Әлем чемпиондары екібастұздықтармен бірге таңғы жаттығу жасады
Екібастұзда республикалық денсаулық фестивалі аясында «Қазақстан» алаңында таңғы жаттығу ұйымдастырылды. Алаңға кәсіпорындар мен қалалық мекемелердің өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларының қызметкерлері, оқушылар мен мектеп ұжымдары, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер мен спорт сүйер тұрғындар жиналды.
Аталмыш шараға халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері, еңбек сіңірген бапкерлер, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де қатысты. Олардың қатарында самбо күресінен ҚР спорт шебері, әлем чемпионы Людмила Симутина, таэквондодан әлем чемпионы Арман Бектұров, таэквондодан кадеттер арасындағы әлем Кубогінің күміс жүлдегері Гүлжамал Мырзахан және өзге де спортшылар болды.
Жаттығуды «Жасыбай» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жүзу бойынша оқытушысы Наталья Сафронова мен акробатика бөлімінің тәрбиеленушілері өткізді.
Айта кетейік, бұл күні тұрғындар үшін «Денсаулық» медицина қалашығы жұмыс жасады. Кез келген адам өзінің салмағын, бойын және қан қысымын өлшей алды. Сондай-ақ, пайдалы тағамдар мен спорт секциялары бойынша жәрмеңкелер өткізілді.
25 минуттық жаттығудан соң акробаттар өнер көрсетіп, фестиваль концерттік шарамен жалғасын тапты. Бұл шараға шамамен 700-ге тарта адам қатысты.
Әлихан Рахметоллаұлы