Шәкәрімнің ажалы

1931 жылдың күзіндегі кеңес үкіметіне қарсы болған «Шыңғыстау көтерілісі» мен Шәкәрім Құдайбердіұлының атылуына байланыс­ты оқиға жайлы ел ішінде әлі айтылады. Шәкәрім қажының елден оңаша, шақпақтағы саят қорасында біраз жылдар өмір сүргені әркімге аян. Кеңес үкіметіне қарсы Шыңғыстауда 1931 жылдың 3 қыркүйек күні көтеріліс болғаны, көтерілістен соң, тұп-тура бір ай өткенде, 3 қазан күні Шәкәрім қажының ГПУ қолынан атылғаны да анық.

Халықтың көтерілуін күні кешеге дейін «Шәкәрім көтерілісі» деп атап келгені де рас. Шәкәрім қажы терең ой, кемел ақылдың адамы.
Шыңғыстаулықтардың бес-он сойылы мен бірер мылтығына Кеңес өкіметінің құламайтынын білмеді деуге болмайды. Көтеріліс­тің басталуы мен Шәкәрім атының қаралануына Бердеш бастаған Әзімбай балалары кінәлі болғанына шежірелі қарттардың естелігі, Ахат Шәкәрімұлының, Бекен Исабаевтың жазбалары куә.
Абай мұражайында қызмет атқарып жүріп, құнды құжаттар­мен етене танысып, «Шәкәрім» атты дастан жазған едім. Көркем әдебиетте астарлы оймен берілетін тарихи оқиғалар көпшілікке түсінікті бола бермейді. Шәкәрім қажының туғанына 160 жыл толу мерейтойы қарсаңында ақын жайлы тағы бір айтқанымыз орынды шығар.
Көтерілістің басшысы Солтабай­дың ұлы Қасымбек, оның інісі – Саниқас, Жаппарқожаұлы Рахманқұл (жалған аты Қарабала) болған. Сол кездегі Тәкежан бала­ла­рының басшысы, Құнанбай ұрпақтарының қажыдан кейінгі үлкені Бердеш еді.
1947 жылы Сібірде қашып жүріп ұсталған Қасымбек Солтабайұлы 1950 жылдардың басында кешірім алып, «Хрущев жылымығы» аталған кезде елге оралады. Сол көтеріліске Шәкәрімнің қатысы жайлы өзімен мәжілістес болған ақсақалдарға айтып береді. Әсіресе, Олжабайдың торы жорға атының Шәкәрім қажыға қалай түскені туралы жиі сұралады. Сонда Қасымбекке ең өткір сұрақ­ты Әлімбет ақсақал қояды:
– Қасымбек, сенің Қытайға қашпай, Сібірге шығып кетуіңнің себебі не? Семейден қалай өттің? Саған мынадай күйек сақал, жебелі мұрт бітпек түгілі бетіңде қылтанақ жоқ, шыбын тайып жығылардай көсе емес пе ең? Шәкәрім қажының сол көтеріліске қандай қатысы болды? Шәкәрім атылғанда астындағы торы жорғаны қайдан, кімнен алып мініп жүргенін таба алмай қайранбыз, – дейді.
Сонда Қасымбек:
– Әй, ақсақалдар-ай, ол уақытты тәңір ұрпақ басына қайтып кел­тірмесін. Жұрт жаппай ашық­­ты. Малдан тұқым қалуы неғай­былға айналды. Қалай қар­ман­сақ та, құтылар жол жоқ. Әсіре­се, Қазақстан басшысы Елтай Ерназаровтың келуі келешектен күдер үздіріп жіберді. «Белдеуде бұзау қалмасын» деген не сөз? Қазақтың жаны – малында. Ерікті, еріксіз шұғыл қимыл керек болды. Бір тұяқ серпіп көруге бел байладық. Милициясы, белсендісі күннен-күнге қағынып бара жатты. Әрі ойлап, бері ойлап, Бердеш екеуміз Шақпақтағы қажыға келдік. Екі жақтап ойымызды жайлап жеткізіп жатырмыз. Қажының өңі қашып, екеумізге кезек-кезек қарай берді.
