Көшпенділер ойындарынан 72 медальмен оралдық
Қырғызстанда өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан Қазақстан құрамасы 72 медальмен оралды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты Шолпон-Ата қаласындағы орталық ипподромда өтті. Лазерлік шоумен басталған шара жүздеген бишілердің өнеріне ұласып, сахна төрін театрландырылған қойылымға ұластырды. Сахнада қазақтың «Қара жорға» биі орындалды. «Қара жорға» биінен соң, көшпенділер ойындарының эстафетасын тапсыру рәсімі өтті. Қырғызстанның Жастар істері және дене тәрбие және спорт агенттігінің директоры Қанат Аманқұлов эстафетаны Түркияның Спорт және мәдениет министрінің орынбасары Хамза Ерликаяға тапсырды. Ойындардың жабылу салтанатына шетелден келген белгілі әншілер өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік бағдарламаны 10 мыңнан астам шетелдік және жергілікті жанкүйерлер тамашалады. 2-8 қыркүйек аралығында өткен көшпенділер ойындарына 80-нен астам елдің 3000-ға жуық спортшысы қатысты.
Олар 37 спорт түрінен бақ сынады. Халықаралық іргелі шара туралы жаһанның 50 елінен келген 500-ге жуық БАҚ өкілдері ақпарат таратты. Дүбірлі додада Қазақстанның намысын 34 спорт түрінен 134 спортшы қорғады. Бір аптаға созылған көшпенділердің байрақты бәсекесінде ел құрамасы 72 медальмен екінші орынға жайғасты. Біздің қоржында 18 алтын, 24 күміс, 30 қола медаль бар. Бірінші орынды жарыс қожайындары Қырғызстан құрамасы иеленді. Олар 37 спорт түрінен сынға түсіп, 40 алтын, 32 күміс, 31 қола, жалпы 103 жүлдені жеңіп алды. Үздік үштікті 56 медальмен Ресей Федерациясы қорытындылады. Оларда — 17 алтын, 24 күміс, 27 қола. Келесі дүниежүзілік көшпенділер ойындары екі жылдан кейін Түркия елінде өтеді. Сондай-ақ жарыстың соңғы күні ел қоржынына екі алтын, бір қола медаль түсті. Овари ойынының (африкалық ұлттық ойын) қыздар командасы және Әсел Далиева жекелей есепте де алтын медаль алды. Бұл Әселдің осы жарыстағы төртінші алтын медалі. Бұған дейін ол мангала, тоғызқұмалақтан жоғары дәрежелі медальді еншілеген болатын. Ал Диана Кенина қола медальды қанжығасына байлады.
Ермек Назым