Павлодарда тілдер мерекесіне орай Мәдениет министрлігінің марапаттары табысталды
Павлодарда Қазақстан Республикасының Тілдер мерекесіне орай өткізілген «Тілдер онкүндігі» аяқталды. Қазақстан халқы тілдерінің ХХ республикалық фестивалі аясында ұйымдастырылған қорытынды шарада тілдердің дамуына үлес қосып жүрген жандарға облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев марапаттарын тапсырды.
— Қадірменді қауым баршаңызды Қазақстан тілдері күндерінің және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған тілдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, — деді Мейрам Бегентаев. – Мемлекеттік тілдің дамуы өз мәртебесіне лайық орын алуы өте маңызды. Мемлекеттік тілді қастерлеп үйрену қазақстанның әр азаматының парызы.
Ұзақ жылдар бойы қазақ тілінің дамуына ерекше үлес қосқаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Құрмет грамотасымен» айтыскер ақын, облыстық «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі — Асығат Тұрғанбек марапатталды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының «Құрмет грамотасына» Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Батырбек Қайыр ие болды.
Оған қоса, өңіріміздің бірқатар азаматтарына Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды. Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Сәуле Османова онкүндік аясында қалалар мен аудандарда 150-ден астам шара ұйымдастырылғанын айтты.
— Бүгін Қазақстан халқы тілдерінің 20-шы республикалық фестивалі аясында облыстық «Тіл достық құралы» концерттік бағдарламасы өтуде, — деді Сәуле Османова. – Былтырғы жылдан бері Қазақстан халқы тілдерінің күні Үкіметтің қаулысымын 5 қыркүйекке бекітілді. Бұрындары осы айдың 3-ші жексенбісінде тойлайтынбыз. Облысымызда 24 тамыздан 5 қыркүйекке дейін Тілдер он күндігін жариялаған болатынбыз. Осы мақсатта дөңгелек үстелдер, кездесулер, концерттік бағдарламалар сынды түрлі шаралар өтті.
Сонымен қатар, тілдер онкүндігінің қорытынды шарасында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 14 этномәдени бірлестігі мерекеге орай көрме өткізді.
Әлихан Рахметоллаұлы