Шекара маңы жалаңаштанып барады

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиновпен жедел сұхбат

Шекара — жеріміздің қамалы, тұтастығымыздың айнасы. Ол берік болмай, ұйқы тыныш болмасы белгілі. Қауіп ешқашан айтып келмейді. Алла Тағаланың өзі «Сақтансаң ғана сақтаймын» деген. Онда біздің жайбасар кейпімізге жөн болсын!

Еліміз бойынша шекаралық аудандардағы халық саны жыл өткен сайын азайып

келе жатқаны айтыла-айтыла жауыр болды. Жыл сайын кемінде 3-4 мыңға жуық

тұрғын облыс орталықтарына қоныс аударуда. Елдің етегін жалаңаштап жатқан бұл

әрекетті тоқтатып, шұғыл қолға алмаса, шекара шебімізді қорғайтын халық қалмайтын

түрі бар. Шекараның мықты болуы ондағы әскерлердің санына ғана емес, шеп бұзбай

отыратын халықтың санына да байланысты екенін айтып жату артық. Көптің көкейіндегі

осы қорқынышты тамыршыдай дөп басып, мәжілістің пленарлық отырысында

ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдаған Берік

Дүйсенбинов тарқатқандай болды. Мәжіліс соңында ол кісімен осы депутаттық сауал

төңірегінде сұхбат құрудың сәті түсті.

— Қазақ «Жығылғанға жұдырық болды-ау» деп жатады кейде мүсіркеп.

Оның мәнісі өзі қиналып жатқанда тағы бір іс кеп килікті-ау дегенді білдірсе керек. Бүгінде жер мәселесі халық пен биліктің талқысына салынып жатыр. Осындай уақытта шекараға таяу отырған елді мекендердегі халықтың жанайқайын Үкіметке жеткіздіңіз. Бұл — үлкен проблема. Сөз саптасыңыздан байқағанымыз, сіздің қорқынышыңыз да ала-бөтен секілді?

— «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартты» деп мені ешкім кінәламас деп ойлаймын. «Темірді қызған кезінде соғу» — азаматтық борышым. Өйткені шекарамыз жалаңаш жатыр. Шығыс Қазақстан облысында Қатонқарағай, Күршім деген табиғаты керемет аудандар бар. Мен өзім осы жақтың азаматымын, сондықтан бәрі менің көз алдымда. Әр тасы, әр белесі дегендей. Жиі аралайтын болғандықтан, көңілімде қорқыныш басым. Ауыл-аймақтың ақсақалдарымен

кездескенде олар: «Біз сүйегімізді сүйретіп Астанаға, Өскеменге, Алматыға қайдан барамыз, осы жерде өлгіміз келеді. Ауылда қалған біз секілді кемпір-шалдар ғана. Содан кейін аз-маз мал ұстап отырған адамдар бар. Қалғандары түгел көшіп жатыр. Мектеп жабылғасын олар қайтпек? Бала-шағаның қамымен, күнкөріс үшін атамекендерін тастап кетпегенде қайтеді? Мына жақтан қазір Қытай шаруалары қолдарына айыр алып таудан түсер болса, оларға қарсы тұрар ауылда адам қалмай бара жатыр», — деп, қорқыныштың көкесін айтты. Сосын, қарап отырсам, шекараға таяу орналасқан Нарынқолда да осындай жағдай. Марқакөл мен Алакөлде де осы кеп. Басқа өңірлердің де оңып тұрғаны шамалы. Тарқатып айтсам, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарындағы шекаралық ауылдардың жағдайы сын көтермейтіндіктен, халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру мәселелерін мемлекеттік деңгейде шұғыл қолға алуымыз қажет. Шынын айту керек, бұл мәселе халықты қатты алаңдатып отыр.

Өкінішке орай, бұған ешкім назар аударар емес. Менің қорқынышым бұл да ертең шетін мәселеге айналып кете ме деген ойдан туды.

