Премьер-Министр Екібастұзда көмір өнеркәсібі кәсіпорнында болды
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұл туралы primeminister.kz ресми сайты ақпарат таратты. Бүгін Бақытжан Сағынтаев Павлодар облысына келді, мұнда ол облыс жұртшылығымен және активімен өтетін кездесулер барысында өңірдегі өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы қызметтердің сапасын арттыру шаралары мен өзекті мәселелерді талқылайды.
Сонымен қатар, сапар барысында бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылым нысандарын аралау көзделген. Премьер-Министр олардың мысалында Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдаулары, «Бес әлеуметтік бастамасы», сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында алға қойған міндеттерінің орындалу барысымен танысады.
Жалпы өңір бойынша жұмыс сапары Екібастұз қаласынан басталды. Мұнда Бақытжан Сағынтаев «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ (ERG) құрамына кіретін «Восточный» көмір разрезін аралау барысында өңірдің 2018/19 жж. жылыту маусымына дайындығымен танысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша көмір өндіру көлемінің 3,5%-ға өскені байқалатынын айтты. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының қажеттіліктеріне жұмсалатын көмір қоры шамамен 120 000 тоннаны құрайды. Облыстың қалалары мен аудандарының отын базаларында халыққа арналған шамамен 18 000 тонна көмір бар. Қазіргі таңда облыста көмір тапшылығы байқалмайды. Халыққа көмір жеткізумен 300-ден астам жеке кәсіпкер айналысады. Жеткізу алшақтығына, түріне және сұрыпына қарай көмірдің бөлшек құны бір тоннасына 6700 теңгеден 17000 теңгеге дейін, соның ішінде тасты түрі тоннасына 6700–10 500 тг аралығында және қоңыр көмір 11 500–17 000 теңгеге дейінгі аралықта сатылады. Әлеуметтік саланың қазандық нысандарына қалалар мен аудандардың әкімдіктерінің бюджеттерінде 183,3 мың тонна көлемінде қатты отынды сатып алуға 1,376 млрд теңге сомасында қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда тұтыну орындарына 176 мың тонна жеткізілді. 20 орталық қазандыққа 47,7 мың тонна көмір жеткізілді. Көмірді жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес орындалып жатыр.
Нысанды тексеру барысында «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ президенті В. Гриненко Қазақстанда өндірілетін энергетикалық көмірдің 20%-ға жуығы «Восточный» көмір разрезінің үлесіне тиесілі екенін жеткізді. Мұнда әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет шектеулі көлденең қуаты бар көмір қабаттарының еңіс жайғасуы кезінде үстіңгі технологиялық кешенге конвейерлік көлікпен көмірді өндірудің толассыз технологиясы жобаланып, енгізілді. Көмір өндірумен қатар, оны тұтынушыларға жібергенге дейін ол өңдеуден өтеді.
Бақытжан Сағынтаев өндірістік процестің технологиялық желісімен танысып, елімізде теңдесі жоқ жаңа өнеркәсіптік нысанды — жылына 10 млн шаршы метр аршыма тау жыныстары қуатымен циклді-толассыз аршыма тау жыныстары кешені жобасын іске қосты. Оны пайдалануға беру еңбек өнімділігін арттырады, көмір қабаттарының ашылуын қамтамасыз етеді және қазу жұмыстарына дайын көмірдің көлемін едәуір арттырады, ал соның нәтижесінде көмір кәсіпорнының бәсекеге қабілеттілігі артады.
— Біз биыл 18 млн тонна қатты отын өндіруді көздеп отырмыз, бұл 2017 жылы тұтынушыларға жеткізілген көлемнен бір млн тоннаға артық. Көмір қазу жұмыстары өнімділігі жоғары заманауи машиналар арқылы іске асырылып жатыр. Өндірісті технологиялық жарақтандыру деңгейі жыл сайын артып келеді, ал бұл өндірілетін көмір сапасын арттыруға және еңбек қауіпсіздігі деңгейін жақсартуға жол ашады», — деді В. Гриненко. — Екінші кезеңнің құрылысын алдағы бірнеше жылда жүргізу жоспарланып отыр, құрылыстың соңғы үшінші кезеңі жылына 20 млн шаршы метр жылдық өнімділікке қол жеткізумен 2027 жылға ауыстырылды. Іс жүзінде барлық жұмыстарды отандық мердігер ұйымдар және ЕЭК қызметкерлері орындады. Барлығы 300-ден астам адам тартылды.
Айта кету керек, жоба экологиялық таза технологияларды енгізуді, басқаруды автоматтандыруды кеңейтуді, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануды және табиғатты қорғау шараларының тиімділігін арттыруды көздейді. Өз кезегінде «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-ның бас директоры М. Әбішев биыл қуаты 325 МВт болатын №5 энергетикалық блок іске қосылатынын хабарлады. Бүгінде 5 энергетикалық блок пен жалпы қуаттылығы 2105 МВт болатын 2 турбина жаңғыртылған. 2024 жылы «Екібастұз МАЭС-1» барлық 8 энергетикалық блогын жобалық қуатына қоспақ. Облыс әкімдігінің мәліметіне қарағанда, өңірдің энергетикалық кешені жалпы қуаттылығы 8 400 МВт болатын 7 жылу электр станциясынан тұрады. 2017 жылы энергия көздерімен 41,35 млрд кВтс электр қуаты өндірілген. Биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 30,5 млрд кВтс көрсетті, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,4%ды құрап отыр. Павлодар облысының электр тұтыну көлемі – 12,7 млрд кВтс, бұл – өндірілетін жалпы электр қуаты көлемінің 41,6 %. Қалған электр қуатының 14,05 млрд кВтс (46%) көлемін Павлодар облысы еліміздің басқа аймақтарына жеткізсе, Ресейге 3,75 млрд кВтс(12,3%) көлемін экспорттайды.
Еске сала кетейік, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарларымен Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан), Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында болды.
Әлихан Рахметоллаұлы