Дертке дауа болған дұға
Адам баласы жаны қысылғанда ең бірінші Алладан демеу сұрайтыны жасырын емес. Әсіресе, дертіне дәрігерлер дауа таппағанда қасиетті орындарды аралап, Жаратқанға жалбарынады. Немесе балгер-бақсыларға барып, сенімнен адасады. Десе де, дертке дауа болар дұғалар бар. Оған біз Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылының тұрғыны Виталий Маханбетовтің басынан өткерген оқиғасын естіп, тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Виталийдің ішек жолы жарасы дертіне шалдыққанына жылға жуық уақыт өткен. Бастапқыда ол аты жаман ауруға шалдыққанын сезбеген. Асқынған дерт жанына бата бастағанда ғана барып кейіпкеріміз аурухана есігін қағады. Жергілікті жердің дәрігерлері диагнозды тап басып айта алмай, науқасты облыс орталығына жолдайды. Мұнда ол облыстық онкологиялық диспансерге жүгінгенде цитологиялық зертхананың қорытындысы «ішек жолы жарасы» деген диагноз қояды. Алайда, қосымша сынамалар алған дәрігерлер ота жасауға болатынын не болмайтындығын кейін айтатындықтарын түсіндіріп, шығарып салады. Міне, осы сәттен бастап Виталий күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылады. Тіпті, сарыуайымға салынып, төсек тартып жатып қалады. Әкелерінің мұндай күйге түскеніне жаны ауырған балалары түрлі тәуіптерге апарып, амалдап көреді. Бірақ, одан еш нәтиже шықпайды. Содан облыстық онкологиялық диспансер дәрігерлерінің шешімін сарыла күткенге шыдамаған қызы мен күйеубаласы киелі Түркістан өңірін бетке алып, жолға шығады. Мұндағы мақсат – қасиетті орындарды аралап, әкесінің дертіне шипа іздеу.
Сапар барысында 14 атаның зиратына аялдаған олар үш молдаға дертке дауа болар дұға оқып беруін өтінеді. Бір малды құрбандыққа шалдырған молдалар Құрандағы «Ясин» сүресін екі күн, екі түн оқиды. Яғни, олар осы сүре арқылы дертті қырық мың рет қайтарған екен. Белгіленген мерзім түгесілгеннен кейін молдалар бір Алланың күшімен дұғаның дуасы қонсын деген тілекпен Виталийдің қызы мен күйеубаласын шығарып салады.
Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, «Ясин» сүресі оқылғаннан кейін бір-екі күнде кейіпкеріміздің жағдайы оңала бастайды. Өздігінен төсектен тұрып, тамаққа да тәбеті ашылады. Бұны көрген жақындары Аллаға мың да бір шүкірлік етіп, дұғаның дуасы қонғандығын түсінеді. Ал, облыстық онкологиялық диспансерден «Ота жасауға болады» деген хабар жеткенде Маханбетовтер әулеті неде болса отағасын тағы бір мәрте тексеруден өткізуге бел буады. Ең таңғаларлығы, қан сынамаларын қайта зертханалық сүзгіден өткізген дәрігерлер өз көздеріне өздері сенбеген екен. Себебі, бір ай бұрын белгілері анық көрініп тұрған ішек жолы жарасының жазыла бастағаны байқалады. Мұндай аз уақытта аты жаман аурудың жазылуы мүмкін еместігін білетін дәрігерлер тағы қосымша зерттеулер жүргізіп, дерттің беті бері қарағанына көз жеткізіпті.
– Бастапқыда дәрігерлер түк түсінбей абдырап қалды. Тіпті, түрлі қондырғылармен тексеріп, әртүрлі сынамалар алып көрді. Кейін өзіме келіп мән-жайды сұрағаннан кейін қызым мен күйеубаламның Түркістанға барып, дұға оқытқаны туралы айтып бердім. Бұған таңғалған дәрігерлер «Құдайдың құдіреті» десіп жатты. Дегенмен, олар дертімнің беті бері қарағанымен, кез келген уақытта қайта асқынып кетуі мүмкін екендігін ескертіп, дер кезінде ота жасатып алуға кеңес берді. Мен жақындарыммен кеңесе отырып, операцияға келісімімді бердім. Қазір Құдайға шүкір, отам жеңіл өтіп, ем қабылдап жатырмын, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, бұдан кейін бір Тәңірдің мейірі мен құдіретіне сенбей көріңіз. Құранның жүрегіне баланатын «Ясин» мүбарак сүресі Меккеде түскен. Ол 83 аят, 727 калима және 3000 әріптен тұрады. Және сүйікті Пайғамбарымыздың хадистерінде Алла тағала «Таһа» мен «Ясин» сүрелерін көк пен жерді жаратпастан мың жыл бұрын оқығандығы айтылады. «Ясин» сүресінде жиырма берекет бар екен. Яғни, «аш оқыса тояды», «сусыз оқыса шөлін басады», «жалаңаш оқыса киінеді», «бойдақ оқыса үйленеді», «қорыққан оқыса батырланады», «ауру оқыса дертіне дауа табады», «қамаудағы оқыса бостандыққа шығады», «қонақ оқыса сапары сәтті болады», «бір затын жоғалтқан оқыса оны міндетті түрде табады», «қиыншылыққа тап болған адам оқыса одан шығар жол көрінеді» деген сынды жиырма жақсылыққа кенеледі. Тіпті, өлім аузында жатқан адамның жанында «Ясин» сүресін оқыса, оқылған сүренің әр әрпі үшін он періште жерге түседі екен. Ал, «Ясинде» үш мың әріп барын ескерсек, «осынша періште науқастың қасында сап түзеп, күнәлары үшін Алладан кешірім сұрайды» деген хадис бар.
Қалай дегенде де, дұға – Құдай сөзі. Сондықтан, бұл бір Алланың адам баласына деген шексіз махаббаты мен шапағатының көрінісі. Виталий орыс отбасында тәрбиеленгенімен, арғы аталары қазақ. Өзі мұсылмандықты қабылдаған. Үйлеріндегі балаларын қазақы дәстүрмен сусындатып, қызы қазақ отбасына келін болып отыр. Сол себепті, Маханбетовтер әулетінде қасиетті Ислам дінінің қағидалары берік ұсталады. Енді бұл отбасының ең таза, асыл дінімізге, Алла Тағалаға деген құрметі мен құлшылығы шексіз бола түсуде.
Саятхан САТЫЛҒАНОВ