Ерте жүктіліктің «емі» қандай?

Елімізде кәмелеттік жасқа толмаған өрімдей жас қыздардың жүкті болу дерегі азаймай тұр. Мысалы ағымдағы жылдың басынан бері бір Павлодарда 18 қыз бала оң жақта отырып аяғы ауыр болған. Сонымен қатар, тағы 13 жасөспірім жасанды түсік жасатыпты. Бұл – құзырлы мекемелерде ресми түрде тіркелгендердің ғана саны. Ал, құрсағына біткен нәрестені ата-анаға да, мұғалімге де білдірмей жасырын алғызып жүргендердің қанша екенін анықтау мүмкін емес.

Ең жасы – 14-те

Қазақта: «Некесізден туған – жетесіз» деген сөз бар. Яғни, бұрынғы кезде  мұндай жаман атақ оң жақта отырып, ерте бастан етегі ашылған көкек аналардан туған баланың маңдайына қара таңба болып басылған.   Бірақ, ұяттан безген ұл мен тәрбие көрмеген қыздың қылығынан пайда болған шарананың не кінәсі бар?  Қысқасы, бесіктен белі шықпай жатып жүкті болу, өмірге сәби әкелу — қазақ халқының таным-тәрбиесіне мүлдем сәйкес келмейтін ең сорақы жағдай.  Солай бола тұра кәмелеттік жасқа толмағандардың жүктілігі ең көп тіркелетін елдердің қатарында Қазақстан да бар. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы бес жыл ішінде елімізде 33 мың оқиға тіркеліп, соның он мыңы жасанды түсік жасатумен аяқталған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2016 жылы 143 павлодарлық оқушы партада отырып балалы болса, былтырғы жылдың басында 40 жасөспірім қыз жүктілігі бойынша есепке алынған.  Ал, дүниежүзінде жыл сайын кәмелет жасына толмаған 16 миллионға жуық қыз жүкті болады екен. Оның 3 миллионы жаза басқан қадамының ізін жасыру үшін жасанды түсік жасататын көрінеді.

Жақында облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени даму мәселелері бойынша тұрақты комиссия мүшелері осы тақырыпқа байланысты арнайы «дөңгелек үстел» ұйымдастырып, кәмелеттік жасқа толмағандар жүктілігінің алдын алу шараларын талқылады. Жиынға білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларының өкілдері мен облыстық мәслихат депутаттары қатысып, өздерінің ұтымды ұсыныс-пікірлерін ортаға салды, айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру жолдарын сөз етті.

Облыстық мәслихат депутаты, Павлодар облыстық перинатальдық орталық директоры Айман Оспанованың сөзінше,  аталыш мекемеге тұрмыс құрмай бала көтерген 31 қыз тіркелген. Оның 18-і босанған болса, 13-і іштегі шарананы өмірге әкелуден бас тартыпты. Яғни, ата-аналарының келісімі бойынша жасанды түсік жасады. Қыздардың ең үлкені 17 жаста болса, ең кішісі небары 14-те ғана. Олардың біреуі егіз балалы болған. Алайда, мамандар жасөспірімдер жүктілігі биыл жылдағымен салыстырғанда төмен екенін айтады. Бірақ, азайды екен деп бойды босқа салуға болмайды. Мұның халқымыздың менталитетіне жат дүние екенін және әрбір қазақтың бетіне шіркеу келтіретін қайғылы қасірет екенін айтып, жастарға түсіндіру керек.

— Жасанды түсік жасату үшін ата-аналарының келісімі керек. Бұл қадамға өз еріктерімен барған бойжеткендердің өтінішін біз қабылдамаймыз. Жасанды түсік жасатушылардың 10-ы Павлодар қаласында, екеуі Екібастұзда, біреуі Шарбақты ауданында тіркелген. Тіпті, араларында екінші мәрте жүкті болғандар да бар. Сонымен қатар, екі қыз азаматтық некеде тұратыны анықталды.   Кәмелеттік жасқа толмай бала көтерген жасөспірімдердің көбісіне ешбір жерден стационарлық, амбулаториялық немесе психологиялық көмек көрсетілмеген. Сондықтан, жүкті болған жас қыздардың көбінен қан аздық ауруы байқалды, — дейді Айман Қайыркенқызы.

Жегідей жеген желі

Облыстық мәслихат депутаты Қабылқақ Қапеновтың сөзінше, мұндай сорақылықпен қоғам болып күресуіміз керек. Яғни, білім беру мекемелері, құқық қорғау органдары, ішкі саясат бөлімдері, жастар саясатын дамыту орталықтары және ата-аналар бірлесіп жұмыс істегені дұрыс. Осы бағытта арнайы жоспар құрып, концепция әзірлеп, әр салада атқарылған жұмыстарды тоқсанына бір мәрте тыңдап отырған жөн. Әйтпегенде, еліміздің ертеңі деп сеніп жүрген жасөспірімдердің ойнап жүріп от басуы – ұлттың болашағы үшін үлкен сын дейді депутат.

— Бұрын мұндай оқиғалардың көбі әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларда тіркелетін. Сонымен қатар, әкесі немесе шешесі жоқ жетім балалар осындай қадамға жиі баратын еді. Өкінішке қарай қазір мұндай жағдай адамдардың әлеуметтік ахуалына қарамайтын болды. Енді мұның себебі не, салдары қандай дегенге ой қосайын? Өздеріңіз білесіздер, қазір үйде де, мектепте де, жұмыс орындарында да тегін интернет бар. Яғни әлеуметтік желілерден қалағанын тауып, көргісі келгенді көре береді.  Мұның зиянды тұстары да бар. Себебі, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер одан керегін де, керексізін де тамашалайды. Әсіресе, оңы мен солын әлі ажырата қоймаған жасөспірімдер ата-аналары көп сөз ете бермейтін кейбір құпия дүниелерді осыдан үйренеді де, одан кейін соған өздері барады. Бұл — қазақтың тарихында болмаған, таным-тәрбиесіне мүлдем сай келмейтін дүние. Сондықтан, мектеп жасындағы жүктіліктің алдын алу жұмысын тұрақты әрі белсенді түрде жүргізіп, содан бір нәтиже шығару керек. — дейді Қабылқақ Қабдыл-Манапұлы.