 

«ЖАБЫЛҒАН МЕКТЕП САНЫ ШЕНЕУНІКТЕРГЕ ТЕК ЦИФР БОЛСА, БІЗ ҮШІН АУЫЛ ТАҒДЫРЫ»

— Сіз депутаттық сауалыңызда «бір оқпен екі қоянды» атып отырсыз. Біреуі —

шекарадағы жер мәселесі, екіншісі — сол маңдағы мектептердің қазіргі жағдайы.

Егер Үкімет депутаттық сауалыңызға назар аударып, бұл тығырықтан шығу үшін

нақты қадамдарға барып жатса, Үкіметке қандай ұсыныс айтар едіңіз?

— Ең бірінші, шекаралас аудандарға халықтың тұрақтануына жағдай жасауымыз

керек. Есін жиып, етегін қымтаған елдің ең бірінші қолға алатын басты мәселесі

шекара шебін бекемдеу болып табылады. Сол жерлердегі кәсіпкерлерге жеңілдік

жасау да кезек күттірмейтін мәселе. Бүгінгі халықаралық жағдайдағы тұрақсыз

дүрбелеңдер мемлекеттің басты назарын осы мәселелерге аударуды талап етеді.

Мектеп, білім ордасы болумен бірге, бүгінге ауылдағы жұмыс беретін орын, ауылдың қасиетті қара шаңырағы. Маңыздылығы жағынан ауылда орналасқан бірде-бір мемлекеттік орган ауылдағы мектепке тең келе алмайды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: бұл жаққа халық баратындай мүмкіндік туғызу Үкіметтің күн тәртібінде тұруы керек. Егер қазақтың кіндігін жермен байламасақ, қаңбақ құсап осылай көшіп жүре береміз. Сондықтан халықтың жан айқайына құлақ түріп, әсіресе шекараға таяу елді мекендерге қатты көңіл бөлу мемлекеттің тұтастығы үшін қажет.

— Депутаттық сауалыңызда Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сай,

елімізде орта есеппен жылына ондаған мектеп жабылады деп қалдыңыз. Бұл

шалғай ауылдардағы мүшкіл халдің көрінісі секілді. Жүрек шошытар бұл

деректерді қайдан алғаныңызды айта кетсеңіз.

— Бұл — бұдан 5-6 жыл бұрынғы бір ғана облыстағы дерек. Басқаны сөз етпей-ақ

қоялық. Жыл сайын шекара аумақтарында 5-6 мектеп жабыла берсе, 10 жылдан кейін сол ауылдардан не қалатынын есептей беріңіз. Жыл сайын жабылған мектеппен бірге сол ауылдың шаңырағы құлап, ошағы өшті деп санаңыздар. Мүмкін, шенеуніктерге жабылған мектеп саны тек қана цифр болса, бізге ол осы ауылдағы адамдардың тағдыры, ауылдың тағдыры. Мысалы, бір ғана Шығыс Қазақстан облысы бойынша алсақ, 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп өз жұмысын тоқтатқаны аза бойыңды қаза қылады. 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде Зайсан, Қатонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен. Бұл аудандардың барлығы Қазақстанның

шекаралық аймақтары. Шығыс Қазақстан облысында тек 2009-2010 оқу жылында

балалар санының азаюына байланысты 19 мектеп, 2010-2011 білім беру аралығында

17 мектеп, 2011-2012 оқу жылында 13 мектеп жабылған. 2012-2013 оқу жылында об-

лыс бойынша 20 жалпы білім беретін мектеп жабылып, 6 мектеп

қайта ұйымдастырылған. Жалпы, 2009 жылдан бастап облыста 69 мектеп

жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Қайта ұйымдастырудың да тигізер кесірі коп. Өйткені 11 жылдық мектептер тоғыз жылдық немесе тоғыз жылдық мектептерді бастауыш мектептер мәртебесіне ауыстырады. Бұл да халықтың

көшуіне оз әсерін тигізуде. Ешкімді көшпеңдер деп құр сөзбен алдарқатып ұстап отыра алмайсың. Өйткені ауылдарда жұмыс жоқ. Мектептер жабылып жатыр. Оған себеп — баланың аздығы.

