Павлодар облысының футбол командаларының арасындағы жолдастық кездесуде «Ертіс» жеңіске жетті
Облыс орталығындағы орталық стадионда павлодарлық «Ертіс» пен кеншілер қаласының «Екібастұз» футбол командалары арасында өткен жолдастық кездесу 3:1 есебімен аяқталды. Кездесу екібастұздық аяқдопшылардың шабуылдарымен басталды.
Алайда, олардың шабуылдаушыларына дәлдік жетіспеді. «Екібастұз» комнадасының жартылай қорғаушысы Мадияр Райымбек бірнеше ұрымтал сәттерден мүлт кетті. Ақыры 23-минутта «Ертіс» футболшысына қарсы ереже бұзғаны үшін қонақтар 11 метрлік айып добымен жазаланып, оны қорғаушы Милош Стаменкович дәл орындап есеп ашты. Доп соққан соң павлодарлықтар қарқынды үдете түсті. Осы сәттерде жасыл алаңда «Ертіс» сапында португалдық легионер Угу Секу сауатты ойынымен көзге түсті. 34-минутта Павел Шабалин алыстан соққы бағыттап, есепті еселей түссе, бес минуттан кейін Родриго Антонио таблодағы есепті 3:0-ге жеткізді. Осындай есеппен командалар он бес минуттік үзіліске кетті.
Екінші тайм басталысымен қонақтар белсенділік қосты. Матч кезінде өзінің шебер ойынымен танытқан екібастұздық Мадияр Райымбек елуінші минутта айып соққысын әдемі орындап, есептегі айырмашылықты қысқартты – 3:1.
Кезінде «Ертіс» сапында жасындай жарқылдаған Қуаныш Бегалин гол соғатын бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Аталған ойыншылар кездесуде тәуір ойнап, павлодарлық жанкүйерлердің ықыласына бөленді.
– Бүгін біздің бірнеше ойыншымыз жоғары деңгейде ойнай алатынын көрсете білді. Мұны «Ертіс» жаттықтырушылары да байқаған болар. Жалпы матч қызықты өтті, — дейді «Екібастұз» жанкүйері Оралхан Қожанов.
— Команда ұзақ уақыт бойы жеңіске жете алмауы себепті психологиялық тұрғыдан қысым сезінуде. Бірақ жеңіске жетсек, футболшыларымыз да серпіліп, мүлде басқа ойын көрсетеді деп ойлаймын. «Шахтерге» қарсы кездесудің бірінші таймындағыдай өнер көрсетсек, ұпай ала бастаймыз, — дейді «Ертіс» ойыншысы Пірәлі Әлиев.
Келесі матчты «Ертіс» футболшылары өз алаңында 16 қыркүйекте петропавлдық «Қызылжарға» қарсы өткізеді.
Әлихан Рахметоллаұлы