Осы кезде қажының ұлы Зият кіріп келді. Амандық-саулықтан соң, қажы ұлына:
– Зият, сен мыналардың келі­сінен хабардарсың ба? – деді.
– Иә, қажы. Ерте ме, кеш пе бір әре­кет керек қой…
– Е, сойқанды белсенділер ойы­ны осыған әкелді деңдер. Олар ойнайды, ал сендердің ойындарың осылады. Соның соңынан халық­тың соры қайнап, сорпасы төгі­леді… Менің тілімді алсаңдар, бұл сөз осы жерде қалсын! Сендер айтқан жоқсыңдар, мен естіген жоқпын! Сендердің бірер жүз сойыл, оншақты мылтықтарыңнан құлайтын өкімет жоқ! Мұның тамыры тереңде. Тоқтаңдар, тыйылыңдар, қарақтарым! Енді қайтіп сөз жасамаңдар! Біреуден-біреу естіп, ГПУ тұқымдарыңды құртып жібереді. Жалпақ жұрт­тың қанына қалмаңдар. Бұ­дан кейін маған келмеңдер! Кел­сеңдер, өзім ұстатам сендерді! Барыңдар! – деп айдап тастады.
Зият әкесінің қасында қалды. Бірер күн аралатып, қажының қасынан Зият келді. Біз кеткеннен соң да қажы айтқанынан қайтпапты.
Енді біз басқа әрекетке көш­тік. Ақылдаса келіп, жұртқа Шәкәрім атынан сөз тастайтын болдық. Әр рудағы бұрынғы ел иелеріне арнайы кісі аттандырып, көтерілуге шақырдық. Күнін 2-қыркүйектің кешінен бастап, 3-і күні деп белгіледік. Басталуы Шұбартаумен шектес Бақанас ауылы болсын. Соңымызға ерген елді біржола ашындырып алу үшін бұл елдікі емес, коммунистердің бір-екеуін құрбан етейік дестік. Қарабала (Саниқас) Бақанаста тұратын. Оның өші сондағы мұғалім Рамазан екен. Менің өшім РККИ-дің бастығы Олжабай еді. Сонымен не айтары бар, соны істедік қой… Амал қанша, Қарасартовтың оғынан 2-3 адам мерт болысымен, ел дүркірей қашты. Тоқтата алмадық. Өзгесі белгілі… Зият қашқан бетінде қажыға барған.
Сонымен қашқынға айналдық. ГПУ соңымызға түсті. Ұстамай қоятын емес. Жер жөнін біле­тін екі адамды Қытай мен ара­дағы шекараға жіберіп едік, «жорғалаған тышқанды өткі­зетін түрі жоқ» деп келді. Ендігі ақылымыз мынаған сайды: «қайтсек те Қытайға өту керек». Жан қалатын да, жанды сақтайтын да жер сол. Ол үшін біріншіден, жер жайына әбден қанық адам керек. Екіншіден, Қытайға барғанда бізді қай әкеміз қарсы алады. Онда барғанда да күнкөріс керек. Қытайға паспортымызбен барсақ қана сыйлы боламыз, қоршылық көрмейміз. Пас­портымыз – Шәкәрім қажы болу керек.
Қайткенде де қажыны бірге алып өтуіміз – екі мақсатымызды да орындайды. Қажыдан артық жер жадысын білетін кісі жоқ. Екінші, ол жаққа да қажының даңқы жеткен, көлеңкесі бір топқа ғана емес, мыңға же­теді. Қажының бұл жақта да қи­майтыны жоқ. Баязиті буынып, Ғафуры түрмеде бауыздалып өлген. Ахаты мен Қабышы түрмеде. Оларды да жоққа санау керек. Қажы туған жер мен аруақты қимай, Шыңғыстаудан топырақ бұйырсын деп қана отыр. Шекарадан аман өтуді Алла жазсын. Аласапыран басылысымен бала-шағаны әкету өзіміздің қазіргі өтуімізден қиынға түс­пейді.
Осыған «жә» дескенмен, алдымызда өтуі қиын өткел тұр. Қажы айтқанымызға иланса жақсы. Мұның бәрін Бердеш екеуміз оңаша шештік.
