С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Чех бұрышы» ашылды

Салтанатты ашылу шарасына Палац университеті жаратылыстану ғылымдары факультетінің халықаралық мобильділік жөніндегі координаторы (Чех Республикасы, Оломоуц қаласы) Дана Гронычова және профессор, жаратылыстану факультетінің РhD докторы Боривой Шарапатка қатысты. Бұл туралы ПМУ баспасөз қызметі мәлім етті.

Жиналған қауым алдында университеттің даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Арман Ақышев сөз алып, Палац университетімен серіктестік 2013 жылы басталғанын тілге тиек етті. Әсіресе, педагогикалық, жаратылыстану және құқықтану факультеттері арасындағы байланыс жақсы.Шараға жиналғандардың назарына Чехияда білім алу және Палац университеті туралы ақпараттар ұсынылды.

— Қос жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың арқасында біз білім беру жүйесін интернациаландыру стратегиялық тапсырмасын орындаймыз, — деді Арман Ақышев. – Академиялық мобильділік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Палац университетінде 20-дан астам студентіміз білім алды. Ал төрт білім алушымыз ғылыми тағылымдамадан өтті.

Сонымен қатар, кездесу аясында ғалымдар агротехникалық факультетінің студенттеріне дәріс оқыды. Айта кетейік, 2016 жылдан бері екі уинверситеттің «Эразмус+» атты бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында Палац университетінің 10 оқытушысы Павлодар мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. Ал ПМУ ғалымдары чехиялық студенттермен кездесті.

Әлихан Рахметоллаұлы