. Бізге ең жақын орналасқан жұлдыздар жүйесі — альфа центавра. Күн жүйесінен айырмашылығы бұл жерде 2 үлкен және 1 кіші жұлдыз орналасқан. Нақтырақ айтатын болсақ, күннен де көлемді әрі жарығырақ А, күннен көлемі қайтыс В және Проксима центавра (куннен кейінгі жер ғаламшарына жақын жұлдыз) атымен белгілі кішкентай қызыл С жұлдыздары.
Астраномдар жақын арада жерге қатты ұқсайтын ғаламшардың бар екенін жариялады. Бұл ғаламшар қазір Б жұлдызын айналып жүр деген мәлімет бар.
Тылсым ғаламшарда тіршілік болуы әбден мүмкін. Бірақ сол жерге жету үшін адам баласына 40 триллион километр қашықтықты артқа тастауына тура келеді. Ғарыш тілімен айтсақ, бұл дегенміз бір аттам жер секілді. Тіпті күн гравитациясы белгісіз ғаламшарға апарар жолдың бел ортасына жетіп қалады. Осыған қарамастан, адамдар үшін саяхатқа аттанып кету әзірге мүмкін емес. Жаңа технологияларға қол жеткізгеннің өзінде бұл ғаламшарға ұшып жету үшін 20 000, тіпті 30 000 жыл уақыт жұмсауға тура келеді.
Алайда Стивен Хокинг бұл тұжырыммен келіспеді. Әйгілі физик қаншама қашықтықта жатқан жұлдызға жиырма жыл ішінде жете алатынымызға сенімді болды. Ғалымның сөзін дәлелдей түсетін жаңа технология, тұжырым пайда болды. Негізгі ой —ғарыш кемесін электронды құрылғылар-да қолданылатын криссталды бөлшектің (чипы) көлеміндей етіп кішірейту және оны желкенмен қамтамасыз ету. Наноаппарат камерадан, навигация құрылғысынан, фотондық қозғалтқыштан және қажетті ақпаратты жерге жіберіп отыратын арнайы лазерлі жүйеден тұратын шағын робот іспеттес болады. Ең басты құрылғы жарық желкені. Ғажабы сол, теория жүзінде шағын ғана құрылғы сағатына 160 миллион километр қашықтықты басып озатыны айтылуда.Бұл дегеніміз альфа центавра жұлдызына біз ойлағаннан да аз уақыттың ішінде жетеміз деген сөз. 2016 жылы сәуір айында ресейлік кәсіпкер Юрий Мильнер Стивен Хокингпен бірігіп, құны 100 миллион тұратын жобаны әлемге паш етті. Зерттеудің мақсаты — аталмыш жүйеге жүздеген желкендерді жіберіп, қадағалап отыру болды.
Ғарыш әлемінен өзге планеталықтырдың ізін табамыз деген қадамдары күмән туғызатыны да хақ.
Себебі қуатты лазерлі сәуле желкенді ерітіп жіберсе саяхат басталмай жатып аяқталуы мүмкін. Көзделген межеге жеткен күннің өзінде белгілі бір қайшылықтарға тап болуы ғажап емес. Мәселен, құрылғы қандай да бір бөлшектермен соғысып қалса, жарамсыз болып, ақпаратты жеткізу қызметінің әлсіреуіне бірден әсер етеді. Екінші жағынан, альфа центавра жұлдызында тіршілік бар деген нақты айғақтар жоқ.
Астраномдардың зерттеулер аясында тіршілік болуы мүмкін аймақты тапқандары рас. Бұл ғаламшардың массасы салыстырмалы түрде жердікімен тең болады. Бірақ бізге ғаламшар мен жұлдыздың арасындағы қашықтық небәрі 6 миллион километр құрайтыны аян. Ендеше осындай ғаламшардан тіршілік нәрін іздеген ақылға қонымды ма ? Салыстырмалы түрде қарасақ, күн мен оған ең жақын орналасқан меркурийдің арасындағы орташа қашықтық 58 миллион шақырым қашықтықты құрай-ды. Оның үстіне британдық ғалымдар альфа центавра жұлдызын айналып жүретін ғаламшар бар деген тұжырымдаманы ақпараттардың дұрыс сараланбауының нәтижесі және ондай ғаламшар мүлдем жоқ деп жариялады. Дегенмен планетологтар әлі де үміт үзбейді. Теориялық зерттеулер жүйеде жерге ұқсас ғаламшарлар болуы ықтимал деген болжамдарды ұсынады. Олар тіршілік етуге болады деген аймақтарда орналасуы мүмкін және бұл дегенміз — өмір бар деген сөз. Аталмыш жобалардағы желкендер жұлдыздарға, белгісіз ғаламшарларға жетуде қолданылатын ең тиімділері болып табылады. Егер құрылғыны қозғалту үшін күн жарығының қысымын немесе лазерлі айнаның бетін қолданса отыннан бас тартуға болады. Бұл әдісті жүйелі түрде қолдана білу ғарыш кемесінің қызметін арттырмақ. Ғарыш кемесіне ең қажетті жеңіл, бірақ мықты әрі үлкен желкенді жасап шығару үшін инженерлерге біраз тер төгуге тура келеді.
Күллі әлемде адамзаттан басқа тірі жан жоқ деп біреу сандыраққа теңесе, біреу сеніп, ғаламшарымыздың бір түкпірінде құпияға толы ғарыш әлемін барлауда. Көзі үлкен, басы дәу құбыжық мені өз әлеміне алып кетіп, есімнен тандым деп талай жазылған шытырман оқиғаның шындыққа айналу, айналмауы бізге де қызық. Тоқтар Әубәкіров ағамыздың өзі табақшаны өз көзімен көргенін, бөгде ғаламшарлықтардың барына сенетінін айтады. Сіз ше?

Сәттібаева Гүлзат