Павлодар облысының кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасына жаңа басшы тағайындалды


Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппарат кеңесінде ведомствоның жаңа басшысы таныстырылды. Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшылығына Дастан Рысбеков тағайындалды. Аймақ басшысы Болат Бақауов оған басты міндеттерді жүктеді.

— Сіздің басты міндетіңіз —  өңір экономикасында шағын және орта кәсіпкерлік көрсеткішін арттыру, — деді ол. – Бизнесті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Ол үшін аудандар  мен қалалардың әкімдерімен және «Даму» қоры, «Атамекен» палатасы, бизнес қауымдастығымен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Бұдан бөлек, инфляция мәселесін назарда ұстап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының көтерілуіне жол бермеу қажет.

Дастан Рысбеков 1984 жылы туған. 2005 жылы Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің  «Мемлекеттік және жергілікті басқару» факультетін, 2008 жылы Алматы заң академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша  бітірген.  Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде бас маман болып бастаған. 2007 жылдың сәуір айынан бастап 2013 жылдың наурыз айына дейін экономикалық саясат және салалық жоспарлау бөлімінің басшысы, кейін Алматы қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы экономикалық бөлімінің басшысы, Алматы қаласы бойынша есеп және ақпараттық тексеру комиссиясы, жоспарлау бөлімінің басшысы болып еңбек еткен.   2013 жылдың наурыз айынан 2015 жылдың қазан айына дейін — Алматы қаласы бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары. 2015 жылдың қазан айынан 2016 жылдың маусымына дейін — жоспарлау бөлімі, жоспарлау және мониторинг секторының, республикалық бюджетті орындауды бақылау бойынша Есептеу комитетінің сараптама және есеп бөлімінің меңгерушісі.

Бұл лауазымға бекітілгенге дейін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның бухгалтерлік есеп департаментінің директоры болған.

Әлихан Рахметоллаұлы