Ұзақ жол жүріске жайлы деп Олжабайдың торы жорға атын Зиятқа жетектетіп, өзімізден бұрын жібереміз де, соңынан ілесіп өзіміз барамыз деп келістік. Қажыға:
– Сіз Қытайға бізбен еріп жүре­сіз. Жүрісі жайлы торы жорға атты мінесіз. Мұнда қимайтын ештеңе қалған жоқ. Қалған бала-шағаны әзірше бір Тәңірге тапсырайық. Мына зобалаң басылысымен алып кетуге біз кепілміз. Біздің аянатынымыз жоқ, бәрібір өлген кісіміз. Сізді алмай кетпейміз. Сүйегіңізді болса да, Қытайға апарамыз. Онда барғанда қай әкеміз күтіп отыр? Біз паспортымызды ала бармақпыз. Ол паспортымыз – Сізсіз! – дедік.
Сөзіміз де, ісіміз де осылай болды. Қажы зарлап-зарлап ақыры ерді бізге. Қажы ерген соң, жаңа күш бітті. Жүріс-тұрыста, жер-жол табуда қысылысымыз жоқ. Бәрін қажы нұсқайды. Қуғын күшейді, кеткеннен басқа жол қалмады. Аялдауға болмайтын болды.
Шыңғыстың бауырына – Ар­шалыға құлап, одан жайлауға шығып, Қытайға бет алған жолда Қажы атылды ғой… «Кітап­тарымды ала кетемін» деген соң, бір інген түйеге азық-түлік пен кітаптарды артып алғанбыз. Қажы атылған соң, қашқаннан-қашып, Қамбардың Көкшетауына шығып кетіппіз. Қажы: «Мұқаншиді басып жүрмеу керек. Онда күзет күшті. Біз жоғары өрлеп барып, Іленің қалың қамысы арқылы өткеніміз дұрыс болады» деп отырып, өзінің «Үш анық» кітабы мұқабасының ішкі бетіне карта сызып көрсеткен. Сонда маған ой түсті: «Шекарада бізді күтіп, жасанып әскер тұр. Қысылшаңда ақыл табатын қажы жоқ. Көппен жүргеннен жалғыз жүрген сыйымды болар. Менің жөнім – Сібірдегі қазақтар. Бийск, Рубцовка, Барнауыл кеткенім дұрыс». Шыңғыстау – Семей жолына жоламай, Дегелеңді сырттап, Қиық (Лебяжі) қаласына ойысып, Сібір түстім де кеттім.
Ендігі қиындық – көселігім болды. Бір емші орыс кемпірін тауып, қолдан дәрі жасатып, бір ай жағып, сақал-мұртты казак болдым да шықтым.
– Қасыңда кімдер барын айтпа­дың-ау, Қасымбек.
– Қасымда көп адам болған жоқ. Бердеш пен екеуміз, Зият, Абайдың Гүлбаданынан туған Көкше Дүтбайдың Мұқтары және екі керей жігіті бар еді. Қарабаланы ГПУ ұстап, Қарауыл­да өз етін өзіне жегізіп, азаптап өлтірген, – деп әңгімесін аяқтайды.
Бердеш ақсақал бұл сөздің бірін де айтпаған. Әуелі Шәкәрім атылғанда: «Бұл топтың ішінде мен жоқпын» деп мойындатпаған.
1954 жылы Разақ, Қабдеш, Бердеш үшеуі Мұхтар Әуезовке сәлем бере барғандағы Мұқаңның сөзін Әмен Әзиев сәл жасытып жазған. Әйтпесе, Мұхтар Бердешке: «Ойпыр-ай, Бердеш-ай, сен де жер басып тірі жүрсің бе?!» деген ғой. Бердештің Шәкәрім атын жамылып, елді көтеріліске шақыруы, Шәкәрімдей ақынды адастыруын Мұхаң қайтіп кешірсін?!

Естеліктерден жинақтаған
Алмахан Мұхаметқалиқызы
«Шыңғыстау көтерілісі»Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫШәкәрім Құдайбердіұлы