Премьер-Министр екібастұздық ата-аналардың білім саласына қатысты пікірлерін тыңдады


Үкімет басшысы Екібастұз қаласының №36 мектеп-лицейінде білім беру саласының сапасы жөнінде ата-аналармен кездесу өткізді. Жиын басында Бақытжан Сағынтаев бүгінде білім саласында жаңашылдықтар көп болып жатқаны айтып, сол жаңашылдықтар жөнінде ата-аналардың пікірін білгісі келетінін жеткізді.

Екібастұз қалалық №10 мектептің қорғаншылық кеңесінің төрайымы Вера Патрахина баллдық жүйедегі баға қою мәселесін көтерді. Балалар күнделікті тапсырмаларға баға қойылмайтындықтан үйде оқуға деген ынтасы болмайтындығы белгілі болды. Осыған сәйкес бұрын цифрлық баға қоюды қайтару немесе екеуін қосу ұсынылды.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баллдық баға қою жүйесінің еш зияны жоқ екенін айтты.
— Баға тек білімге қойылу керек, — деді Ерлан Сағадиев. – Бұрын сандық баға қалай болды? Сыныпта бірдеңе бүлдіріп қойды ма ол балаға – 2. Үй тапсырмасын орындады ма – 5. Біреуді түртіп қойды ма – 2. Нәтижесінде бала пәнді қаншалықты жетік біліп тұрса да, тәртібі үшін алып қалған екіліктерінің себебінен тоқсандық қорытынды бағасы 5 болмай қалуы мүмкін. Керісінше, үй тапсырмасы үшін бестік баға алып алған бала біраздан кейін оқымайды. Өйткені қорытынды бағасы жоғары болады. Бұл баланың дамуын тежейді. Тәртібі үшін қойылған баға білімді бағалауға жатпайды. Сондықтан бұрынғы жүйе қайтарылмайды. Оған қоса, Білім және ғылым министрі алдағы жылдан бастап жылына 4 рет ҰБТ тапсыру жоспарланып жатқанын атап өтті.

Премьер-Министрі бағалау жүйесіне қатысты сараптама жасап ата-аналарға көрсету керектігін айтты. — Сараптама арқылы ата-аналарға түсіндіріп, кейін тағы сұрақтар туындамайтындай ету қажет, — деді Бақытжан Сағынтаев. – Бізді алға жетелейтін жаңашылдықты енгізсек, уақытша қиындықтарға төзу керекпіз. Сондай-ақ, бүгін мектепті аралағанда шахмат үйірмесі бар екенін көрдім. Облыс басшылығынан естуімше, өңірдегі барлық мектептерде шахмат үйірмелері бар. Бұл керемет жаңалық. Балалардың миы басқаша жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар, кездесу барысында заманға еру үшін кемінде үш тіл білу керектігі және электронды кітаптарды пайдалану мен кітапты мектепте қалдыру үшін шкаф қоюда ата-аналарға салмақ түспеу қажеттігі сөз болды.

Әлихан Рахметоллаұлы