Әкесіз күндер

Мына өлеңді әкемді сағынғанда жазған едім:
Әкесіз күндер

Қампайып сырттай жүргенмен,
жабықтым іштей езіліп.
Балаша мәз боп күлгенмен,
қайғыны жүрмін сезініп.

Әкесіз күндер зулауда,
бұл күндер маған тамұқтай.
Көңілдің гүлі қурауда,
жүремін қалай қамықпай?

Сағыныш серік жаныма,
көңілге медеу — жырларым.
Бастағы бақты тағы да
уақыт-ау, қалай ұрладың?

Өткінші екен бақ, ырыс,
көшті ғой бастан, тұрмай көп.
Өзекті өртер сағыныш,
жазылмай қалған жырдай боп.

Фәниде Алла пендені
сынайды екен мұң артып.
Әкенің таудай мендегі
бейнесі қалды мұнартып…

Үмітсіз, ойсыз жүр едім,
Иманға енді бағындым.
Сыздайды құрғыр жүрегім,
әкешім, сені сағындым!

 

Саят Қамшыгер