Павлодарда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған қазақ тілі курсы басталды


Павлодарда отбасы үлгісіндегі жетім балалар «Тілдік келісім» арнайы қазақ тілі курсы жобасы бойынша мемлекеттік тілді меңгере бастады. Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мәлім етті.

— Бүгін басқарманың ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Тілдік келісім» жобасының ашылу рәсімі өтті, — деді басқармада. – Аталмыш жобаға Павлодар қаласының және Кенжекөл ауылының отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты. Жобаның авторы – жоғары білікті әдіскер-ұстаз Шолпан Кинжикова.

90 баланы қамтитын жоба үш айға жалғасатын болады. Жоба барысында

балаларға қазақ тілін үйрете отырып, жергілікті тарихты зерделеуге бейімделген өлкетану бойынша оқытудың жаңа форматы арқылы қолданылатын курстар өткізіледі.

Қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеуде заманауи технологиялар қолданылып, курс барысында интерактивті презентация, бейне материалдар, практикалық сабақтар, тренингтер, топпен жұмыс қызметтері және тыңдаушыларды қасиетті жерлерге, музейлерге, театрларға, әлеуметтік маңызы бар шараларға апару қамтамасыз етіледі.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы