Павлодарда жергілікті учаскелік полицейлер тоқсан сайын халық алдында есеп беретін болады

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аппараттық жиында құқық бұзушылықтың өсуіне байланысты участкелік полицейлердің халық алдында есеп беруін талап етті. Облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасқайрат Қайыров 2018 жылы 8 айда атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді.

— 2018 жылдың есептік кезеңінде құқық бұзушылықтың 3,2 пайызға шамалы өсуіне жол берілді, — деді Жасқайрат Қайыров. – Оның ішінде қылмыс деңгейінің өсуі Павлодар (8,3 пайызға), Ақсу (14,2 пайызға) қалаларында ерекше байқалады. Қабылданған шаралар негізінде біз ауыр дене жарақатының 10,9 пайызға, мүлкін қорқытып алу 50 пайызға және алаяқтықтың 1,8 пайызға төмендеуіне қол жеткіздік. 1,8 пайызға – тонау,  30,8 пайызға – қарақшылық, 39,7 пайызға – қара малды ұрлау және 12,8 пайызға – зорлау сынды қылмыс саласында қоғамдық пікірге әсер ететін қылмыстың тіркелуі төмендеді. Өңірімізде ауылдық жерлерде 102 учаскелік полиция қызмет атқарады. Олардың 62-сі баспанамен қамтылған, 18-ің жеке үйлері бар, қалған 22 полицей — баспанасыз.

—  Облысымызда өздері жұмыс істейтін елді мекендерде тұрмайтын полицейлер көп, — деді Болат Бақауов. – Ақсуға қарасты ауылдардың барлығында дерлік жауапты қызметкерлер тұрақты сол ауылда емес. Осы себепті құқық бұзушылық көбейіп отыр. Әр тоқсан сайын учаскелік полицейлер халық алдында есеп беруі керек.

Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, облысымызда 40 учаскелік полицей жетіспейді. Оның орынын участкелік полция көмекшілерімен толтырмақ. Учаскелік полицейлерді автокөлікпен қамту бойынша 71 техника жетіспейді. Оның ішінде Ертіс ауданында жетіспеушілік көп. Аудандағы 11 қызметкерде 4 көлік қана бар. Ал, жол-патрульдік полициясына 55 автокөлік жетпей жатыр. Оған қоса, ІІД басшысы Амантай Әубәкіров қызметкерлерге компьютердің жетіспейтінін атап өтті. Павлодар ауданында 15 полиция қызметкері бір компьютермен жұмыс жасауға мәжбүр.

Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов әр мектептің қасында жарықтандырылған белгі орнатуды тапсырды.

—   Әр мектептің жанындағы оқушылар өтетін жаяу жүргіншілер жолағының қасына жарықтандырылған белгі орнатылсын, — деді өңір басшысы. – Бұл өте маңызды. Әсіресе Павлодар қаласы үшін оған жұмсалатын қаржы сөз емес. Оған қоса, оқушылар құлаққап тағып алып, жаяу жүргінші жолағынан өту кезінде жан-жағына назар аудармайды. Осы мәселені түсіндіру шарасын өткізіп, бақылауға алыңыздар.

 

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы