ӘР ЖОЛЫ ОСЫЛАЙ…
Тараз — киелі мекен. Әулиеата жері. Осы жерге апамның келін боп түскеніне елу жыл болған. «Қазақстанның қай жағынан болсын сіздің кітаптарыңызды алғызады, сіздің Жамбылыңызды қой-ақ қойыңыз»,- деп әзілдеп апама «тиісе» беретін едім. «Апа, сонау Маңғыстау шақырып кеш өткізді, сіздің Таразыңыз үнсіз ғой, іргедегі Шымкент екі рет шақырды, о-о-ой…»,- деп тағы «тиісемін». Апаммен арасында әзілдеп те сөйлесем осылай. Зейнеп апаның арқасында көп жерге бардым, жақсы адамдармен таныстым. «Алты алаштың ардақтысының қолына су құйдым, келін болдым, бүгінде мені мақтап жатырсыздар, бұл сый-құрметтің бәрі — атама, мен «күріш арқасында су ішкен күрмекпін»,- деуді ешқашан ұмытпаған апам күрмек болса, оның «жанторсығы» мен — «суперкүрмекпін». Ержан айтқандай, кездесуді апам өткізеді, тамақты мен жеймін. Дастарқан басында қыры жоқ (қулықпен өмір сүруге де) адамның қырынан түсірген суретін тауып алып, өзіме жібергенде астына жазған әзілі ғой шешектің!)) Бәрі — апамның арқасында, оны ешқашан ұмытпақ емеспін… Әзіл түсінетін адамың болса, күліп жүріп өмір сүргенге не жетсін…
****
Тараз жеріндегі кездесудің өтуіне мұрындық болып отырған — Ішкі саясат басқармасының жігіттері. Берік Уәлидей азамат жүрген жер осындай! Тірлігін тындырымды, жоспарын тастай, жұмысын диірменнің тасындай дөңгелетіп отырған Беріктің айналасындағы жігіттер де сондай. Ың-жыңсыз талай шаруа атқарылған, атқарыла да бермек. Шымкентте де осылай болған. 4 жыл бұрын. Мұнда да солай. Ақылдаса отырып өзіне бекітілген жұмысты тап-тұйнақтай етіп отырған жігіттер. Кездесуге қатысты бірдеңені түсінбей қалдым ба, Дарxанға айтылды, болды, ары қарай уайымдаудың қажеті жоқ, басқа бір нәрсенің шешімі табылмай жатыр ма, Жанжігіт қасыңнан табылады. Сағатты қойып, уысыңда тұрмай сырғитын құмдай болған секундыңның өзі бұл жігіттерге келгенде қозғалысынан жаңылып қалатын сияқты. Берік жүрген жерде береке мен сенім бар екенін мен еш жалтақсыз, жасандылықсыз, ешкімнен қорықпай, ешкімге жағымпазданбай айтып бере алам. «Жақсының жақсылығын айт» дегенді мен ойлап тапқам жоқ қой… Облыс әкімі Асқар Мырзаxметовтің істеп отырған сан мың жұмысы да осындай жігіттердің арқасында елге көрінеді, мұны мойындау керек. Әсілі, өзіме жақпаған-жақтырмағанды жерге кіргізіп жіберетіндей жек көріп жамандайтын адаммын, бірақ аты-жөнін еш жерге жазып емес! Өйткені өзі бір уыс қазақ бірін-бірі жек көріп кетпеуі керек. Қажеті не оның? Жақсылардың атын атап көрсетуден ешқашан жалықпағам. Ал адамды тірісінде шынайы құрметтейтіні, шынайы сыйлайтыны үшін Берікке алғыстан басқа айтарым жоқ және мұны ешқашан есімнен шығармаймын да.
Тірлігіне өте ұқыпты журналист ретінде кездесулер жайлы бұл жігіттердің өзінен ақпарат артылмайды, ненің қалай өтіп жатқанынан сол замат құлақтанып, көріп отырсыздар.
Ал менің үнемі апаммен бірге жүріп байқайтыным:
Халық РУХАНИ АШ! РУХАНИ АШТЫҚ жайлаған елді! Оған дәлел -апаның кездесуінен елдің үйге қайтуға асықпайтыны. Барлық жерде осылай. РУХАНИ КЕДЕЙЛІКПЕН күресетін кез келді, қазақ тек қазақ болғысы келеді (жалғасы бар).