Баян сұлу — Бай ана !

Аягөз азаматтарының шақыруымен ғылыми конференцияға қатысып, Серікзат бауырым ұйымдастырған жас ақындардың айтысына қатысып, Мұратбек досымды ертіп Тарбағатай өңірін аралап, Қозы көрпеш- Баян сұлуға тәу етіп келдік. Шағын экспедициямыздың жемісті жүруіне еңбек жасаған аудан әкімі Бақытжан, оқу бөлімінің басшысы Нұрғали сияқты елдің басшыларына, «Мұра» кітабының авторы Сапар ағамызға, тізгінші болған Ермекке, жанымызда шашпауымызды көтеріп жүрген басқа да азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз.

Баян сұлу — Бай ана !

Баян сұлу – көне дүниедегі жаратушы, хақ, құдай образының әдеби өңделген түрі. Бұл атаудың түп-тамыры «бай» қасиет, құт, байлық деген мағынада қолданылады. Байана – жер-су иесі, ол адамды, жер бетіндегі аң-құс, ағаш-шөп т.б. жарылқаушы негізгі күш, құдырет. Біз көбінесе «бай» ұғымының әлеуметтік мағынасына ғана көңіл аударып, оның сакралды негізін ескере бермейміз.
Біздің пікірімізше, «Байана» түркі-моңғол тілдес халықтардың көпшілігінде бар ұғым. Мәселен, Алтай төлеңгіттерінде (телеут, тілеуіт) ол аспан /көк/ құдайларының басшысы, ортақ атауы. Соның ішінде жиі қолданатыны «Тотай пайана» — найзағай, жаңбыр мен бұршақтың иесі, бұлт түрінде көрінеді. «Байанаға» баласы жоқ жандар сиынады, байананы «ене йайачы» деп атайды, оған арнап құрбандық шалады. Егер осыдан кейін балалы болса, онда «про него говорили «өрөгө пайанадан йайылған бала» т.е. сотворенный верхним божеством ребенок». Саха халқында осы ұғым «байанай» түрінде сақталған. Саха тілінің алғашқы сөздігінің авторы Э.К.Пекарский бұл үғымға «Байанай (состоит из тюркского бай+ана; сравните алтайское Пайана) — общее название духов, покровительствующих охотникам (звероловам) и рыболовам» деген анықтама береді.
Қазақ ішінде «байана» құдайына табыну ұмтылғанымен де биік таулардың бауырындағы үңгірлерге барып «байанаға» тәуәп ету, құрбандық шалу, сырқатқа шипа, баласызға перзент сұрау дәстүрі әлі жалғасып келеді. Сол себептен тау үңгірлерінің көпшілігі «әулие», Байананың қасиетті үйі есепті. Сондай қасиетті орынның бірі Баянауладағы Әулиетас (Қоңыр әулие) үңгірі. Н.Коншин «Баянауылдан Қарқаралыға дейін» деп аталатын жол жазбасында Әулиетасқа табынып, түнеп жатқан, зияратқа келген адамдарды, олардың қой сойып құрбандық шалғанын, үңгірдің ішінде шырақ жағып, соның лапылдаған жалынына «шомылатынын» жазды.
Этнографиялық деректер «байана» образының түркі-моңғолдың телеуіттен басқа челкан (шалқан), құманды, шор, якут (сақа), бурят, қалмақ, моңғол т.б. арасында кеңінен тарағанын сипаттайды. Қазақ тіліндегі «бәйтерек», «бәйшешек», «байғыз» /байқұс/, «бәйбіше», «бәйтөбет» т.б. ұғымдар қалай болғанда да «бай /байана/» сакралдық мағынасына тікелей байланысты болса керек. Ол үлкендікті, қасиеттілікті білдіреді. Жиі қолданылатын сөздің бірі «баян» – құтты, берекені, молдықты білдіреді және байана сөзінен тікелей туындайды. Бұл жерде «байана» қасиетті «Жер-сумен» тікелей байланысты болғандығын, Тәңірінің сепкен дәнін өсіріп-өндіріп шығаратын ана есепті екенін ұмытпау керек. Этнографиялық деректер түркі-моңғол халықтарының Байана, Ұмай ана, Май ана деп атап жүргендерінің бір ғана ана құдайы екенін анықтайды.
Қазақтың ішінде сақталған «ой-бай» сөзінің мағынасы тек Байана ұғымы арқылы ғана түсінікті болады. «Ойбай» Байананы көмекке шақыру, жалбарыну, толық нұсқасы «Ой-бай-ана». Ал енді ісләм уағызшыларының (молдалардың) «ойбай» сөзіне байланысты «шайтанның атын атама, бісміллә де, тіліңді кәлимаға келтір» деуі, Байана атының ұмытылуына ісләм дінінің тікелей ықпалы бар екенін көрсетеді. Шындығында да, Сібір түркілерінің әлі күнге есінде жүрген «Байана» қазақтың ішінде тек «Баян сұлу», немесе одағай «ойбай» түріңде сақталуы ісләм дінінің тікелей ықпалының нәтижесі.
Көне заманда «байана» ұғымының географиялық және этникалық шекарасы Еуразия құрлығын түгел қамтып жатты. Бұл ұғым тек түркі-моңғолда ғана емес үнді-еуропа, финно-угор, семито-хамит т.б. тіл семьяларында кеңінен тараған. Бірақ толық мәнін тек Орталық Азия халықтары сақтап қалды.
Ендеше Баян сұлу бейнесіне негіз болған Байана Жаратушы образы ретінде ондаған мыңдаған жылдар, ал Баян сұлу образы ретінде 1000 жылдан астам өмір сүрді.
Баян сұлудың тарихы міне осылай!

Жамбыл Артыкбаев фб парақшасынан