Қазақша оқуды қалаған Никита мен Лиза қазақ ұлтына қызмет еткісі келеді
Бұл егіздердің есімі – Никита және Елизавета. Ақсу қаласының 8 жастағы тұрғындары қазақ мектебінде оқиды. Бір ерекшілігі – тұрымтайдай балалар қазақ сыныбында оқуды өздері қалаған. Егіздердің қазақша оқимыз деген ниеттерінің таза болғаны сонша, қазақ тілін түсінбейтін ата-анасы да қарсылық көрсете алмапты. Балалар жайлы ести сала бірден Ақсу қаласындағы мектепке хабарласып, өздерімен тілдестік. Қазақ тіліне деген махаббаттары биік балапандарға деген ризашылығымыздан бөлек, билікте отырған кей шенділерімізге сабақ болсын деген ниетті арқаладық та егіздер жайлы жазуға асықтық.
Никита және Лиза Петрушиндер Ақсу қаласы №2 жалпы білім беретін мектептің 2-сыныбында оқиды. Бұған дейін «Балапан» қазақ балабақшасына барған. Тек орысша тілдесетін отбасынан қазақша сөйлейтін балалардың шығуы ерекше жағдай емес пе? Оның үстіне қазағынан орысы басым Павлодар облысында тұратыны тағы бар. Ал екі-ақ қазақ мектебі бар Ақсу қаласының тұрғындары Никита мен Лиза қазақша сайрап тұр.
Петрушиндер отбасында Лиза мен Никитадан өзге екі бала бар, алайда екеуі де мемлекеттік тілді меңгермеген. Аналары Ольга Борисқызы кәсіпкер, ал әкелері Евгений Владимирұлы ферроқорытпа зауытында пеш жөндеушілер бригадасының бригадирі.
Ольга Петрушина Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне балалардың қалай қазақша сөйлеп кеткені жайлы айтып берді.
-Екеуі өзара қазақша сөйлеседі. Тіпті, қашаннан бастап сөйлеп кеткендерін де байқамай қалыппыз. Бәлкім, ауладағы достары қазақ тілді болғандықтан шығар. Әйтеуір қазақ тілінде сөйлесіп отырғандарын байқап әкесі екеуміз егіздерімізді қазақ балабақшасына береміз деп шештік. Оны бітірген соң балалар қазақ мектебінде оқығылары келетінін айтты. Құдайға шүкір, сабақтарын жақсы оқиды, — дейді анасы.
Балаларының қазақ мектебінде оқитынына риза анасы кішігірім қиындықтарымен де бөлісті. Айтуынша, балаларға үй тапсырмасына көмектесуде қиналады екен. Ондайда сынып жетекшілері Гузаль Нұржанқызының көмегіне жүгінеді.
-Біз осы уақытқа дейін қазақша мүлде сөйлемеген едік. Балаларымыз қазақша оқимыз дегенде абдырап қалғанымыз рас. Себебі өзімізге ауыр болатындай көрінді. Үй тапсырмалары бар дегендей. Бірақ бәрінің жолын табуға болады. Маған үй тапсырмаларын орындауда ұстаздары Гузаль Нұржанқызы көмектеседі, — деді Ольга Борисқызы.
Егіздері жайлы сыр шертіп отырған анасының мақтаудан аузы босар емес. Бірақ біз естігіміз келген бір ауыз сөзді айтпады. Сөйтіп өзіміз сұрақты төтесінен қоя салдық.
-Айтыңызшы, балаларыңыз үшін қазақша үйренер ме едіңіздер?
Ольга Борисқызы сәл ойланып:
-Енді білмеймін. Уақыт өте келе үйреніп кетерміз, — деп жауап қатты.
«Балаларыңыздан үлгі алыңыз» деп ішімізден тіледік те, «Қазақ ұлты үшін аянбай еңбек ететін еліміздің мақтаныштары болсын!» деп дауыстап тілек айттық. Дей тұрғанмен өздері түсінбесе де, балаларын қазақ тілінде оқытқан ата-ананың батылдығына тәнті болдық. Ата-анасының қазақ тілде сөйлеп кетуіне әйтеуір бір күні балаларының септігі тиер деген үміттеміз.
Балалардың ұстазы Гузаль Нұржанованың айтуынша, Никита мен Лиза сыныптағы үлгілі, тәртіпті оқушылардың бірі. Сабақтарын 4 пен 5-ке оқиды. Екеуі де математиканы жақсы көреді, қазақ тілінен де үздік. Гузаль апай Никита мен Лиза оқитын сыныпты биыл ғана алған екен, сол себепті толық танып үлгере алмапты. Алайда сынып жетекші болып келген уақытта көздері жәудіреп отырған орыс ұлтының балаларын көргенде таңырқап қалғанын жасырмады.
«Сыныпқа кіріп келгенде екеуі бірінші партада отырды. «Қазақша сөйлей ала ма екен, сабақ өту қиын болмайды ма» деп ойладым да, танысып көрейін дедім. Қазақшалары мен ойлағаннан әлдеқайда жақсы болып шықты. Не керек, еріксіз риза болдым. Қуандым», — деп естелігімен бөлісті жас маман.
Лиза мен Никита сыныптастарымен жақсы араласады. Екеуі де спортқа жақын. Дзюдомен айналысады. Спорттың аталмыш түрінен жетістіктерге де жетіп үлгерді. Екеуі де 2017 жылы Новосибирскіде өткен жарыста 3-орын, Болгарияда 2-орын алды. Аудандық, қалалық жарыстардың бірде-бірінде дес бермей келеді. Жазда Лиза Ақсу әкімімен спорттық жарнамаға түсті. Небәрі 8 жастағы балақайлар Павлодар облысының мақтаныштары.
Павлодар десе, ойымызға бірден қоғам белсендісі, тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі сап етеді. Орысқұл билікпен қазақ тілінің мәртебесі үшін аянбай күресіп жүрген Рузаның жолын жалғап, орнын басатын Никита мен Лизалар барына қуаныштымыз. Қарапайым сұраққа қазақша түсінікті жауап бере алмайтын шенділер осы бүлдіршіндерден үлгі алса дейміз.
Әлеуметтік желінің арқасында бүгінде Никита мен Лиза Павлодар облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышына айналып үлгерді.
«Қамшы» сілтейді