АЖАЛ АРАЛЫНЫҢ ТҰТҚЫНЫ болған, бірақ қайсарлықпен ғұмыр кешкен Әли көкеміз биыл тоқсанға толды

Арал теңізінің қазіргі мүшкіл хал-күйінен хабардар оқырманға «оның бұрынғы жағдайымен таныссыз ба?» деген сауал қойғым келеді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін суы кемеріне сыймай шалқып жатқан Арал теңізінің ортасында аралдар болған. Олардың ең үлкен «Барсакелмес» аралы еді. Жетпісінші жылдардан бұрынғы Аралдың жағдайы бұдан да жақсы, тіптен ертегідей болған. ХХ ғасырдың басында орыстар Аралға келіп, содан Барсакелмес аралына жүзіп барғанда оның сұлулығына ауыздары аңқиып қалыпты. Табиғаты жап-жасыл, неше түрлі гүлдер, сыңсыған тоғай, адамдардан үрікпейтін аңдар мен құстар, мамыражай бейбіт өмір… Олар көп ұзамай бұл аралды мемлекет қарауына алып табиғи қорық етіпті. Бірақ Мәскеу назарындағы бұл таңғажайып аралды отызыншы жылдары картадан біржола алып тастап, оны зұлымдықтың ордасына айналдыра бастайды. Яғни бұл аралды бактерологиялық, химиялық қаруларды жасырын сынайтын сынақ алаңына айналдырады. Иә, сондай ғажайып сұлулықты бүлдіруге көзі қиып, нағыз барсакелмес ажал аралына айналдырған не деген зұлымдық десеңші!