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» БАҒДАРЛАМАСЫ «АУЫЛҒА ЖЕТЕ АЛМАДЫ»

— Әрине, ел-жұрт жұмыстың жоқтығынан, басқа да материалдық тұрғыдан шалғай аймақтардан көшуін тоқтатар емес. Әсіресе шекаралық аймақтардың өзгенің көзіне күйік болып далиып жатуы да үрейді ұшыратыны рас. Біздің пайымдауымызша, мұндағы мектептердің жабылу себебі мектеп оқушыларының саны тиісті шекті

мөлшерге сай келмеуінен екені анық. Қолданыстағы мемлекеттік норматив

әрбір ауылдық елді мекенде мектеп жасындағы 5 немесе одан көп бала санымен бастауыш мектепті ұстауға жетеді. 41 және одан көп бала санымен негізгі мектеп жұмыс істеуге құқылы. 81 және одан көп бала санымен орта мектептің жұмыс

істеуіне кепілдік берілген. Шекаралас және шалғай аймақтардағы мектептердің

көптеп жабылуына осы нормативтердің кесірі тиіп жатқандай көрінеді.

— Дұрыс айтасыз, шекаралық аумақтарға орналасқан ауылдардағы халық санының азаю динамикасымен бірге, жоғарыда көрсетілген нормативтер, осы ауылдардағы мектептердің әрі қарай жабылуына өз ықпалын тигізіп келе жатқаны шындық. Сондықтан тиісті бағдарлама қабылдаумен қатар, бірінші кезекте шекаралас ауылдарға қатысты орта мектептің нормативтерін 81 баладан 41 балаға дейін түсіру қажет деп санаймыз. Мысалы, көршілес Қытай, Ресей мемлекеттері шекаралық аудандарын мықтылау үшін бар күштерін салып жатқаны

белгілі. Қытай Қазақстанмен шекаралас аудандарына халықты шоғырландырып,

мызғымас қамалды қалалар салып тастаса, Ресей Қиыр шығыстағы шекаралық аудандарына көшіп барушылар үшін гектарлап жер телімдерін тегін беруді қолға алып, жақында тиісті заң қабылдады. Жақында баспасөзде Жапониядағы

трамвай мекемесі шет ауылдан қалаға қатынайтын жалғыз оқушы үшін тоқтатылуы тиіс трамвай бағытын екі жыл бойы жұмыс істеткені жазылды. Шет ауылдағы бір оқушы мектебін бітіргенше, жалғыз жолаушы үшін трамвай қатынасын тоқтатпау Жапонияның жасампаз рухты ел екенін көрсетеді. Ал бізде жалғыз оқушы түгіл, жүздеген мектептер жабылып жатыр.

— Депутаттық сауалыңызда ауылды жандандыру үшін жаңа бағдарлама

керек деген ой айттыңыз. Бізде ондай бағдарлама болды ғой — «Дипломмен

ауылға»…

— Мен ол бағдарламаны қалай жүріп жатыр деген мақсатпен әбден зерделеп бақыладым. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жас мамандарды Астана мен Алматының маңынан шығара алмай қалды. Керек десеңіз, қалаға 20-30 шақырымның өзі ауылға айналып кетті. Бұл бағдарлама «Айдағаны бес ешкі, айқайлағанда жер жарадының» кебін киді. Мақсатына жете алмай орта жолда шөгіп қалды. Шалғай ауылдарға барған жастарды ынталандыру үшін бар жағдайларын жасаса, бүгінгі уайымның бірі болмас еді. Жас мамандарға көтерме деген Кеңес Үкіметінде болды ғой. Сол арқылы сырттан қаңғырып небір адамдар келді емес пе? Олар Қазақстанды жақсы көріп келмегені айдан анық.

— Үкімет басшысынан нені талап еттіңіздер?

— Біз Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалда аудандарда кәсіпкерлікті дамытуға, жас мамандардың қияндағы алыс ауылдарға барып, тұрақтап қалуына, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, сондай-ақ табиғи мүмкіндіктері бар аумақтарда туризмнің дамуына бағытталған ынталандыру шараларын қабылдау мүмкіндіктерін қарастыруды сұрадық.

— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Нағашыбай Қабылбек