Иә, үлкендердің бұл ұсынысы өте орынды. Жоғарыда атағандай, әр саладағы осыған жауап беретін мамандар бірлесе отырып жұмыс істесе ғана нәтиже шықпақ. Сонда ғана қоғамдағы асқынып бара жатқан ауыр дерттің емін табуымыз мүмкін. Бұл – бір. Екіншісі – отбасылық тәрбие. Ата-аналар өз балаларына ие болмаса, оны ешкім тура жолға сала алмасы белгілі.  «Тәрбие – тал бесіктен» дегендей перзентімізге тәрбиені бесіктен шықпай бермесек, есіктен шыққан соң ұстай алмасымыз айдан анық. Атам қазақ: «Қызым үйде, қылығы түзде» деп бекер айтпаса керек. Бұрын қазақ қоғамында қазіргідей қатал заң, мектептің тастай тәрбиесі болмағанымен жастар мұндай арсыздықтан ада болды. Себебі, олар үлкендердің «болмайды деген жалғыз сөзін құлақтарына «алтын сырға» етіп, саналарына сіңірді. Сондықтан, осы секілді кейбір келеңсіз жайттарға үйдегі үлкендердің ақыл-кеңесі ғана тосқауыл бола алады. Ал, үшіншісі — әр адамның тағдыры өз қолында деген қағида. Әрбір жас жеткіншек өзін қазақ деген текті халықтың бір өкілі екенін сезініп, келешекте осы ұлттың әкесі немесе анасы болатынын елестету қажет. Ал, қазірден бастап қателікке бой алдырып, түнгі көбелектің күйін кешіп жүрсе одан туған ұл мен қыздың ертеңі қалай болмақ? Жалпы, бұл жерде бар кінәні қыз балаларға артуға тағы болмайды. Егер, қазақтың әрбір жігіті қазақтың әрбір қызын өз қарындасындай санаса, мұндай сорақылық орын алар ма еді? Сондықтан, жаңа бүр жарып келе жатқан гүлдің тамырына балта ұрмай, су құйып, көгеріп көктеуіне үлес қосқанымыз абзал.

Орталық ашу керек пе?

Облыстық білім беру басқармасына қарасты тәрбие жұмыс және қосымша білім беру бөлімінің бас маманы Сәуле Нұрғалиеваның пікірінше, болашақта жастардың денсаулығын жеке тексеріп, әлеуметтік-медициналық көмек көрсететін арнайы орталық ашу мәселесін қолға алу керек. Себебі, тұрмыс құрмай жүкті болып қалған қыздар әдеттегі емханаларға баруға батпайды. Ал, мұндай орталықтарда арнайы гинеколог, психолог, заңгер және әлеуметтік-педогог мамандары жұмыс істеп, алдына келген жастарға тегін қызмет көрсетуін ұйымдастыру қажет. Бұл — өз бетімен түсік жасату немесе өмірге келген жас шарананы далаға тастап кету секілді жағдайларға тосқауыл болуы мүмкін екенін айтады.

— Облыстық білім беру басқармасы қажетті шаралардың барлығын жасауда. Мысалы 2016-2017  оқу жылы аралығында осы бағытта өткізілген шараларға 59 мыңнан астам оқушы, 7 мыңға жуық мұғалім және 8 мыңнан астам ата-ана қамтылған. Облыс мектептерінде 338 сынып сағаты, 125 «дөңгелек үстел», 40-тан астам семинар ұйымдастырылып, тәжірибелі ұстаздар дәріс оқыды.  Биылғы оқу жылы да басталып кетті. Осы бағытта арнайы жоспар жасалды. Мысалы, оқу орындарында тәрбие сабақтарын көптеп ұйымдастырып, бейне-роликтер көрсету, буклеттер мен журналдар тарату сынды жұмыстар атқаратын боламыз. Сонымен қатар, жергілікті БАҚ-пен тығыз байланыс орнатып, мерзімді басылымдарда арнайы материалдар жариялап, телеарналардан тәрбиелік мәні бар дүниелер көрсетуіміз керек, — дейді Сәуле Қайруллақызы.

«Дөңгелек үстелге» қатысқан депутаттар мен басқарма мамандары мұндай шаралар жиі өткізілуі керек деген тоқтамға келді.

Түйін: «Тәрбие басы – тал бесіктен» дейді халық даналығы. Әсіресе, «қыз балаға қырық үйден тыйым салып», оның жүріс-тұрысы мен араласатын ортасын жіті бақылап отырған абзал. Белгілі айтыскер ақын Мұхаммеджан Тазабеков бір сөзінде: «Бір ұлтты жою үшін оның әйелдерін бұзу керек. Сонда олар нағыз батырларды тәрбиелей алмайды» деген екен. Бүгінгі қыздарымыз — болашақтың аналары. Олар бүгін еркелікпен ессіздікке барып, бесіктен белі шықпай жатып бала көтеріп жүрсе болашақта қандай келін, қандай ана болады? Өз перзентіне қандай тәрбие бермек? Сондықтан, аталған келеңсіздікке қоғамдық институттар, мемлекеттік мекемелер айрықша назар аударып, қоғам болып күресуіміз қажет.

Тілеуберді САХАБА