Жетім балаларды тірідей сынаққа салған зұлымдар

Мұның бәрін сіздерге айтып миларыңызды ашытқандағы себебіміз Арал және оның Барсакелмес аралы бүгін сөз еткелі отырған біздің кейіпкеріміз, тоқсандағы Әли ақсақалымыздың тағдырымен сабақтас. Әли атамыздың өмірінің балалық шағы өксікке толы болды. Отызыншы жылдары өздеріңіз білесіздер қазақ халқының басына бұлт үйірілген нәубетті жылдар еді ғой. Ол кісі 1928 ж. дүниеге келгенде іле-шала байларды тәркілеу туралы Голощекиннің бұйрығы шықты. Содан соң араға екі-үш жылды салып қазақ халқының жартысын қырған аштық зобалаңы келді. Міне осындай дүрбелең шақтарда Әли көкеміз әке-шешесінен ерте айрылып, әлдекімдер оны жетімдер үйіне апарып тастайды. Он екі жасқа дейін Арыс қаласының жетімдер үйінде өседі. Міне осы кезде Әли көкеміздің өмірінде ерекше бетбұрыс басталады. Сөзді Әли көкеміздің өзіне берелік.
— Бірде біздің тұрып жатқан балалар үйіне үш-төрт әскери адам келді. Әлі есімде сол кезде «Соғыс басталды» деген жаман хабар да келіп жатқан. Жаңағы әскери адамдар балаларды сапқа тұрғызып он, он екі жасар балаларды таңдап ала бастады. Қателеспесем 15-16 баланы іріктеп алды. Біз ойладық, соғысқа алып жатқан болар деп. Жақсылап киіндірді. Әрқайсымызға тамақ, консерві салған рюкзак берді. Кешке пойызға мінгізіп, әлдебір жаққа алып кете барды. Бұл 1941 жыл болатын. Кейін білдім, бізді мұнда әкелген себебі химиялық, бактерологиялық сынақтар кезінде адам баласы қандай күйде болатынын зерттеу мақсатында екен. Яғни бізді тірілей сынаққа салып, қоян тәрізді құрбандыққа шалуға әкеліпті. Біздей жетімдер ол зұлымдар үшін таптырмас құрбандық емес пе? Өлсек ешкім іздемейді. Сонымен мен 1941 жылдан 1943 жылдың күзіне дейін Барсакелместе, одан соң 1945жылдың тамызына дейін Үстіртте болдым. Бізді бірден Барсакелместегі бір үлкен үй маңына алып келді. Алғаш сыртынан қарап, үй шығар деп ойлаушы едім, кейін оның бактериологиялық қару шығаратын биохимиялық зауыт екенін білдім. Өзіммен бірге келген балаларды қайда алып кеткенін білмеймін, олардан көз жазып қалдым. Маған қатерлі вирусты салған жоқ, себебі мені мал бағуға пайдаланды. Үш жыл Барсакелместе 500-ге тарта қой бақсам, кейін Үстіртте 150-ге тарта қойды екі жыл бақтым. Барсакелместе қойдың етін сол жердегі жұмыс істейтіндерге тамаққа пайдаланатын. Ал Үстіртте ғалымдар көрсеткен бағыт бойынша малды айдап отырдым. Яғни, онда жер астында атом бомбасын сынады. Жарылыстан кейін радиактивті магниттік өрісі мал мен адамға қалай әсер ететінін зерттеп, тәжірибе жасаған. Сонда алдымдағы қойдың жүні түсіп, бір аптада қызылшақаланып, құрттап өліп қалатын. Өзімнің де үсті-басым қотырланып, жара басып кететін. Басым айналып, ес-түссіз құлап қалған кезім көп болды, — дейді ақсақал.
Қарияның айтуынша, Кеңес Одағы бактерологиялық қаруды Аралдағы Барсакелместе шығарса, ал химиялық дәрілер Ташкентте жасалған. 1992 жылы Возрождениедегі барлық бактериялық зертханалар, құрал-саймандар Тайсойғанға көшірілді. Қазір сонда әлі күнге сынақтар жүргізіледі. Ал Тайсойған-ежелгі қазақтың жері, кейін Ресейге уақытша берілген. Оны ежелден қазақ «Қарақазан қақпағы» деп атапты.
— 1941 жылы бактерологиялық зертханаларды өз көзіммен көрдім. Онда әртүрлі дерттер ойлап шығарылды. 1924-1938 жылдары халықты жаппай қыратын бактерия-вирустарды еге бастады. Оны Барсакелместе жүзеге асырды. 1973 жылы Барсакелмес екі құрлық болып бөлініп кеткенде, әскери билік біреуі Возрождение болсын, екіншісі Барсакелмес болып қалсын деп шешім шығарған. Негізінен Қызылорда, Арал маңындағы тұрғындар, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Ақтау халқының едәуір бөлігі осы жасырын сынақтардың құрбаны болды. Сол жылдары көптеген қазақтар аурудан қашып, жан-жаққа қаңғырып кетті. Қатерлі дерт тудыратын дәрі егілген үйде бір жан қалмайтын, бәрі қырылды. Сол үйді ертеңгісін медбике барып тексергенде, баласын емізіп отырған әйелдерге дейін өліп қалатын. Содан соң оларды бензин құйып өртейтін. Қазақ солай қырыла бастаған соң, тұс-тұсқа босып кетті. Барсакелместе әр республикадан, әсіресе Ресейден келген академиктер, профессорлар жұмыс істеді. Олар қазақ халқына, жалпы Орта Азия халықтарына ауру тудыратын вирусты алдап егіп отырған. Қазақ жерінде осы бактерологиялық сынақтар жүргізу салдарынан оба, холера, күйдіргі, бөртпе сүзегі т.б. аурулар кең етек жайып, қаптап кетті. Қазақ халқының көбі осы аурулардан қырылды. 1953 жылы Ташкенттегі химиялық қарулардың барлығын Ақдалаға әкеліп көмді. Ақдалаға көметін кезде әрбір үйдің есігінің алдында екі милициядан тұрған. Үйден ешкімді шығармады. Ақдалада не болмаса Возрождениеде көмулі жатқан бөшкелер тозып жарылса, сол аудан маңында тұратын халық қырылады, тіпті енді жарылып та жатқан шығар, білмейміз, — дейді Әли ата.
Бүгінде Возрождение аралында 40 жылдан бері жануарларға, тіпті адамдарға да микробиологиялық сынақтар жүргізіліп келгені жасырын емес. Арал теңізінде балық аулап жүрген балықшыларды да қайығын аударып суға батырып, сынақ жасау үшін ұстап әкетіп отырған. Жастай жетім қалып, балалық шағын Барсакелмес пен Үстіртте өткізіп, басынан небір азапты өткізген жетім бала кейін ол жерден қашып шыққан соң ержетіп, ауыл шаруашылығы институтының гидрофакультетін бітіріп, академияда қызметке қалады.

