Екібастұзда Тілдер мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті

Қалалық Достық үйінде «Тілдер күніне» орай ұйымдастырылған концерттік шара өтті. Салтанатты жиында сөз алған қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Наталья Нефедова құттықтау сөзін сөйлеп, Екібастұздың әлеуметтік-экономикасы мен өңірдегі тіл саясатының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Энергоуправление» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты, Екібастұздың құрметті азаматы Раис Гайнулинді марапаттады.

Айта кетейік, Раис Харисович Павлодар облысы кәсіпкерлері мен тұрғындары арасында өткізілген «Жыл жанашыры» облыстық меценаттар конкурсының жеңімпазы атанған болатын. Сонымен қатар, облыстық «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» байқауы мен «Сауатты жарнама – қала келбеті» акциясына және өзге де конкурстарға белсенді қатысқаны үшін бірқатар қала тұрғындарына алғыс хаттар табысталды.

«Тілдер күніне» орай этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдарынан және түрлі кітаптардан құралған көрмесі жасалды. Бұл көрмеге 2017 жылы неміс тілінен қазақшаға аударылып, екі тілде жарық көрген Рауза Мұсабаеваның «Таңғажайып глобус» атты терең мазмұнды кітабы және 2018 жылы облыс көлемінде тұңғыш рет латын қарпінде шығарылған Жұмағали Қоғабайдың «Ата мен немере» атты кітаптары да қойылды.

— Балалардың тәлім-тәрбиесіне бағытталған менің еңбегім еліміз бойынша латын алфавитінің дамуына қосылатын үлес деп ойлаймын, — дейді автор Жұмағали Қоғабай. – Мұнда жас буын өкілдеріне арналған әңгімелер мен өлеңдер енгізілген.

Павлодарлық баспадан әзірге 300-данамен шығарылған кітап 90 беттен тұрады. Оқулық төрт бөлімге бөлінген. Алғашқысында өлеңдер, екіншісінде сөз-жұмбақ орналастырылса, үшінші бөлімде орыс классиктерінің аудармалары бар. Кітаптың соңғы бөлімінде шағын әңгімелер жинақталды.

Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, сахна төрінде түрлі ұлт өкілдері өнер көрсетті.

 

Әлихан Рахметоллаұлы