Павлодарлық оқушылар аймақтағы киелі жерлердің суреттерін салды
Облыстық көркем сурет музейінде «Павлодар облысының қасиетті жерлері балалар көзімен» атты облыстық суреттер байқауының қорытындысы жарияланып, балалар картиналары көрмесінің ашылу салтанаты ашылуы өтті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында ағымдағы жылғы 1 ақпанда облыста «Павлодар облысының қасиетті жерлері балалар көзімен» жобасы бастау алған еді
Жоба аясында білім беру мекемелері облыстың өңірлеріне көшпелі пленерлер ұйымдастырып, жас суретшілер қасиетті жерлерге барып, Ертіс өңірінің тарихи және мәдени ескерткіштерімен танысты. Байқау жеңімпаздарын марапаттауға қатысқан облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы қылқаламшылардың деңгейі жоғары екенін айтты.
— Құрметті балалар, ұстаздар және ата-аналар осы сәтті пайдалана отырып сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын, — деді басқарма басшысы. – Балаларыңыздың жетістіктерге жете беруіне тілектеспін. «Рухани жаңғыру» дегеніміз өткеннен нәр ала отыра, болашаққа да назар аудару. Комиссия байқауға көптеген қызықты еңбектер келіп түскенін айтты. Үздіктердің арасынан үздікті таңдау қиынға соққан екен. Қазақ қашанда өнерді құрмет тұтқан. Сондықтан бүгін осындай таланттарды марапаттау мен үшін үлкен мәртебе.
Жалпы жас суретшілердің байқауына 100-ден астам жұмыс келіп түскен. Олардың арасынан 18 оқушы жүлдегер атанып, 12 тәлімгер марапатқа ие болды. Алдағы уақытта «Павлодар облысының қасиетті жерлері балалар көзімен» фотокітабын шығару жоспарланып отыр.
Бас жүлдеге ие болған Руффат Мұратов аралас техникамен қағазға «Найза» мекенінің суретін салған.
— Найзаға келген кезімде бұл жер қызықсыз болып көрінді, — деді Руффат Мұратов. – Кейін мен бұл мекен туралы тереңірек білгім келді. Газет беттерін ақтарып отырып Найзаның Ертіс ауданындағы көрікті жерлердің бірі екенін ұқтым. Аңыз бойынша аштық кезінде Мұрат деген бай болыпты. Оның 17 мың жылқысы болған екен. Аштық кезінде жалшыларымен бірге қоныс аударып аталмыш жерге келгенде бай «тоқта» деп айғайлапты. Көлді аты солай қойылған. Уақыт өте бұл жерді «Найза» деп атапты. Өзім өнер мектебінде 4 жыл оқып жүрмін. Әлі де сурет салумен айналыспақ ниеттемін.
Айта кетейік, үздік деп танылған 70-тен астам сурет Павлодар облысының көркем сурет музейінде көрмеге қойылды. Қала тұрғындары мен қонақтары көрмені он бесінші қыркүйекке дейін тамашалай алады.
Әлихан Рахметоллааұлы