Ақсақал шерткен Возрождениенің сұрқия құпиясы

— Возрождениені апатты жер деп атауға болады. Жұқпалы дәрі-дәрмектің барлығы сол жерде көмулі жатыр. Ол кезде жер астындағы зертханаларда ұшақтар ұшып кіріп шығатын. Қазір сол орындар, ұшақтардың кіретін жеріне дейін бұрынғы қалпында тұр. Олар сол жерге қанға толы РТ-250 деп аталатын бөшкені алып келетін. Тот баспайтын бөшке 2 қабаттан тұратын. Ақиқатын айтқанда, нағыз геноцид бізде болды. Өлген адамның қанын шприцпен сорып алып, бөшкеге құйып, зертханаларға алып келетін. Сол қаннан оба, безгек, қара шешек, холера ауруларының миллиондаған түрін тудыратын дәрілер жасайтын. 1946 жылы шыққан қаулыға сәйкес әр республикадан жинаған медбикелерді Арал теңізінің жанына шоғырландырды. Қазақстанның өзінен 800-ден аса медбике әкелді. Бәрін бір жерге орналастырды. Фрунзеден, Ташкенттен, Ашхабадтан, Душанбеден т.б. елдерден де медбикелер барды. Сынақ жүргізген 800 медбикеден екі-ақ әйел тірі қайтқан. Олармен қарым-қатынас жасап тұратынмын. Біреуі қазақ әйелі еді, 2001 жылы наурызда қайтыс болды. Екіншісі еліне, Украинаға кетіп қалды. Олар оба ауруына қарсы дәрі егеміз деп ауру тудыратын вакцинаны сап-сау адамға салатын. Содан соң медбикелер барып тексергенде, бәрі қырылып қалатын, бір адам аман қалмайтын. Ақтөбе мен Оралдың екі арасындағы Ойыл, Қобда дейтін аудандарда Возрождениенің зертханалары болды. Оны мен институтты бітірген соң, Ойылда 5-6 ай бойы тәжірибе-сынақ жүргізгенде байқадым. Ойылдан Ақтөбеге қарай келе жатқанымда мәшине басқа жолға түсіп кетіп, құмның ортасындағы зертхананың төбесінен түскенбіз. Сөйтсем, ондай зертхана Қазақстанда өте көп екен. Онда сау кісіні де, ауру кісіні де апарып сынаған. Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Ақтау халқының көпшілігі қатерлі ісік, тубуркулезбен ауырады. Ол жерлерде қазір қол-аяғы жоқ әртүрлі патологиядағы мүгедек балалар дүниеге келеді. Балаларда ерте қартаю кездесіп отыр. Міне осының бәрі бактериялық, химиялық қарудың салдары. Үкімет Возрождениенің, Барсакелместің зардаптарын ашып айтпайды. Осыдан 7-8 жыл бұрын біздің Үкіметте дүниежүзінің зиянды қалдықтарын Қазақстанға алып келіп көму жөнінде үлкен әңгіме болды. Яғни, бізге шетелдіктер сол үшін ақша төлейміз деді. Алайда, бұл жоспар жүзеге аспай қалды. Мұның астарында үлкен саясат жатыр. Егер де солай бола қалған жағдайда Ресей 1924-1992 жылдары Қазақстан мен Орта Азияға жасаған зұлымдықтарынан тазарып, құтылып кетуі мүмкін еді, — деді ол.

Жер астындағы қаруларды залалсыздандырмаса қасірет әкеледі

Ақсақал алайда Үстіртте, Аралда болғанда да небір сұмдықты, азапты күндерді басынан кешірді. Атом бомбасы сыналған жерге малды айдап жүріп өзі де радиация алды. Сынақтан өлген адамдарға толы шұңқырларды да өз көзімен көрген. Тіпті ол кісінің өзін де өлдіге санап, осындай шұңқырларға екі рет тастаған екен. Тек бір құдіреттің күшімен әрқайсысында есін жиып, аман-есен қалыпты.
— Үстіртте жүргенде маған офицерлер аптасына, тіпті кейде екі аптада бір рет бір бөлке нан әкеліп беретін. Ал ол жас балаға азық болушы ма еді? Содан талай аш қалдым. Сондықтан көбіне жылан, кесірткені аулап жеп, жан сақтадым. Әсіресе кесірткенің адамға кәдімгідей талғажау болатынын сонда білдім. Бір күні аптасына бір рет тамақ әкеліп тұратын офицер келмеді. Мүлде аш қалдым. Ол аз болғандай келе сала ол мені ат үстінде тұрып қамшының астына алды. Жаныма батып бара жатқан соң ызаға булығып, ат үстінде жайбарақат тұрған офицердің жағасына жармастым да аударып түсірдім. Содан құлаған бетте тұра алмай жатқанда оны ес жидырмай тепкінің астына алдым. Аты қашып кетті. Ол: «мен сені өлтіремін, иманыңды үйіре бер», — деп, долданып жаяу қайтып кеткен. Осы жағдайдан кейін мені енді тірі қалдырмайтынын сездім. Алдында жер жағдайын бағдарлап жүруші едім, қашуға бел будым. Түнімен қаштым. Әлсіз, аш адамда қанша қауқар бар дейсің… Сүрініп-қабынып жүгіре бердім, жүгіре бердім. Таң сызат бергенде, бір түп сексеуілдің түбіне өзімді құмға көміп, тығылып жаттым. Кеш батқанша жатқан орнымнан қозғалмадым. Олардың мені жер бауырлап ұшатын әскери тікұшақпен ары-бері іздегенін де, оқты қардай боратқанын да көріп жаттым. Түн қараңғылана бере тағы қаштым. Сөйтіп, өлімтігімді сүйреп бір разьезден бір-ақ шықтым. Содан темір жолға жетіп, жүк пойызына мініп, Ташкентке тартып кеттім. Бірақ сол Барсакелместен, Үстірттен тапқан аурудың салдарын 45-46 жасқа дейін қатты тарттым. Кейін уақыт түзеле бастағанда Алматыға келіп, жоғары оқу орнын бітіріп, қызмет істедім. Әрине, бұл сұмдықты істеген қоғам келмеске кетті. Бірақ кезінде адамзатты жаппай қырып-жоюға арналған бактериологиялық қарудың зардабын халық тартып жатыр. Егер де қазір ашық-шашық жатқан Возрождение, Барсакелмес қауіпті аралдарын қатаң бақылауға алып, оның маңайын залалсыздандырмасақ, үлкен ұасіретке әкелуі мүмкін. Кезінде біз, яғни менің замандастарым бастан кешкен сұмдық тарихтың қайталанғанын қаламаймын» — дейді ауыр күрсінген Әли көкеміз.

Тайсойғанда таусылмас мұнай көзі бар

Кеңес өкіметі кезінде Әли ақсақал үнемі КГБ-ның бақылауында болады. Үйде де, түзде де артынан қаракөлеңкелер еріп, күзетіп жүреді екен. Қайсар да іскер көкеміз он жеті жасында Үстірттен қашып, Ташкент қаласына барғанда өзін емдетіп, мектепте оқытып, жоғары оқу орнына түсіріп жақсылық жасаған адамдарға үнемі алғысын айтып жүреді. Өзіңіз бір сәт ойлап көріңізші. Бес жылдай жабайы өмір кешіп содан соң өзінен он жас кіші балалармен бірге оқып, олардан озып, орта мектепті бітіруі қайсарлық демей көріңізші! Жоғары оқу орнын бітірген соң ол кісі лауазымды қызметтерде жұмыс істейді. Газет, журнал, кітапты қазірдің өзінде әшкейсіз оқиды. Өмірге, саясатқа деген көзқарасы өте терең дана қарт елінің, ұлтының болашағына алаңдайды. Тек алаңдап қана қоймайды, кесек-кесек ойлар айтады. Мәселен өзі жас кезінде құлдықта болған үстірттің Тайсойған жерінде өмірбақи таусылмайтын мұнай көзі бар екенін сенімді түрде бізге айтып берді. Себебі бұл жерді қазақ бабамыз «Қарақазан қақпағы» деп босқа жария етпеген. Әли көкеміздің зерттеуінше мұнда бүкіл жер-шарындағы мұнайдың негізгі көзі жатыр. Егер бұл жерден мұнайды сорып ала бастасақ жер-ананың тамыр-тамыры арқылы барлық қара алтын осында ағып келіп жиналады. «Бұл Алланың қазаққа берген несібесі» дейді ақсақал. Сондай-ақ Тарбағатайда көмірдің таусылмас көзі бар екенін ол кісі картаға сызып тұрып берді. Оңтүстікте алтын қоры бар екенін айтты да, бірақ оның қай жерде жатқанын белгілемеді. «Бірге барып көрсетемін» деді Әли көкем менің құлағыма сыбырлап…
Иә, Әли көкеміз тағы да айтамыз ерекше һәм өзгеше жан. Биыл тоқсанның төбесіне шықты. Шүкір, көкеміз әлі бақуатты. Газетіміздің жанашыры Әли ақсақалды мерейтойымен құттықтай отырып, жеңешем екеуі жүз жасқа бірге жетіп, бақытты ғұмыр кешуіне тілектестігімізді білдіреміз.

Е.Айғалиұлы