Павлодар облысының әкімі аймақ тұрғындарын суық түспей көмірмен қамданып алуға шақырды
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірдің әсіресе, алыс елді-мекендердің тұрғындарын алғашқы суық түспей қысқы мезгілге көмірмен қамданып алуға шақырды.
Әзірге қатты отын үшін ұзын-сонар кезек жоқ. Товарный көшесі 25 мекенжайында «Элит KZ» ЖШС көмірдің бірнеше түрін сатуда. Жергілікті танымал Майкөбе кенішінің көмірінен басқа бұнда семейлік қаражыра және қарағандылық шұбаркөл көмірі бар. Алыстан әкелінген көмір қымбат тұрады және сапасы да жоғары.
— Нарықта негізінен майкөбе ғана бар, — деді ЖШС директоры Дастан Дәулетбаев. – Алайда, біз шұбаркөл көмірін де сатамыз. Сонымен қатар, 17 мың теңге тұратын көп күл қалдыратын және жоғары жылу беретін қарағандылық шұбаркөлдің тоннасын майкөбенің екі тоннасы алмастырады. Оның құны 24 мың теңге. Біз сынап көруі үшін жарты қап шұбаркөл көмірін береміз. Адамдар қайта айналып отынның осы түрін сатып алуға келеді.
Дастан Дәулетбаевтың айтуынша, семейлік қаражыраны кәсіпорын аз алады. — Бұл көмір көп күйе шығарып, түтіндікті бітеп тастайды, — деді кәсіпорын жетекшісі. – Үйге түтін кірген жағдайлар болды. Алайда, сапасы бойынша майкөбеден жақсырақ. Әзірге ауа райы қатты отынды көп мөлшерде дайындауға мүмкіндік бермей отыр. Бірде күн шығып, бірде жаңбыр жауып көмір үгітіледі де сапасы төмендейді.
Қазіргі кезде «Элит KZ» ЖШС-де 3300 тонна шұбаркөл, 50 тонна майкөбе бар. Облыс әкімі сатып алушылардың жоқтығына қарап таңданды.
— Көліктер көрінбейді, адамдар әлі ерте деп ойлап отыр ма? Қысқы дайындықтың маусымы баяғыда басталған, — деді Болат Бақауов. – Біз артық салмақ таситын жүк көліктеріне қатаң шара қолдандық. Енді жеткізушілер бағаны өсіру үшін салмаққа байланысты шектеудің қойылғанын пайдаланатын болады. Облысымыздың барлық тұрғындарын, әсіре алыс елді-мекендерде тұратындарды бұл мәселемен айналысуға шақырамын. Ұзын-сонар кезек пайда болмай тұрып, кеніштегі көмір бағасы өспей тұрып үлгеру қажет.
Қазір Павлодарда жеке сатушылар майкөбенің тоннасының бағасын 10-12 мың теңгеге белгілеп отыр. Оның бағасы қашықтыққа да байланысты. Кеніште көмірдің бір тоннасы 7500 теңгеге босатылады. Өңірде жылыту маусымы 17 қыркүйектен басталады.
Әлихан Рахметоллаұлы